БАС ЖОСПАР – БАСТЫ БАҒДАР

Атырау қаласының бас жоспарына қатысты, жалпы қаламыздың болашағы жайлы мәселелер төңірегінде қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Слемғали СМАҒҰЛОВПЕН әңгімелескен болатынбыз.
- Слемғали Орынғалиұлы! Президент жариялаған 5 реформа мен оған жеткізер 100 қадам – мемлекетті мұратына жеткізер басты құжат. Осы орайдағы пікіріңізді білсек...

– Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалдық реформасынан туындайтын 100 нақты қадамы баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет қалыптастыру жолы болып табылады. Бұл құжаттағы мәселелердің жүзеге аса бастауының өзі түбегейлі айқындықты көрсетеді.
– Бұл бастама өзіңіз қызмет етіп отырған сала бойынша қалай жүзеге асырылуда?
– Қазіргі басты міндет Атырау – Астрахан көлік жолын қайта жаңғырту. Міне, осы жерде біз оған өз тарапымыздан қандай үлес қоса аламыз?
Бүгінде Атырау қаласының бас жоспары қайта жаңартылып, оның жобасына қалалық және облыстық мәслихаттардың мақұлдау келісімдері алынып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне ұсынылу үшін республикалық деңгейдегі құзырлы мемлекеттік органдардың келісімін алуға жолданды. Бас жоспарда Атырау – Доссор көлік жолынан Томарлы – Ақсай маңынан Жайық өзеніне жаңа көпір салу арқылы Атырау – Орал автотрассасын кесіп өтіп, Атырау – Астрахан көлік жолына қосылатын магистральды автотрасса салу қарастырылып отыр.
Осы тұрғыда мен Атырау қаласының мақұлданған бас жоспарының қалаға қарасты ауылдық округтердің елді мекендерін, аумағын толық қамтымағандығын атап өткім келеді. Ол туралы жобаға тапсырыс беруші облыстық басқармаға өз наразылығымды білдірдім де.
Неге десеңіз, бүгінгі Атырау қаласы 5-7 жылдан кейін 350 мыңнан астам халқы бар қалаға айналады. Махамбет ауданының Береке, Алмалы аумағы қалаға қосылуға жатады. Атырау-Астрахан трассасы бойын Томан темір жолы бекетіне дейінгі аумақты қалаға қосса да артық болмайды, себебі бұл бағыт агроөнеркәсіп саласын дамытуға ыңғайлы. Осы кезде қаланы оған қарасты 9 ауылдық округке бөлмей, республиканың ірі қалаларындағыдай кем дегенде екі аудандық әкімдікке бөліп (Самар және Бұқар беті) басқару қажеттігі туындайды деп ойлаймын. Сол кезде қалаға іргелес аталған аумақтардың қаламен байланысын айқындайтын бас жоспарының қажеттігі туындайды, оны осы кезден шешу қажет.
– Осы жағдай бұған дейін дайындалған бас жоспардың Үкіметте бекітілуіне кедергі болуы мүмкін емес пе?
– Әбден мүмкін. Оған мысал – 2007 жылғы қайта дайындалған қаланың бас жоспарының Үкіметтің бекітілуіне жетпей қалуы. Сол кезде оның оң шешімін алуына «Тұрғын үй қалашығы» («Жилгородок») тұрғындарының наразылығы себеп болған. Өйткені, аталған қалашық еліміздің республикалық деңгейде қорғауға алынған сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Бүгінгі күнгі осы қалашық арқылы Жайық өзенінен салынған көпірге өтетін көлік жолы ондағы тұрғындарының наразылығын туғызып, республикалық деңгейге дейін жеткен болатын. Және ол негізсіз емес, ондағы бір-бірімен үйлесімді жобаланып байланысын тапқан ғимараттар сәулеттілігімен тартымды қалыптасқан.
Ал, қазіргі Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы – тек қана сыртқы келбетімен емес, ішкі құрылымдары және акустикасымен ерекшеленіп салынған республикадағы бірден бір ғимарат. Мұндай кешен келешекке тек қана сәулет өнері емес, қаламыздың қалыптасу тарихын еске салу тұрғысында сақталуы қажет.
– Дегенмен, мұндай ескі ғимараттарды бүтіндей сақтап қалу мүмкін емес қой.
– Дұрыс айтасыз. Сондықтан, қала аумағындағы осындай тарихи және сәулеттік құндылығы бар нысандардың тізімін шығарып, арнаулы кәсіпорындар арқылы олардың техникалық жағдайын анықтап алуымыз қажет.
– Тағы да ескі ғимараттар туралы. Қалада орталық даңғылдар мен көшелер бойында, сондай-ақ, «ескі қала» аумағында 50-70 жыл болған қаланың сәнін бұзып тұрған жеке үйлер және ескі ғимараттар бар ғой, олар қалай бұзылады?
– Қазіргі мезгілде қала аумағында бүгінгі күннің заманауи талабына сәйкес қалыптастыратын нысандар салуға инженерлік жүйелермен қамтылған жер учаскелері тапшы екені белгілі. Сондықтан, қаланың бас жоспарында келешекте көп қабатты тұрғын үйлерді, балабақша мен мектептер, денсаулық сақтау нысандары, спорт, ойын-сауық кешендері, жаңа стадион мен жаңа мешіт, т.б. салу қаланың 50 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған ескі ғимараттарды, соның ішінде жеке тұрғын үйлерді күреу арқылы іске асырылуы қарастырылған. Ол үшін алдымен қаланың бас жоспарына сәйкес басты даңғылдары мен көшелері Құрманғазы, Махамбет, Бейбарыс (бұрынғы Әлиев және Сатыбалдиев), Исатай, Молдағұлова, т.б. бойы мен аумағында жеке тұрғын үйлерді қайта салуға тиым салу қажет. Ал, «ондағы тұрып жатқан тұрғындарды қайтеміз?» деген сұрақ туындаса, оған төмендегідей ұсыныс беремін.
Алдымен, оларға қала маңындағы жаңадан қалыптасып жатқан, инженерлік жүйелермен толық қамтылған, тұрғын аумақтардан жер учаскелері ұсынылуы қажет. Сондай-ақ, күреудің тағы бір жолы – бұған инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту. Себебі, соңғы кезде қалада ұсақ-түйек (1-3 қабатты) сауда, мейрамхана, көлікке қызмет көрсету, т.б. қалаға сәулетімен сән бере-бермейтін, бір-бірімен үйлесім таппайтын жеке нысандар көбейіп кетті. Сондықтан, мен кәсіпкерлерге бірнешеуі бірігіп, кем дегенде екі-үш ескі жеке тұрғын үйлерді жер учаскесімен сатып алып немесе оларға пәтер алып беріп, орнына көп қабатты жалдамалы тұрғын үй, қонақ үй, ірі сауда, ойын- сауық кешенін, балабақша, т.б. нысандар салуды ұсынамын. Бұл жерде оларды инженерлік жүйелермен қамтамасыз ету жергілікті бюджеттің есебінен жүргізіледі және бұл қаланың бас жоспарын іске асырылуын жеделдететін болады.
– Бас жоспардың маңыздылығын немен түсіндіресіз?
– Бас жоспар – ол қаламыздың келешегін барлық сала бойынша қамтитын құжат. Ал, бас жоспардың Үкіметтің, облыс, аудан мәслихаттарының мақұлдауымен бекітілгенін және оны жобалауға миллиондаған қаражат жұмсалғанын ескерсек, жоспардан ауытқу заң бұзушылық болып табылады. Бірақ, іс жүзінде бекітілген жоспардың мүлтіксіз іске асуын бақылап отырған нақты құзырлы орган жоқ. Онсыз өткен кезеңдер көрсеткендей, бекітілген бас жоспардың белгіленген мерзімінен бұрын тозуының (сақталмауының) (мысалы: айдалаға салынған кітапхана, көлік жүрмейтін көпір, жоғалған саябақтар, жөн-жосықсыз жекелерге берілген жерлер, т.б.) тағы да куәсі боламыз.
– Жалпы, құрылыс салу тәртібі қалай жүргізіледі? Соңғы кезде көрші мен көршінің құрылыс салуға немесе біреудің жерінің басқа біреуге беріліп кетуіне байланысты арыз-шағымдары редакцияға да келіп түсуде…
– Сауалыңыз түсінікті. Бұл арада екі жағдай бар, біріншісі азаматтардың, тіпті заңды тұлғалардың өзі құрылыс салу тәртібін жете білмеуі болып табылады. Себебі, «бұл менің өз жерім оған қандай құрылыс немесе қалай салсам да өз еркім» деп түсінетіндер аз емес. Бұл жерде қолданыстағы заңнамалармен толықтай танысу керек.
Яғни, жоғарыдағыдай жағдайда қандайма тұлға болмасын қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жазбаша өтініш беруі керек. Ал, бұл талапты сақтамаған жағдай өз бетінше құрылыс салу болып табылады және оның әкімшілік жазаға әкеліп (айыппұл төлетуге немесе бұздыртуға) соқтыратынын меншік иелерінің қаперлеріне беремін. Және де жақында жауған нөсер жауын салынған ғимараттың ұзақ тұруы оның іргетасына байланысты екенін көрсетті. Ол неғұрлым биік және сапалы салынса, солғұрлым табиғаттың тосын жағдайына төзімді болады. Осыны да ескеру қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз