АҚФЛОТТЫҢ ҰЛЫ

Өткен ғасырдың жетпіс үшінші жылының көктемі. Алдында бір-екі жыл көп тиражды кейін аудандық газетте аз-мұз еңбек еткен менің енді «Коммунистік еңбекке» бұрынғыдай ауыл-село тілшісі емес, штаттағы қызметкері ретінде жұмысқа кіріскен сәтім еді. Аядай бөлмеде төрт қызметкер отырамыз. Оның екеуі – есіктен кіріп келгендегі орында кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі, белгілі фельетонист Нури Муфтах пен сол бөлімнің тілшісі Мұқан Көптілеуов. Одан арғы төргі үстелде мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қилыбай Қуанышбаев отырса, қарсы орында менмін. Әуелгіде басшылар тарапынан «кеңес құрылысы бөліміне барасың» деген әңгіме болып еді. Менің әдебиетке икемдігімді байқаған Нұрекең «шырағым, өлең жазсаң - жоғарыла, маған үйреніскен Мұқаным да жарайды» деп мені Қилекеңе қарай ысырып тастады. Ал Қилекең болса, жападай көзілдірігінің аржағынан бажырая қарап алды да, «осы күннен айтып қояйын, облыстық газетке ақын емес, қара сөзге, өндіріске жақын адам керек. Басылымның әр санында өлең емес, өмірдің өзі туралы жазылады» деп маған басылым ұстанымын ашып айтты да, алдыма әрбірі екі-үш елі болатын үш-төрт папканы қоя салды.

– Мынау өлеңдер, жарамдысын әзірле, жарамайтындарына жауап жаз. Екіншісі – түрлі тақырыптағы хаттар, оларға шолу жасайсың. Ал мыналарды қорыту керек, бұлардың ішінде басшылар мен жауапты адамдардың да хаттары бар. Оларды міндетті түрде дайындағайсың және ұзаққа созба. Тағы бір ескертерім – ешқашан жұмыста отырып, өз материалыңды жазба, ондайларыңды үйде істейсің. Жұмыста өзгенің хаты қорытылады. Тілшінің міндеті – хат қорыту, оны дұрыс түсін, – деп алғашқы күннен күнделікті жүктемені түсіндіріп, қызметімді айқындады.

Міне, содан бері 42 жылға жуық уақыт өтті. Мен жұмыста отырып, өз материалымды жазайын деп қолыма қалам алсам, көк желкемде Қилекең қарап тұрғандай болып мазам кетеді, тіпті қолым жүрмейді. Мүмкін ол да дұрыс шығар, айналаңда телефондар шырылдап, біреулер кіріп, біреулер шығып, әңгіме өрбіген кезде қандай сәтті дүние жазылады?! Өз үйің, өлең төсегіңде, жападан-жалғыз ой теңізіне батып, мақпал түнде маржан тергенге не жетсін.

Сөйтіп, Қилекең екеуміз облыстық газеттің мәдениет деген бөлімінің пұшпағын илеп, төрт жыл бір бөлмеде отырдық. Ол кісінің маған қарағанда тәжірибесі мол, оқуы бар, тоқуы көп, осы саланың өзінде тер төккеніне он бес жыл болыпты. Еңбек жолын Маңғыстаудың Форт-Шевченкосында бастапты. Балалығын Забурынның Ақфлотында өткізген. Таусылмайтын газет жұмысының оймақтай ғана үзілісінде Қилекең сол бір жылдарға сүңгіп кетеді де, айдын жағасында өткен ауыр жылдардан әңгіме бастайды.

Каспийдің терістік қолтығына тығыла орналасқан шағын ауыл. Бар тірлігі балық болып табылатын бұл араның күллі еркегі қысы-жазы көк теңізден шабақ тереді. Тіпті бір кеткенде төрт-бес айлап, бала-шағасын сарғайтып, сағындырып оралады екен. Оның өзі де Қилекең әңгімесінде тап бір көркем фильм көргендей әсерлі-ақ.

… Балықшылар ауылға оралады деген күні Ақфлоттың бар жаны ертең ерте жағалауға жиналады. Содан соң бәрі де ай қарағандай теңіз төрінен хабар күтеді. Сәске ме, әлде түс, әйтеуір бір кездерде барып, айдын мен аспанның астасқан көкжиегінен қара тұмсық ақ шағаладай бірін-бірін көп ноқаттар елес береді. Осы кезде Қилекең сынды бар бала «Әнекей, әкем келеді, Әкем!» деп айқай салады. «Ақсарбас!» дейді арт жақтағы аналардың бірі. «Тәуба!» дейді ақсақал.

Уақыт өткен сайын әлгі ноқаттар ақ, қара болып көбейіп жақындай түседі. Сөйтсе, олар ақ шағала емес, ақ желкенін керіп тастап, бірінен соң бірі құйрық тістесіп, сап түзеген балықшы қайықтары екен. Ең алдында қызыл жалауын желбіретіп Қилекеңнің әкесінің қара қайығы көрінеді. Қайық тұмсығында тұрған атаман қолындағы рупорын аузына апарып, «Сәлеметсіздер ме, ауылдастар! Қайықтар жағуға ыңғайлы болсын, сәл-пәл жағадан қашықтау тұрыңыздар» деп дауыстайды.

Даусы қандай әдемі еді. Қилекең жүрегі жарылардай қуанады. Міне, әкесі қайықтан түсіп келеді. Иығында бір қап астық. Қолында кендір жіпке тізген сансыз ақ тоқаш. Шекесінде моряктардың қара кепкасы. Киіп тастаған ескі емес, базардан алған, су жаңа. Қилыбай оның өзіне арналған сыйлық екенін жақсы біледі. Бұл жүгіріп барып әкесінің ыстық құшағына қойып кетеді. Әке иісі қандай жақсы еді. Ол болса мұның төбесінен құшырлана иіскейді. Аздан соң күллі жағалау ыстық құшақтар мен әдемі сүйістер – әке мен бала, ана мен ұл, отағасы мен отаналарының қауышуына ұласады. Иә, бұл айлар бойы көрмеген, қауышпаған ыстық құшақтардың табысуы, сағынысқан жүректердің дүрсілі еді.

Қилекеңнің балалық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келді. Жүдеген ауылдың жүздерінде күлкі аз, жүрек жаралы, көңілдері қаралы. Ақфлот ауылындағылардың бәрі балықшы, бірі ау құлағын ұстаса, екіншілері өнім өңдейді. Үшіншісі тұздайды, тағы бірі қаптайды, қойшы, әйтеуір қарап жүрген бірі жоқ, ертеңді кеш етеді – бәрі тірлік қамы. Қилыбай осында бірінші сыныпқа барды. Соғыстан келген ағасы Қапизолла қалаға жұмысқа тұрып, одан әрі Қуанышбай отбасы Гурьев, Мақат, Форт-Шевченко, т.б. біраз жердің дәмін татты. Форт- Шевченконың аудандық газетінде еңбек жолын бастады. Бір жылдан соң қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түсті. Оны ойдағыдай аяқтаған соң өзінің туған облысындағы «Коммунистік еңбек» газетіне жұмысқа келді. Әуелі маңдайына ауыл шаруашылығы бөлімі бұйырды. Онда облыстың етек-жеңі кең. Анау алыстағы Азғырдан сонау түстіктегі Түркменияның терістігіне дейін созылып жатқан кең алқапта мыңғырған мал қаптай жайылады.

Бұл мал ғой, ал оның қыстақ орны мен жемшөбі, жаз жайлауы мен күздеуі, өнімдерін ұқсату өз алдына, егін шаруашылығы, танаптағы тынымсыз еңбекті қайтерсіз. Қысқасы, жыл бойы бір-біріне жалғасып, үзілмейтін маусымдық жұмыстар журналист атаулының назарынан тыс қалып көрген жоқ. Бүгін «Қосшағылдан» қырқым жайлы репортаж жазып жатсаң, ертең Тайсойғанның шөпшілері, келесі аптада «Жалғансайдың» картобы жайлы мөлдіретіп «моншақ тізесің». Біреуін мақтасаң, екіншісін сынайсың, үшіншісінің іс-тәжірибесін жазасың. Қилекеңнің әуелден көргені теңіз, тергені балық болғанмен, аз уақытта әлгілердің бәрін меңгеріп, сары даланың саф ауасында өскен байырғы мамандай еркін көсілді. Тіпті ол Ембі ауданынан жазған «Дала қыраны» атты очеркін әлі күнге өз өміріндегі теңдесі жоқ дүние еді деп шаттанады. Әрине, әркімнің жүрегіне жақын, қимас төл тумасы болады. Мейлі, ол ұста, болмаса өрімші, зергер, дүниеге жүз ән әкелген композитор болсын, бәрін емес, тек біреуін ғана алтынға балайды, қимасым деп көкке көтереді. Ал өз басым ол кісінің сол бір Жылыойдан жазған мақтаулы очеркін оқыған жоқпын, есесіне, өзінің балалық шағынан есте қалған «Пистолет», «Велосипед» деп аталатын мөлтек әңгімелерін қаламгерлігінің шыңы деп бағалар едім.

Кейін Қилекең он жылға жуық газеттің мәдениет бөлімін басқарды. Бірақ ол дәл солай аталғанымен тек ән мен күй, клуб пен кинотеатр, кітапхана емес, оған орта және жоғары оқу орындары, мектеп, денсаулық сақтау саласы тұтасымен, спорт, адамдардың рухани болмысы – бәрі-бәрі кіретін. Кейде айына бір рет болса да жаңағы ат тоңдарын ала қашқан әдебиет жайлы бет те беретінбіз. Бір өнегелілігі, Қилекең сол беттердің макетін ылғи да өзі сызатын. Ал барған жерін суретке түсіріп, фотожурналистік қырын таныту – ол кісінің қашанғы әдеті.

Сол кезде газетте көтерілген мәселелер де көп, атап айтқанда, дүниеден өткен жандарды жерлеуде аста-төкке жол бермеу, бейіттер көтеру мәдениеті, ұлттық құндылықтарды сақтау, салт-дәстүр, ат спорты, тағысын тағы мәселелердің бәрі мәдениет бөлімінің қозғаған тақырыптары еді. Мүмкін содан ба, кейде өзге бөлімдердің апталық, айлық жүктемелері азар орындалып жатқанда, біздің бөлім ылғи да екі есеге дейін асыра орындаушы еді. Бұл ретте Қилекеңнің жазу үрдісі де өзгеше-ақ.

Қ.Қуанышбаев газет ісінде барлық баспалдақтан өтті. Мәскеуден жоғары партия мектебін бітірді. Жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор болды. Әр кассадан тал-тал қорғасын әріпті бір-бірлеп жинаудан бастап, жаңа заманның компьютерлік терімін газет өндірісіне алғаш енгізіп, қарауындағы әр қызметкердің уақыт талабына сай мамандық игеруіне күш салды. Өзгелерді оқыта жүріп, өзі де оқыды.

Қилекең өмірде ақкөңіл, артына кек сақтамайтын, жайдары, кейде, өгіз бұзаулап жатыр десең, сене қалатын қарапайым, есесіне жай сөзіңе бола шарт етіп, сынып, өзі айтқанынан қайтпай қоятын да сәттері бар-ды. Ондайда өзінікі теріс болса да, илікпей ерін бауырына алып тулайды. Марқұм Түсіп Бисекенов деген бастығымыз сондай қиын шақта Қилекеңнің жеңістік бермесіне көзі жеткенде «Ал, енді Қуанышбаев солай, бұл көнбейді. Болды… болды, сенікі дұрыс» деп құтылушы еді.

Міне, осылайша Қилекең өзінің шуақты да, қуатты елу бір жылын газетке арнады. Түбегейлі, тыңғылықты қызметі үшін одақтан бері талай мәртебелі марапатқа ие болды. Кәсіби съездердің делегаты, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Шетелдерге сапар шеккен делегация құрамында ел көрді, жер таныды. Қазақстанның Құрметті журналисі, «Атырау» газетінің Құрметті редакторы.

Отбасында құдай қосқан қосағы Гүлжамал Самиық қызы екеуі Гүлшара, Рашида, Шолпан есімді қыздар өсіріп, Асқар атты ұл тәрбиеледі. Бүгінде 75 жастың желкенін көтерген Қилыбай ағамыз болса, әрдайым арымдай болған «Атырауым» аман болсын деп әр күн сайын хат тасушы қарындасының жарқын дидарын, газетінің әр санын асыға күтеді. Қаламдастар аман болғай, әманда!..

Өтепберген Әлімгереев,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз