АЛПЫС БЕС ЖЫЛ АТТАН ТҮСПЕГЕН…

...Сонау 1949 жылғы шілдеде Бекетай құмындағы колхозшы-малшылар өмірінен сыр шерткен Әліп ағаның «Алыстағы жайлаудан хат» атты мақаласы сол кездегі «Социалистік құрылыста» жарияланған-ды. Әр кезде газет редакторлары Т.Бисекенов, Қ.Кенжеғалиев, Т.Жауыровтармен үнемі шығармашылық байланыста болып, қай тапсырманы болмасын өз деңгейінде орындап келді. Ұлттық салт-дәстүр мен халықтық өнерді насихаттап, театр, кино тақырыптарында қалам тартқан ол С.Адамбековтің «Аюбайдың жолы», «Ақбөбек» қойылымдарына пікір  де жазды.

Ол, әсіресе, 1953 жылы жарық көрген «Малшылар үні» газетінде жиі қалам тербеді. Газетіміздің 85 жылдығына арнап шығарылған альманахқа ардагер журналист Қ.Қуанышбаев «Тілшісіз газет – ескексіз қайық» деген мақала жазып, Әлекеңнің тілшілік қырын жан-жақты суреттеген-ді.

Ә.Кенжеғұлов мақаланы бір дерекке, өмірде орын алып жатқан тарихи оқиғалар мен құбылыстарға, бір өндірістегі жетістіктер мен кемшіліктерге арнап жазады. Шындықты арқау етіп, байсалдылықпен көтерілген мәселелерді жоюға үн қосады. Газет таралымына да өзіндік жанашырлығын танытып жүр.  Оның: 

Оқысам «Атырауды»

ойға қалам,

Сөзінен Махамбеттің

мұңын ұғам.

Исатай Ақтабанмен

кеп қалғандай,

Жүгіріп қарсы алуға тіке тұрған, – деген өлең жолдары осының айғағы іспеттес.

Оның «Атомның алғашқы әбігері» мақаласында 1947 жылғы тамыз айынан бастап Азғыр атом полигонының Нарын, Бекетай құмдарындағы тигізген зардабы өз көзімен көрген жайлар негізінде шынайылықпен суреттелген. Нарынның ақтаңдақ ақыны, асыра сілтеу құрбаны Насихат Сүгірұлы, өлкенің атақты күйші-ұстазы Ғилыман Хайрошев, ұлағатты ақсақал Ғатих Маштахов, еңбек ардагері Сапи Ахметжановтың өнегелі өмірі туралы да қалам тербеді.

Осы орайда Жанбай, Зейнеден ауылдарынан еңбек сіңірген ұстаз, тыл ардагері Қабдірахим Бисенғалиев, ұлағатты ұстаз, тарихшы Қатира Шарапиева, мал шаруашылығының ардагер шопаны Ғайни Мұхтаровтардың келтірген пікірлерін де негізге ала отырғанды жөн көреміз. Олар дәріс берген оқушылары Әлекеңе дән риза екендіктерін, оны мақтан тұтатындарын айтады. Кейіпкеріміз осы күнге дейін ұстаздарына аяқтай келіп, арнайы сәлемдесіп, атаулы күндерде құттықтап тұруды да ұмытпайды екен.

Әлекеңнің жақында ғана Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінде Забурын мұнай кенішінің аумағында қалған Ибаш қорымының соңғы он жылдық тарихын тарқатып жазған-ды. Осы қорымды күтудің жолдарын іздеп, ол қаншама мұнай мекемелерінің табалдырығын тоздырды десеңші. Соның арқасында қорымды қоршау, оған апаратын жолды жөндеу қолға алынып жатыр.

Егемен елдің Туына қатысты байқауға атсалысқан 600-ден астам ұсыныс берушілердің арасында Әлекеңнің де болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Ту сабының бойлығындағы қазақы қошқар мүйіз өрнегінде оның да үлесі бар. Ол туралы «Ту туралы толғаныс» деген мақаласында өзі баяндаған болатын.

Әліп ағаның өлең жазатын да қасиеті бар. Айталық, «Туған жер», «Ағаларды аңсау», «Ораза», «Жалқаулық», «Арман», «Күнә» өлеңдері өзінше тартымды, оқуға жеңіл, өмір заңдылықтарымен ұштасып жатады. Жасының ұлғаюына қарамастан ауданға келіп, ауыл аралап, ата-баба басына тағзым етіп жүретіні – кішіге үлгі, үлкенге ізет. Жаңа замандағы басылымдар бұрынғыдай қаламақы төлеп жатпаса да, ағамыз қаламын қолынан түсірмейді, оның бұл табандылығы да қайран қалдырады.

Ойымызды түйіндей келе, Әліп Кенжеғұлұлы қандай құрметке де лайық азамат деп танимыз. Штаттан тыс тілші боп еңбек етсе де, журналистік шеберлігі көпшілік алдында адал бағасын алған ол көштен қалмай, әлі күнге шейін бар жігер-қуатын осы жолда сарп етіп келеді. Сол себепті де бүгіндері сеңгірлі сексенін орталап, соның алпыс бес жылын тілші ретінде өткізіп, шын мәнісінде газетіміздің тірегіне айналып, аттан түспей келе жатқан ақсақалдың өмір-өнегесі кейінгі буынға үлгі етуге тұрарлық.

Дәулетқали АРУЕВ,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз