АЛЫС АУЫЛДАРҒА – САПАЛЫ АУЫЗ СУ

Бұған дейін 2002-2010 жылдары жүзеге асырылған «Ауыз су» бағдарламасында  көптеген кемшіліктерге жол берілгені енді белгілі болып отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, миллиондаған теңге мақсатты жұмсалмапты. Енді 2011-2020 жылдарға есептелген «Ақ бұлақ» қолға алынды. Ол Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан «100 нақты қадам» бағдарламасына енгізілді. Ендеше, соның жүзеге асырылу барысы қалай? Жайық-Каспий Орхус орталығының конференц-залына жиналғандар осы сауалға жауап іздеді.

 

Тұрғындар пікірі қандай?

«Ауыз су» бағдарламасы аясында республикада 12 мың 935 шақырым құбыр салынды және күрделі жөнделді. Барлығы 3,5 млн. тұрғынымен 3449 елді мекенді ауыз сумен қамту жақсартылды. Алайда, алыстағы ауылдардың өзекті проблемасы осымен шешілді ме?

Міне, Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жұмыс жасайтын «Ангел» қоғамдық ұйымы «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалуына жұртшылықты тартумен, бұл бағытта жұмсалатын қаражаттың жариялылығын қамтамасыз етумен шұғылданады екен. Оның жетекшісі Людмила Петрованың айтуынша, республиканың өзге де өңірлерін аралап, мұнайлы аймаққа ат басын тіреген. Қысқа мерзімде Сарытоғай мен Тұщы-құдықта болыпты. Сорос-Қазақстан қорының «Ашықтық және есептілік» бағдарламасының үйлестірушісі Динара Погодина мен Жайық-Каспий Орхус орталығының директоры Шынар Ізтілеуова жұртшылықпен жүздесіп, олардың пікірлерін білген. Басқосу барысында олар көргендерін ортаға салды. 

«Ақ бұлақтан» не күтеміз?

Жалпы, 2011 жылы басталған, өткен қаңтарда «Аймақтарды дамыту» бағдарламасының бір бөлшегіне айналған «Ақ бұлақтың» алдыңғы шарадан айырмашылығы нендей? Алға қандай мақсат қойылып отыр? Осы орайда айтарымыз – оның екі кезеңде жүзеге асуы. Біріншісі биыл мәреге жетуі тиіс. Екіншісі алдымыздағы жылдан бастау алады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асан Нұрғалиевтің айтуынша, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша аймақта 98 жоба жүзеге асырылады. Мәселен, 2011-2014 жылдары 84 нысан қатарға қосылып, елді мекендерді сумен қамту 75 пайызды құрады. Демек, облыстағы 164 ауылдың 123-і ауыз сумен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы жеті нысан пайдалануға беріледі. Олар – Индердегі Аққала, Құрылыс және Ынтымақ, Махамбеттегі Ақтоғай мен Сарытоғай, Жылыойдағы Тұрғызба мен Шоқпартоғай селоларындағы нысандар. Сөйтіп, ауылдарды орталықтандырылған ауыз су желісімен қамту 78 пайызға жетеді. Өзгелері де біртіндеп ауыз суға қол жеткізеді. Жалпы, осы бағдарлама толық мәреге жеткенде қала мен оның төңірегі 100, ал алыс ауылдар 80 пайызға қамтамасыз етіледі.

Мәселен, Сарытоғайға ауыз су жеткізілді. Бірақ, Шынар Ізтілеуованың айтуынша, құбыр бойындағы қысым төмен және шеткі үйлерге жетпейді. Тұрғындар солай депті. Сөйтсек, инженерлік коммуникация тартпақшы өзге мердігер мекеме ешкімнен рұқсат алмастан шұңқыр қазып, жер астындағы құбырды бес жерінен тесіп өткен. Соның салдарынан тұрғындар бір ай шамасында сусыз отырған. Қазір тесік тұрба жамалғанымен, қатты қысымды көтермейтін көрінеді. Енді бұл проблема қашан шешілмек? Қайткенде де, қыс кезінде қолға алынбайтыны анық. «Ақ бұлақ» бағдарламасынан күтілетін басты нәтиже – әр үйде ауыз судың тәулік бойы үзіліссіз жүруі. Демек, бұрынғыдай оны сағатпен беру доғарылады. Ендеше, барлық атқарылар жұмыс осы талап үдесінен шығуы шарт.

Ал, Тұщықұдықтағы жұртты не мазалайды? Мұнда ауылды ауыз сумен қамтуға арналған құжаттар 2012 жылы дайындалыпты. Әйтсе де, содан бері бірнеше жеке меншік үй қатарға қосылған. Олар қайтпек? Дегенмен, жергілікті атқарушы билік пен мердігер мекеме ішкі мүмкіндіктерді саралап, бұларды да қамтуды ойластырып отыр.

«Ақ бұлақ» бағдарламасының тағы бір игілігі – ауыз су құбырының әркімнің ауласына дейін жеткізілуі. Бұрынғыдай көше бойымен тартылып кете бермейді, енді әр үйге бұрылады. Бірақ, ауладан әрі қарай шұңқырын қазып, тұрба төсеуге дайындап қоюға тұрғындар еріншектік танытуда. Олардың ойынша, мұны да атқарушы билік жасап беруі тиіс тәрізді. Бұл – өте қате түсінік.

Республиканың өзге өңірлерін де аралаған «Ангел» қоғамдық ұйымының жетекшісі Людмила Петрованың айтуынша, жергілікті атқарушы билік пен мердігер арасындағы мұндай түсіністік  өзге облыстарда жоқ. Ал, бізде шұңқырын қазып қойсаң, тұрбасын төсейтін де, оны дәнекерлейтін де мекеме дайын тұр. Демек, «алма піс, аузыма түс» дейтін пиғылдан арылған абзал. Кейбір үйге су жеткізілмей тұрғаны да – осындай оралымсыздық салдары. 

Құбыр кімнің құзырында?

Құбыр тартылды, мемлекет қаржысы мақсатты жұмсалды, ауылдарға ауыз су жеткізілді. Енді соны әрі қарай пайдалануды кім жауапкершілігіне алады? Оның үстіне, қазіргі қымбатшылық жағадан алып жатқанда, коммуналдық қызмет төлемі етектен тартпай ма? Мәселен, Сарытоғай тұрғындары өткен жылы ауыз судың әр литріне 40 теңге төлеген екен, биыл ол 109 теңгеге өсіпті. Қызмет көрсетуші мекеме өкілдерінің түсіндіруінше, бұған дейін мемлекет тарапынан бизнесті қолдау арқылы субсидия берілсе, үстіміздегі жылы ол тоқтатылыпты. Баға сол себепті көтерілген екен.

Осы орайда, «Қазсушаруашылығы» акционерлік қоғамы Атырау филиалы директорының орынбасары Салауат Сарин жұртшылыққа тарифтің неден құралатындығын түсіндірген жөн екендігін айтады. Міне, үкіметтік емес ұйымдардың халықпен жұмысының тиімділігі осыдан көрініс табуы тиіс.

Шыны керек, ауылдағы дайын коммуналдық желілерді өз міндетіне қуана қабылдайтын кәсіпкерлер кездеспейді. Көбіне оларға өтініш білдіріп, сенімгерлік басқаруға алуға ұсыныс жасап жатады. Мәселен, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша өткен жылы Қызылқоға ауданында ауыз су желісі тартылып, оған жеті елді мекен қосылыпты. Бірақ, олар ешкімге  берілмеген. Соның салдарынан тарифті өзгертуге уәкілетті органға тапсырыс беретін нақты ие жоқ. Жаңа тұтынушылар қосылды, қуат артты, бірақ тариф ескі. Немесе, Қоянды селосындағы су құбырына тариф бекітілгенде оның ұзындығы 36 км еді, қазір 180 шақырымға жетті. Демек, шығын еселеп өсті. Алайда, тариф өзгерген жоқ. Өйткені, құбыр иесі анықталмаған.

Рас, Асан Нұрғалиевтің айтуынша, қазір бұл бағытта мемлекеттік деңгейде жұмыс жүріп жатыр. «Ақ Бұлақ» Елбасының «100 қадам» бағдарламасына енгізілгендіктен, министрлік тарапынан дайын құбырларды мамандандырылған мекемелерге тапсыру қарастырылуда. Өйткені, бүгінде аудандарда коммуналдық қызметті атқарушы кәсіпорындардың адам күші де, техникасы да шектеулі. Шындығында, желілер жаңа болғандықтан ғана жұмыс жасап тұр. Ал, ертең тозып, ауыстыруды керек етсе, әлгі мекемелердің қажетті құрал-жабдығы да жоқ.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз