Қажығали Мұханбетқалиұлы: «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – өткенді ұмытпау»

2a2fb90fcff3be43aa2c4b8264445db7 Қоғам

2a2fb90fcff3be43aa2c4b8264445db7

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы елімізде тың серпін туғызып отыр. Аталған мақала аясында үлкен жұмыстар жүруде. Рухани жаңғыру туралы таратып айтып кетсеңіз.

– Елбасының мақаласы ұлттық құндылықтарды ұлықтауды, дәріптеуді мақсат тұтып отыр. Осы орайда «Тар кезең» романы да рухани жаңғыруды паш ететіні ақиқат. Туынды — халқымыз бастан өткерген ұлы жолды, қиын шақтарды сабақ ете отырып, қазақ халқының белгілі тұлғалары жайлы жазылған роман.  Мен бұл туындыны 25 жыл жаздым. Халқымыздың азаттықты аңсаған арманын, соны мұрат тұтқан көтерілісшілерді, тарихи тұлғаларды кейіпкер еттім. Мәселен,  1785 жылғы 21 қыркүйекте Ақтөбе облысындағы Елекке құйып жатқан Жіңішке деген өзеннің бойында хандық кеңесі құрылады. Оған Әлім Сегізбай би, он екі ата бай ұлынан шеркеш Тұрманбет Мұсылман би, табын Бөкенбай баласы Тіленші би сайланған. Төбе би — Сырым. Ақыл-кеңесшілер – кете Көккөз би мен ысық Қаратау би. Осы бұрын әдеби айналымға түспеген тұлғаларды архив деректерінен тауып, олар туралы мәлімет жинадым. Оның бәрін бойыма сіңіріп, роман жазғанша ширек ғасыр уақыт өтті. Оған өкінбеймін. Өйткені, Сырым батыр сияқты азаттықты аңсаған тұлғаны халыққа қайтардым. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі — өлгенімізді тірілту, өшкенімізді жандыру, жоғымызды түгендеу емес пе?!

Сонымен қатар, бүгінгі таңда латын қарпіне көшу туралы да сөз болып жатыр. Дер кезінде қолға алынған іс. Жан-жақты сараптаудан өткен шешім. Бұл да ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Романыңызды жазуға ширек ғасыр уақыт өтті деп отырсыз. Алғашқы тараулары қашан дүниеге келді? Мерзімді баспасөзде жарық көрді ме?

– «Тар кезең» романының бірінші тарауы 1992 жылы «Жалын» журналында жарияланды. Бүкіл елді аралап мәлімет пен дерек іздедім, архивтерді қопардым. Содан кейін оны көркем дүниеге айналдырдым.

Романдағы кейіпкерлер — тарихи тұлғалар. Олар туралы құжаттар архивтерде бар ма?

– Әрине! Олар туралы құжаттар Орынбор архивінде сақталып, кейін ұлттық архивке көшірілді. Әлбетте, орыстар бізге архив материалының бәрін бірдей бере қойған жоқ. Алайда, романдағы билердің татар тілмәштары болған. Олар екі жаққа қызмет еткен. Мәселен, болыс-билердің губернаторларға, патша ағзамға жазған хаттарын жазып берген, сонымен қатар, патша өкіметінің губернаторларына бұлар туралы мәліметті де беріп отырған. Қайда барды, кіммен кездесті, не деді, орыс патшасына көзқарасы қандай, соның бәрін хатқа тізіп жөнелтіп отырған. Мұрағатта қаттаулы тұр. Осылар менің кәдеме жарады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз