«БАБАДАН ҚАЛҒАН АМАНАТ»

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына

арналған концерт осылай аталды

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Бабадан қалған аманат» атты қала көркемөнерпаздарының есептік концерті өткізілді. Аталмыш іс-шара биылғы еліміздің елеулі мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойына арналып ұйымдастырылды.

Концертке қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаев былтырғы жыл ел өміріндегі есте қаларлық оқиғаларға толы болғандығына тоқталды.

– Күннен-күнге қаламыз көркейіп, гүлденіп келеді. Әсіресе, өткен жылы өңірдің сәулетіне сәулет қосқан тарихи-мәдени ескерткіштермен толықтырылса, биылғы жылы  Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш орнатудың да ұрпақ үшін берер тәлімі зор болмақ.  Сондай-ақ, қаладағы Авангард ықшамауданында орналасқан №1 қалалық кітапхананың күрделі жөндеу жұмыстарының құжаттары жасақталып, биылғы жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Жұмыскер, Ақсай, Қайыршақты, Жаңаталап, Еркінқала ауылдарынан мәдениет орталықтарының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, құрылысын салу үшін құжаттары демеуші компанияға берілді. Бүгінде мердігері анықталып, биылғы жылы басталатын болады. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асып жатқан игілікті істер екені ақиқат.  Биылғы жыл – мемлекетіміздің жасампаз саясатымен ұлт пен ұлыстардың бірлігінің ұйытқысы болған қазақ халқының абыройын асқақтатқан Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы. Біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, өткенге тағзым, бүгін мен болашаққа деген үміттің жылы болмақ, – деді шаһар басшысы.

Осынау тарихи оқиғаға үн қосқан атыраулық өнерпаздар алғашқы ән шашуын арнады. Сахнада ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған халық әндері, күйлері, халықтық билері де көрініс тапты. «Жұлдыз» халық би ансамблінің «Аманат» биі, Мерей Қабдоловтың орындауындағы «Домбыра туралы баллада» әні, Мейірім Исламғалидың  «Қазақстан, алға!» әндері көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Скрипка, саксафон, домбыра аспабының сүйемелдеуімен қазақтың ұлттық әндерімен қоса, әлемдік деңгейде танылған шығармалар да халық назарына ұсынылды.

Өнерпаздар концертінің соңында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінен құралған «Фронтовичка» халықтық хоры Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.

 

Концерт соңында көрермендердің де пікірін білген едік:

 

Венера Машанова, Еркінқала балалар саз мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы:  

 

 – Тәуелсіздік жылдары мұнайлы аймақ мәдениетінің дамуына біздің ұжым зор үлес қосып келеді. Өнер саласында талантты жастарды тәрбиелеп келе жатқаныма биыл – жиырма жыл. Қазіргі уақытта Қазақстанды көптеген ел біледі. Балаларды шетелге өнер көрсетуге апарып жүргенде осындай еліміздің танымалдығына куә болдым. Бүгінде әлем елдері қазақ халқының ұлттық өнеріне тамсанады, құрметпен қарайды.

 

Жәнібек ДАУЫМОВ, әнші:

 

–    «Бабадан қалған аманат» атты өнерпаздар концертінің мәні өте зор. Қазір қаламызда дарынды жастар көп. Дегенмен,  оларды халық біле бермейді. Осындай кең көлемдегі концерттер олардың жұртшылыққа танылуына мүмкіндік ашады. Осындай шаралар жиі өтіп тұрса, жастардың арасында ұлттық әнге деген қызығушылығы оянар еді. Өзім де осындай сахнада үш-төрт жыл бұрын ән айтып, халықтың қошеметіне бөленген едім. Елдің батасын алу  үлкен жауапкершілікті жүктейді.

 

Нұргүл НАСЫР.

 

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.  

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз