АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ ӘУЕНІ ОҢТҮСТІКТІ ТЕРБЕДІ

16 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Атырау облысының мәдениет күндері ресми түрде ашылды.

 

Өнер апталығы Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының Түркістан қаласы тұрғындарына Қадыр Мырза Әлінің «Жаралы жолбарыс» драмасын сахналап, киелі ордаға мінәжат етуімен басталды.

Атыраулық өнерпаздарды шырайлы Шымкент халқы ерекше құрметпен қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков, облыстық деңгейдегі 34 мәдениет ұжымы басшылары, жергілікті өнерпаздар «Қош келдіңіздер» айтып, қазақы салт бойынша дәм ұсынып, қонақтардың алдында ән мен күй төкті.

Облыстық әкімдікте Атырау облысы әкімінің орынбасары Ш.Мұқан, жазушы-драматург Р.Отарбаев, ақын Қ.Жылқышиев, Өнербек Жанбала және тағы басқа атыраулық өнер делегациясы мүшелері, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сауалдарына жауап қайтарды.

Түске дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Мұнда Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттары, белгілі суретшілердің және облыстық кітапханалар көрмесі ұйымдастырылды. Ал, кешке атыраулық өнер ұжымдары концерт қойды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз