«АТЫРАУДЫҢ» ЖАҢА ҚОРҒАУШЫЛАРЫ

Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында «Атырау» командасы қорғаушылар Абдель Азиз Ламанж Нгапу және Алексей Мулдаровпен келісім-шартқа қол қойды.

Стасбург қаласындағы футбол мектебінің тәрбиеленушісі Абдель Ламанж бұған дейін ярославтық «Шинник» командасының сапында ойнаған.

Оның ең алғашқы кәсіби клубы франциялық Лига 2 біріншілігінде ойнаған «Гренобль» болды. Өз Отанында екі маусымнан астам уақыт бойы өнер көрсеткен Ламанж кейін Ресейге барып, «Шинник» клубының басшылығымен келісімге келді. Мұнда ол 2011 жылдан бастап екі жыл қатарынан ойнап, «Роторға» ауысты.

Ал, Алексей Мулдаров – Владикавказдық футболдың тәрбиеленушісі, орталық қорғаушы позициясында ойнайды.

Отыз бір жастағы қорғаушы Ресейдің «Моздок», «Краснодар–2000», «Губкин» және «Мордовия» клубтарының намысын қорғады. Ал, осыдан үш жыл бұрын Қазақстанға келіп, көршілес «Ақтөбе», қызылордалық «Қайсар» және қарағандылық «Шахтердің» жейделерінде жасыл алаңға шығып жүрді. Жалпы алғанда, Қазақстан чемпионатында Мулдаров 69 ойын өткізіп, үш рет гол авторы атанды.

Кәсіби мансабында Алексей Ресейдің «Мордовия» командасы құрамында ІІ дивизион жеңімпазы (2009 ж.), және І дивизион чемпионы (2011-2012 ж.ж.),  «Ақтөбе» командасында 2013 жылы Қазақстан чемпионы атанса, араға бір жыл салып, ел суперкубогын еншіледі. Сонымен қатар, жартылай қорғаушылар Валерий Коробкин, Павел Шабалин және Вячеслав Шарпар енді Атыраудың намысын қорғамақ.

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз