«АСТАНА» – ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНДА

Қазақстан футболы тарихында үлкен жаңалық. Елордалық «Астана» командасы УЕФА Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңiнде кипрлық «АПОЭЛ»-ды ұтып, Қазақстан футболы тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Енді астаналық команда Еуропаның аузын айға білеген мықты спортшыларымен жасыл алаңда сынға түсетін болады.

Жергілікті «Атырау» футбол клубының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мұнайлы өлке командасы ең алғашқылардың бірі болып елордалық әріптестерін құттықтап, алдағы маңызды додаларда сәттілік тіледі.

Жеребе тастау нәтижесінде испаниялық «Атлетико Мадрид», түркиялық «Галатасарай» және португалиялық «Бенфика» командаларымен бірге «С» тобына түсті. Отандастарымыз алғашқы кездесуін «Бенфикамен» 15 қыркүйек күні өткізсе, келесі қарсылас – түркиялық команда. Ойын 30 қыркүйек күні өз алаңымызда өтеді. Ал, испаниялық командамен 21 қазан және 3 қараша күндері кездеспекпіз. Қараша айының 25-і күні «Бенфикамен» қарымта матч жоспарланса,  Түркия елі қазақстандық футболшыларды 8 желтоқсанда қабылдайды. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз