БАЛАБАҚША ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ!..

Облыс және шаһар басшылары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Нұрлыбек Ожаевтың қатысуымен өткен жиында Еркінқала селолық округінің әкімі Ерғали Тапанов тұрғындар алдында есеп берді.

Ауыл басшысы қол жеткен жетістіктермен қатар, бірқатар проблемаларды да қозғады. Мәселен, өткен жылы мұнда 60-тан астам қылмыс орын алған. Солардың дені бөтеннің мүлкін тонау, ұрлықпен байланысты болып отыр. Асфальт төселген көшелердің жанында жаяу жүргінші жолдары қарастырылмай, аялдамалар салынбаған. Жылдамдықты шектеу құралдары орнатылмағандықтан қозғалыс қауіпсіздігі сақтала бермейді.

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев округ басшысының алдында ауылдағы ескірген ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, кәдеге жарату қажеттілігіне және қаржы мүмкіндігіне қарай жаңасын салу, кейіннен бой көтерген тұрғын үйлер мен мөлтекаудандарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен жабдықтау, тәртіптік ахуалды жақсарту мен денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жетілдіру, мамандармен қамтамасыз ету сияқты міндеттердің тұрғанын айтты.

Тұтастай алғанда, округ әкімінің есебін мақұлдаған тұрғындар ұсыныстарымен де бөлісті, сауалдарын жолдады. Мысалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Дәлдірбаев ауылдағы шаруаның өрісін кеңейтіп, жермен жұмысты жандандыру үшін әлеуетті инвесторлар тартылса деген тілегін жеткізсе, «Балауса» елді мекенінде тұратын зейнеткер Ағиба Омарова көшелерінде тас жол мен түнгі жарықтың жоқтығы қолайсыздық туғызатынын жеткізді. Осы мәселеге Еркінқала ауылының тұрғыны Қамажай Нұғманова да назар аударды.

Жиналысты қорытындылаған аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдардың қай-қайсысын да орынды деп есептейтіндігін ашық айтты. Еркінқала ауылдық округінде биыл жаңа мәдениет үйі мен балабақша құрылысының басталатындығын, ал ескі клуб ғимаратының орнынан балалар музыка мектебі тұрғызылатынын, одан басқа да ойластырылған жоба-жоспарларды біртіндеп жүзеге асыру көзделіп отырғандығын айтты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз