АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

немесе көктемгі  су  тасқыны  мұқият 
 дайындықты  қажет  етеді

Сейсенбі күні облыстық әкімдікте төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев төрағалық еткен жиында негізінен көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды.

 БҰЗЫЛҒАН БӨГЕТТЕР ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Болатбек Омаровтың айтуынша, соңғы жылдары мұнайлы өңірде су тасқыны орын алған жоқ. Алайда, бұл бейқам отыруға негіз болмаса керек. Жайықтан өзге, Қиғаш, Шарон, Жем, Ойыл, Сағыз өзендері көктемгі мезгілде қандай мінез танытарын ешкім білмейді.

– Ресейдің Орынбор облысындағы Ириклин су қоймасынан (секундына 500 текше метрден астам) көп мөлшерде су келуі және Жайық өзеніндегі мұз кептелісі алаңдаушылық туғызады. Сонымен қатар, Қиғаш пен Шаронға Волгоград облысынан су жіберілуінен, Ойыл, Сағыз, Жем өзендері бастауларындағы қардың еруінен облыс аумағында су тасуы мүмкін. Бүгінде біз оның алдын алу мақсатында жұмыс жасап жатырмыз, – деді департамент басшысы Болатбек Бөлемісұлы.

Мұздың көбесі сөгілгеннен-ақ төтенше жағдайларға жауапты құрылымдардан маза кетеді. Мұның өзіндік себебі де бар. Мамандардың пікірінше, Атырау облысында су басуы мүмкін аймақтың жалпы көлемі 3000 шаршы шақырымды құрайды. Ол 108 елді мекенді қамтиды. «Тілсіз жаудың» қатерін сейілтер амалдың бастысы қорғаныс бөгеттері екендігі рас. Дегенмен, оның жағдайы қазіргі күні мәз болмай тұр. Алды 1967 жылы салынған дамбының 126 шақырымы қалпына келтіруді, үш шақырымға жуығы жаңадан тұрғызуды қажет етеді. Департамент бастығы бұл нысандардың техникалық жағынан қанағаттанғысыз екендігін мойындады. Бетін әрі қылсын, егер апат орын алса, ол облыс орталығы мен өзге елді мекендерге қорған бола алмайды.  

– Мұнай кен орындарының қорғаныс бөгеттерінен басқасын салынғаннан бері мемлекеттік комиссиялар қабылдамаған. Одан әрі пайдалану үшін ол ешкімнің иелігіне берілмеген. Сметалық құны анықталмағаны өз алдына, төлқұжаттары мен қажетті құжаттары мемлекеттік орындарда тіркелмеген, – деді әңгімеміздің кейіпкері. 

Күрделі жөндеуді керек ететін стратегиялық нысанның бірі – Қызылқоғадағы Ералы су торабы. Ол 1976 жылы тұрғызылыпты. «Қазсушар» мекемесінің иелігіндегі имараттың қазіргі ахуалы алаңдатарлық. Ақиқатында, мұндай орындар облыс көлемінде аз емес. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев басқосуда осынау мәселелердің басты назарда болатынын баяндады.

 СУ ДЕҢГЕЙІ КӨТЕРІЛЕ МЕ? 

Бүгінде жұртшылықты «өзендердегі су деңгейі қаншалықты көтеріледі? Оның қаупі қандай?» деген сұрақтар мазалайды. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 1 ақпандағы мәліметіне (ылғалдылық мөлшері) сәйкес, күзгі топырақ ылғалдылығы елдің батысы мен солтүстік облыстарында мөлшерден жоғары. Ол далалықтағы өзендердің болашақта тасуын айқындайтын маңызды көрсеткіш болып саналады. Жайық өзенінің бастауында, яғни Ресей аумағында қар тиісті мөлшерден 1,3 – 1,6 есеге көп. Бұл, әрине, суы тартылған өзеніміздің арнасы құрғамауына себепші. Десек те, жауын-шашын жиілесе, ауа райы күрт жылып кетсе су деңгейі тез көтеріліп, су басу қаупін туғызуы мүмкін. Әзірге төтенше жағдай департаментіндегілер «Қазгидрометтің» өзендердегі су деңгейі туралы берген деректеріне орай мониторинг, салыстырмалы талдау және диаграммалар жасақтап отыр. Ол күн сайын облыстық және мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жолданады. Мұның бәрі – апаттың алдын алудың қамы. Мамандар «су тасуына қатысты нақты болжам наурыз айының алғашқы онкүндігінде жасалады» дейді. Өйткені, су жылда наурыз айының соңы мен сәуірдің басында көп келеді.

Бір анығы, Жайықтағы мұздың қалыңдығы дәл бүгінде 15-50 сантиметр көлемінде. Егер 10 см-ден кемісе, өзендегі мұзды жылдағыдай кемемен жару қажеттілігі туады. Өйткені, суға қармақ салып, балық аулағандардың саны күннен күнге өсіп барады. Сондықтан, сақтық шарасын алмай болмайтынын тиісті орын өкілдері ерекше ескертуде. 

ҚҰТҚАРУШЫЛАР ДАЙЫН ОТЫР

Табиғаттың тосын мінезіне дайындықтың сыналатын кезі жақын. Мәселен, Ойыл өзеніндегі Ералы су торабы тексерілген. Былтыр Құрманғазы ауданындағы 17 шақырым қорғаныс бекеттері қалпына келтіріліпті. Жанар-жағармайдың, қажетті материалдардың мол қоры жасақталып қойылған көрінеді. Облыс аумағындағы су тасу қаупі бар аймақтар әуеден ұшақпен қадағаланатынын да айтайық. Су тасқынының қаупі төнген кезде құтқарушылар күшейтілген қызмет түріне көшеді. Оған 1224 адам, 131 техника, 25 жүзу құралы қатыстырылмақшы. «Еврокоптер» және «МИ-8» тікұшақтары да сақадай сай тұр. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бас маманы Ертілеу Шортановтың пікірінше, өткізілгелі жатқан «Көктем» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығудың мақсаты да – осы дайындықтың деңгейін анықтау. Оның барысында хабарландыру жүйесі тексеріледі. Көлік коммуникациялары, гидротехникалық имараттар мен жергілікті апаттық-құтқару қызметтерінің сын сағаттағы әрекеті сарапқа салынады. 

Су тасқынына дайындық құтқарушылардың ғана міндеті емес, оған жолшылар да, теміржолшылар да жауапты. Жол астындағы су өткізетін тұрбалардың жағдайы қандай? Олар күл-қоқыстан бітеліп қалған жоқ па? Міне, осы сауалдарға тиісті орын өкілдері «бұл мәселе біздің басты назарымызда. Оны жылма-жыл тазалап, қалыпты деңгейде ұстап отырамыз. Бұл жөнінен қорықпауға болады» деп жауап берді. 

Қалай еткенде де апатпен күрескенше, оның алдын алған тиімді. Мұны қай тарап та терең сезініп отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз