АУЫЛДАҒЫ АГРОФИРМАЛАР АДЫМЫ

Тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып, экономикасының өркендей түсуіне серпін беретін ең ірі сала.  «Ауыл шаруашылығын өркендету – басты міндетіміз» тақырыбында өткен жиында бұл туралы кеңінен айтылды.

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Махмут Нығыметұлы баяндама жасады.

– Ауданда ауыл шаруашылығының 90 пайызын мал, 10 пайызын егін шаруашылықтары құрайды. Ауданның 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 549 ауылшаруашылық құрылымы жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде 538 шаруа қожалығы, алты серіктестік және бес кооператив бар.

Аудандағы  тағы бір жетекші сала – балық шаруашылығы. «Каспий – Балық» кооперативінің №1 Шортанбай балық цехы ауланған балықты ыстап, тұздап-кептіріп, өңдеп, еуростандартқа сәйкес облыс көлеміне және шет елдерге шығаруда. Ауданда балық шаруашылығы саласындағы республикалық тендер қорытындысымен лимит алған  «Каспий – Балық», «Ақсу – Қиғаш», «Ш.Сүлейменов», «Сәрсенбаев» шаруашылық нысандары бар. Сонымен бірге, Қиғаш өзенінің теңіз аузындағы саласын қазып тереңдету, балық жүретін негізгі каналдар бойын  тазалау, су өсімдіктерін шабу, шабақ құтқару жұмыстары жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жыл сайын жанданып, кәсіпкерлер саны 2089-ға жетіп, 147-ге өсіп  отыр.

Жиында аудан әкімі Амангелді Барақатов Ганюшкин, Сүйіндік, Шортанай, Ақкөл, Байда ауылдық округтері әкімдеріне жаңа МТЗ-82 маркалы техникасының кілтін табыстады. Сонымен қатар, «Рсай» шаруа қожалығының аға жылқышысы С.Сабиров, «Каспий таңы» ӨК балықшысы А.Химеденов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің есепшісі Р.Ғабитқызы, «Сатхан» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Сатханов, «Мақаш» ӨК бас мал дәрігері И.Галиев облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринарлық басқармалардың Алғыс хатымен марапатталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгілерімен Азғыр ауылдық округінің шопаны А.Қадыров, Дыңғызыл ауылдық округі ветеринариялық бөлімшесінің меңгерушісі Ә.Сарбалин, Бірлік ауылдық округінен С.Аманғалиев, Ганюшкин ауылдық округінен Н.Сисенәлиев, Теңіз ауылдық округінен Т.Баймұханов, ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен «Сандуғаш» шаруа қожалығының бригада жетекшісі А.Еділбаев, Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясының жетекші маманы А.Касимов марапатталды. Ал, І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісі Бірлік ауылдық округі «Каспий – Балық» ӨК балықшысы З.Исмахов, Құрманғазы аудандық жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы Н.Тілепбергенов, аумақтық инспекцияның бөлім басшысы А.Құрманғалиевтерге табысталды.

Руфина Темірғалиева,

 меншікті тілші,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз