«Баспасөз – 2014» «АТЫРАУ» – АЙМАҚТЫҢ АЙБАРЫ

Газет  оқырмандарының  ойлары,  пікірлері  мен  ұсыныстары

 

Жаста берген тәрбие...

Мен ұзақ жыл бала оқытумен айналысқан ұстаз адаммын. Сондықтан, сүйікті «Атырау» газеті тұрақты көтеріп жүретін бала тәрбиесі мәселесі маған жат емес.

Ұстаз бола жүріп, мен осы басылымға талай рет мақала жазып отырдым. Ол мақалалардың бәрі газет беттерінде жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.

Қазір баспасөзге жазылу науқаны басталып кетті. «Атыраудың» қарт оқырманы әрі авторы ретінде жаңа оқырмандардың көп ойланбай оған жазылуларына кеңес беремін. Өйткені, олар бұл үшін ешқашан өкінбейтін болады.

Сәбила ЖҰМАЕВА,

ардагер педагог,

Атырау қаласы. 

 

 Ұлық та кішік басылым

Адам болған соң өз өміріңді мерзімдік басылымсыз елестете алмайды екенсің. Мен де ұзақ жылдан бері облыстық газетті жаздыртып алып оқып жүретін тұрақты оқырманмын. Ара-тұра көкейімде жүретін ойлар мен пікірлерді қағазға түсіріп, редакцияға жолдаймын.

Бірде жолдаған хатымнан ұзағырақ хабар болмай қалды. Мен оның редакцияға жеткенін де, жетпегенін де білмедім. Содан «нар, тәуекел!» деп, газеттің бас редакторы Исатай Балмағамбетов ініме телефон шалдым. Сау болсын, ол да өз орнында бола қойды. Менімен байырғы танысындай жылы сөйлесіп, шаруамды асықпай тыңдады да: «Апа, айтуыңыз орынды. Қазір түрлі мәдени-көпшілік шаралар көбейіп кетіп, өзіңіз секілді оқырмандарымыздың хаттары кешігіп жатыр. Бізге жіберген хатыңыз міндетті түрде шығады, оған қам жемеңіз. Алдағы уақытта да хабарласып тұрыңыз!» – деді. Айтқандай, кейіннен мақалам газет бетінде жарқырап шықты.

«Атыраудың» әр санын асыға тосып, әр нөмірінен жақсы мақалалар күтеміз.

Сара АЛПЫСҚЫЗЫ,

еңбек ардагері,

Құрманғазы ауданы. 

 

Ұяда не көрсең…

Біз отбасымызбен бұрынғы «Коммунистік еңбек», қазіргі «Атырауды» асыға күтеміз.

Өйткені, бұл газет – өзіміздің қазақы қанымыз бен жайдары жанымыз бар, соларға қоса салиқалы ойы мен айтар ақылы бар газет. Себебі, газетте отбасы, ана мен қыз, ене мен келін, ұл мен әке арасындағы туыстық байланыстар тереңнен толғанады. Ал, соңғы кездері бұл басылымның «Шаңырақ» қосымшасында да мазмұнды материалдар берілетіні қуантады.

Мен көп балалы ана, әже, ене ретінде барша қазақ отбасының «Атырауды» алып оқуына кеңес беремін.

Айман АҚБЕРДИЕВА,

«Алтын алқалы» ана,

Жылыой ауданы.

 

«Газеттің  көмегімен жалақылы болдық»

Біз кезінде еңбекақымызды уақытында ала алмай, «Атырау» газетінен көмек сұрай барған едік.

Сонда бізді оның тілшілері қабылдап, кейіннен көлемді мақала жариялады. Осы мақаладан кейін басшылар басқаша кейіпке еніп, айлап бермей жүрген жалақымызды үш-төрт күнде беріп болды. Сонда біз газеттің құдіретіне шынымен бас идік.

Салауат ИМАН,

Қадыржан БЕГЕЙ,

Маңғыстау облысының

тұрғындары.

 

«Атыраудың» араласуымен үй алдым»

Қазіргі күні адам тамақ пен киімнен емес, басында баспанасы жоқтықтан қиналады. Мен де осындай тығырыққа тіреліп, жанымды қоярға жер таппай жүрген жанның бірі болатынмын. Осыдан біраз жыл бұрын редакцияға хат жолдап, жағдайымды айттым. Өзім төсекке таңылған кісі болғандықтан көп балалы әке-шешемнің бір бөлмесінде қос ұлыммен тұратынмын. Сол үйге газет тілшісі Лиза Сейтімова келді. Менімен жүздесіп, ұзақ сөйлесті. Көп кешікпей газетке мен туралы, менің жанайқайым жайында жазылған көлемді мақала жарияланды.

Не керек, осыдан кейін сең жүрді. Маған баспана берілді! Сондағы қуанышымды көрсеңіз ғой!.. Жылдар жылжып, ұлдарым ержетті, үйленді. Бүгінде қос келінге ене, бірнеше немереге әже болып отырмын. Қанша жыл өтсе де, мен сүйікті газетімнің, оны шығарып отырған ұжымның еңбегіне бас иемін, жатсам-тұрсам солардың тілеуін тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер, халық жанашырлары!

 

Әлия ИСИМОВА,

бірінші топ мүгедегі,

Бірлік ауылы.

 

Ауылдағылардың бағдаршамы

Облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың бірі – осы біздің аудан. Қара танып білген күнімізден облыстық газетпен бірге келе жатқандықтан да ол бізге сондай ыстық. Тіпті үйге кешігіңкіреп келмей жатса, жұмыстан оралмай жатқан баламызды іздегендей күйге түсеміз.

Жасырып қайтеміз, бүгінгі газеттің дизайны да, материалды беруі де жаңаша сипатта. Оның үстіне түрлі тақырыпты қозғайтын қосымшалары да бар. Айталық, біз секілді шалғай ауыл-селоларда тұратын оқырмандар заң, сұрақ-жауап, бизнеске қатысты мәселелерге аса ден қояды. Солардан өздеріне қажетті жауаптар табады. Алдағы уақытта «Атыраудың» тұрақты оқырманы көбейсін деймін.

 

Шанықұл НОҒАЙБАЕВ,

ардагер ұстаз,

Сағыз стансасы,

Қызылқоға ауданы.

 

Топтаманы дайындаған Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз