«АТЫРАУ» – СЕНІМДІ СЕРІГІҢІЗ!

НЕМЕСЕ ГАЗЕТТІҢ КӨПТЕП ТАРАУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН АЗАМАТТАРҒА АЛҒЫС

Облыстық «Атырау» газеті Елбасымыз Н.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын насихаттау, түсіндіру және оның міндеттерінің орындалу барысын байыпты жазуға ерекше назар аударып келеді. Осы мақсатта «Қазақстан - 2050 стратегиясы», «Президент тапсырмасы: меже мен міндет», «Жаңа индустрияландыру», «Жаңа әлеуметтік бағыт», «5 батыл қадам», «Нақты 20 тапсырма», «Елбасы Жолдауы - елдіктің арқауы», т.б. айдарлармен материалдар беріліп келеді. Осы айдарлармен шыққан аймақтың білікті экономистері, ғалымдары, басқармалар басшылары, журналистердің материалдарында іргелі мәселелер қозғалды және алдағы уақытта да бұл бағыттағы жаңа жобалардың жағдайы, проблемалары жазылады.

Газет Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөліп отырған шағын және орта кәсіпкерлік мәселесіне, кәсіпкерлердің жағдайына және бизнесті дамытудың өзекті проблемаларына арнап «Бизнесмен» арнайы қосымшасын шығарып келеді. Онда бизнесті қалай бастау керектігі-нен бастап, осы саладағы озық кәсіпкерлер тәжірибесі мен проблемалар, хабарламалар, қызықты жағдайлар жазылуда. Қазірдің өзінде бұл қосымшаның 8-9 саны шықты. Сонымен қатар, «Темірқазық»  атты  қосымша  шығара бастадық. Бұнда әлемдегі дамыған отыз елдің  өркендеу  жағдайлары туралы  оқырмандарымызға хабарлаймыз.

Газет аймақ экологиясы мен қоршаған орта мәселесіне баса көңіл бөледі. Мәселен, «Өзеннен теңізге дейінгі жол, оның да тұйықталып қалу қаупі бар», «Еділ-Жайық каналы елді су тапшылығынан құтқара ма?», «Жайықтың жанайқайы – екі елдің ортақ мәселесі», «Теңізге келер қауіп қайдан?» т.б. журналистік сараптамалық және ғалымдардың жанайқайлы мақалалары бұл саладағы жұмыстарға қозғау салуда.

«Отбасы – қоғамның іргетасы» айдарымен озық салт-дәстүр, жанұя жарастығы, жас жанұялар мен өнегелі отбасылар туралы «Шаңырақ» атты қосымша  да шығарыла бастады. Редакция бұл орайда бірнеше «дөңгелек үстел» де өткізді.

Газет редакциясы  жаңа жоба – «Ауылым – алтын бесігім» айдарымен «Атамекен» экспедициясын  да сәтті ұйымдастырып келеді. Ол Исатай, Құрманғазы, Махамбет, Мақат аудандарының  шалғай елді мекендерінің  елеулі проблемалары туралы көлемді материалдар сериясын шығарды. Ол проблемалар тиісті орындарға жолданып, шаралары алынды. Бұл ауылдар тұрғындары үшін біздің тарапымыздан үлкен көмек болды. Экспедиция алда басқа да аудандарға, мұнай-газ кеніштеріне, ірі өндірістік ұйымдарға да баратын болады.

Дін, имандылық мәселесіне газет ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен «Ұрпақ санасын уланудан сақтау, бұл адамзаттың басты міндетіне айналды», «Ағымға еру – ақылсыздың ісі», «Ғаламтор радикализмнен тазаруы тиіс», «Имандылық жүректен басталады», «Жат ағымнан сақтана біл», «Теолог бұрышы» т.б. материалдар сериясы жүйелі шығып отыр. Редакция мен облыстық мешіт, дін істері басқармасы бірлесіп «дөңгелек үстелдер» де өткізді.

«Әділет әлемі» қосымшасы да қылмысты әшкерелеу, тойтару мәселесін  тереңірек жазуға жол ашты.

Оқу орындарындағы білім беру жайының күнгейі мен көлеңкелі тұстары, дене тәрбиесі пәнінің жағдайы, еңбекке тәрбиелеу пәндерінің барысы алда көңіл бөлер басты мәселе болып отыр.

Қашағаннан мұнай өндіру, жалпы Каспий теңізінің жағалауындағы кеніштер жайы да – алда жазылатын үлкен бағыттарымыз. «Қолжетімді баспана-2020», «Мектептер құрылысындағы ала-құлалық», ауруханалар мен емханалар салудағы шашпашылдық мәселелері газеттің алдағы көңіл бөлер айрықша міндеттері болмақ.

Оқырмандарымыз да  жыл сайын көбейіп келеді.Қазір газетіміз  жиырма үш мыңнан астам  данамен тарап отыр. Бұл дегенің еліміздегі өзге өңірлердің  басылымдарымен салыстырғанда көш ілгері. Әсіресе, биылғы жылдың екінші  жартысында  оқырмандар  қатары азайған жоқ, керісінше  жаңа  адамдар газетті үйлеріне  жаздырып алды. Біз осы ретте  газетті көп таратуға  көмектескен Құрманғазы ауданының бірқатар  селолық округтері әкімдеріне, атап айтқанда, Еңбекші селолық округі әкімі Қанат Ғаббасовқа, Шортанбай селолық округі әкімі Сарсекей Набидоллаевқа, Азғыр селолық округі әкімі  Нұржиян Биляшеваға, Кудряшев селолық округі әкімі Сақтапберген Ертілеуовке, Көптоғай селолық округі әкімі Исағали Ахметтегіне, Мақаш селолық округі әкімі Кәрім Қамақайтегіне ризашылығымызды білдіреміз.

Махамбет ауданында да окырмандар қатары өсе түсті. Әсіресе, екінші жартыжылдыққа оқырмандардың көбірек жазылуына Ақжайық селолық округі әкімі Сайлаубай Жұмағалиев, Алға селолық округі әкімі Сахи Оңдағани, Сарайшық селолық округі әкімі Алмажай Мастекова, Есбол селолық округі әкімі Мереке Әбдіғалиевтер жақсы жағдай жасағанын атап өте отырып алғыс білдіреміз.

Екінші жартыжылдықта газе-тіміздің Қызылқоға ауданындағы оқырмандары да көбейеді.  Әсіресе, Миялы селосында – 505 дана, Ойыл селолық округінде – 172 дана, Тайсойған селолық округінде 70-тен астам дана газет бұрынғы бірінші жартыжылдықтағыға қосымша тарай түсті. Осы ретте біз Миялы селолық округі әкімі Нұрлан  Бекешевке, Ойыл селолық округі әкімі Ерболат Иғалиға, Жангелдин селолық округі әкімі Аязбай Оразовқа, Тайсойған селолық округі әкімі Мақсот Иманәлиевке үлкен алғыс айтамыз.

Мақат ауданында да облыстық «Атырау» газетін жаздырып алушылар  аз емес. «Доссормұнайгаз» басқармасы  бас-тығы Талғат Тасқынбаев, аудандық орталық аурухана  бас дәрігері Батырбек Оңдасынов, Мақат мұнай-газ технологиялық колледжден  Ізтұрған Тасбаев және басқа азаматтар газеттің таралымының артуына  айрықша үлес қосып келеді, сол үшін біз ризашылығымызды білдіреміз.

Жайық бойын жағалай қоныстанған Индер ауданында да  газетімізді жаздырып  оқушылар көбейіп келеді. Әсіресе, биылғы екінші  жартыжылдықта газетіміздің ең көп тарауына қол жеткізген Көктоғай селолық округі әкімі Мәмбетқали Құсайыновқа және Жарсуат селолық округі әкімі Нәсіпқали Азғалиевке алғыс айтамыз. Сонымен бірге, біз оларға келесі 2015 жылы да газетімізді оқушылар қатарын көбейте түсуге ықпал етеді деген сенімдеміз.

«Атырау» газеті қашан да ауылдың әр үйіне жаңалықтарды жеткізуге асығады.  Сондықтан да, «Атырау» газеті  Сіздердің сенімді серігіңіз бола береді, құрметті оқырмандар.

Редакция алқасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз