АТЫРАУДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР

Демалыс күндері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Жайық» спорт кешенінде әскери және спорттық самбодан екі күндік халықаралық турнир өтті. Жеті мемлекеттің мықты спортшыларының басын қосқан байрақты бәсеке Қазақ хандығының 550 жылдығына орай және облыстық полиграфия саласына еңбегі сіңген азамат Мырзабай Тоғаевты еске алуға арналды. Сайысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресей Федерациясы, Шешенстан, Дағыстан, Қалмақ, Якутия елдері спортшылары және отандастарымыз қатысты.

Дода басталмас бұрын республикалық әскери және спорттық самбо федерациясы басшылары және Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, Еңбегі сіңген спорт шебері, жерлесіміз Арман Шылмановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Басқосу барысында аталған спорт түрі ассоциациясы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

– Бұл құжат спортты дамыту, спортшылардың көкейкесті мәселелерін шешу  мақсатында қолға алынған келісім шарасы болатын. Бүгінгі турнир – әлем чемпионаты қарсаңындағы маңызды додалардың бірі. Жалпы самбо спорты Азия ойындары қатарына кірді, – дейді Арман Шылманов.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұржан Ермұханов турнир қонақтарына «қош келдіңізін» айтып, мұндай доданың жастарды патриоттық тәрбиелеуге, спорттық деңгейін арттыруға зор септігін тигізетінін жеткізді. 

Екі күндік дода нәтижесінде 62 келі салмақ дәрежесінде жерлестеріміз Наурызбек Мусин, Шынболат Хасанов пен Талғат Жұмағалиев үздік үштікке ілігіп, жүлдені қолдан бермеді. Сондай-ақ, 68 келі салмақ дәрежесінде белдескен атыраулық Эрман Майлашев қола медаль еншілесе, 82 келі салмақта Рустамбек Жирекшиев күміс жүлдені иеленді.

Көршілес батыс  қазақстандық самбошылар төрт алтын, екі күміс медаль жеңіп алса, қызылордалық Амангелді Арысов пен Мақсат Нұрәлиев жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, Сыр елінің спортшылары екі күміс және бір қола жүлдеге қол жеткізді.  Елордалық, ақтөбелік және ресейлік спортшылар да жүлдесіз қалмады.

Айгүл сОЦИАЛҚЫЗЫ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз