«АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ АДАМЫ ЕДІ…»

Қоғам

– Айсұлу апа, үлкен өмір табалдырығы қалай басталып еді?..

– Ұзатылғалы жүрген кезімде бір жеңгем «Қайда барасың, өзің де жарлы, баратын жеріңде де көтеріп жаятын кілемі жоқ» деп мені тоқтатпақ болып еді. Сол кезде жеңгеме «бағымды сынаймын» деп жауап берген едім. Міне, одан бері де талай жылдар сынаптай сырғып өте шығыпты. Мен бақытты адаммын. Оңекең маған жақсылық пен қамқорлықтан өзгені көрсетпеген екен. Ол менің жүрегіме қонған, әр күнімді қастерлі ете білген бітімі бөлек адам болды.

Ал, Оңекеңмен таныстық мәселесіне келер болсам, бұл өзі ұзақ әңгіме. Ақтөбенің педагогикалық институтын тәмамдаған кезімде әке-шешемнің қартайып отырған шағы еді. Екі бірдей ағамның соғыстан оралмауы қарт көңілді әбден қалжыратып жіберген болатын. Ол кезде оқу бітірген маманды жолдамамен жұмысқа жіберетіні белгілі ғой. Мені Хромтау қаласына бөлді. Физика-математика пәнінің мұғалімі болып  сонда істедім. Беделсіз болғаным жоқ. Бірақ, қыз баланың ата-анаға алаң көңіл болып жүретіні белгілі ғой. Екі жыл жұмыс істеген соң директорға жағдайымды айтып, Атырауға келдім. Ол кезде әкем Ракуш колхозында балықшы еді. Мен келген уақытта сырқаттанып жатыр екен. Анам әкемді баптап күтіп жүр. Әпкем тұрмысқа шығып кетіпті. Сөйтіп, бар ауыртпалық менің мойнымда қалды.

Елге келген соң да мұғалімдік қызметімді жалғастырмақ болып, тиісті құжаттарды тапсырып қойдым. Сөйтіп жүргенімде жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі тамыз кеңесі өтетін болды. Сол жиынға Еркінқала мектебінің директоры Ғинаят Шапауов та барды. Ол кісінің маған әрі жезделігі бар еді. Түскі үзіліс кезінде тысқа шықсам, жездем жолдас жігіттерімен бірге есік алдында тұр екен. «Түстенуге қайда барасың?» деп сұрады. Мен «ағаларымның бірінің үйіне» дей бергенімде, жездем құдасының үйі дастархан жайып күтіп отырғанын айтты. Сол үйге ағам қасындағы жолдас жігітімен барды. Ол Оңайбай Көшекұлы болатын. Кейін білдім. Олардың ойлағаны бар екен. Үйге келген соң жездем ата-анама бұйымтайы барын айтты. «Мынау менің жолдас жігітім. Есімі – Оңайбай. Партияның аудандық комитетінде қызмет етеді. Ата-анасы, үш бауыры бар. Оңайбай Айсұлуға құда түсіп, бір отбасы болса деген тілегім бар» деді. Әкем ұзақ тыңдады. Біраз үнсіздіктен соң, Оңекеңнің руын, шыққан тегін сұрастыра бастады. Әңгімеден әңгіме туа келе, әкем оның нағашыларын танитын болып шықты.

Сөйтіп, көп ұзамай ата-анамның ақ батасын алып, жаңа өмірге қадам бастық. Бір қызығы, Оңекең білдей қызметтің адамы болғанымен, тұратын үйі менің әке-шешемнің баспанасынан да кішкене болып шықты. Шыны керек, сол кезде Оңекеңнің осынша қарапайымдылығына іштей тәнті болдым. Ата-енем көргенді адамдар еді. Олардың адамға деген жылылығы, қамқорлығы мені ол үйге оңай сіңістіріп жіберді.

– Оңайбай Көшеков облыста үлкен қызметтің, зор беделдің адамы болды. Сөйте тұра, оның қарапайымдылықтан ажырамағанын көзін көргендер жыр қылып айтып отырады…

– Иә, бұл өз алдына бір бөлек әңгіме. Оңекең облысты басқарып жүрген кезде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев ағамыз Атырауға ресми сапармен екі рет келді. Бірінші сапарында ол кісіні үйге шақырып, қонақ етуге ешкім бата алған жоқ. Димекеңнің мысы басып тұратыны сондай, ол кісіден барлығы сескенетін. Екінші жолы Димекең кезекті сапармен келген кезде Оңекеңе ойымдағыны айтып, өтініш жасадым. «Шақыруын шақырамын ғой. Бірақ, Димекең биік талғамның адамы. Келер ме екен?» деп Оңекең біраз ойланып тұрды да, үйден ертерек шығып кетті. Кейін білдім, Оңекең Димекеңмен жиналысқа дейін сөйлесіп үлгеріпті. «Сізді Айсұлу қарындасыңыз үйге шақырып отыр. Дәм татыңыз» деген екен. Димекең «сендерге бармағанда, кімге барамын?» деп риза болыпты.

Сөйтіп, үйге Димекең бастаған отызға жуық адам келді. Мәртебелі мейманды бар салтанатымен қарсы алдық. Көрсеткен құрметімізге риза болған Димекең біраз жайланып отырған соң, балаларды сұрай бастады. Мен үлкендерінің Алматыда оқып жатқанын, кішілерінің балабақшада екенін айттым. Сосын ол кісі балалардың қайда тұрып жатқанын сұрады. Олардың жатақханада тұратынын айта бастап едім, Димекең мені тыйып тастады. «Оңайбай, мынауың жарамайды. Өзің үлкен қызметте жүріп, балаларды жатақханаға жатқызғаның не?» деген зілсіз ұрысының астарында ағалық қамқорлық жатыр еді. Сөйтіп, арада көп уақыт өтпестен бізге сонау арман қала болған Алматының Абай даңғылынан үш бөлмелі пәтер жиһазымен берілді. Cол кезде Оңекең маған «Басшының келгенін пайдаланып, үй алғаның қалай?» деп көп ұрысты. «Үлкен кісіге қалай өтірік айтайын?» деп мен іштей ақталам. Оның үстіне Димекеңнің алдында жалған сөйлеу тұрмақ, ойыңдағыны ірікпей айтудың өзі үлкен күш еді ғой. Әрі бұл Димекеңнің шын көңілден жасаған сыйы болатын. Балаларымыз оқуды аяқтағанша сол үйде тұрды.

Кейін Оңекең «Балалар елге қайтады. Ал, пәтерді мемлекеттің өз меншігіне қайтару керек» деп, көп ұзатпай қаланың қақ ортасындағы әйдік үйді өз қолымен тапсырып жіберді. Димекең хабарды естіген кезде «как это так?» деп Оңекеңе қатты ренжіпті. Жалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

– Сөзіңіз аузыңызда. Оңайбай Көшекұлын үлкен адамгершілік иесі деп те жатады…

– Оңекеңнің қызмет бабымен жүрген кезде «Бақсай» совхозында болған мына сын жағдай әлі күнге есімнен кетпейді. Бірде шаруашылық жайымен көлігімен кетіп бара жатқан Оңекең қойдың ортасында бүк түсіп отырған әйел адамды байқап қалады. Қыс мезгілі болатын. Ызғырық жел мен қалың қар шопан тұрмақ, малдың да есін шығарады ғой. Жақындап келген Оңекең әлгі әйелдің жүкті екенін, қатты тоңғаннан қозғала алмай отырғанын көреді. Сөйтіп, жүргізушісіне шопан әйелді үйіне жеткізіп салуын тапсырады. Өзі қойды қарап қалады. Сол кеткеннен Оңекеңнен үш күнге дейін хабар болмады. Сол кезде есім шыға қатты қорыққаным-ай… Күн болса аяз. Қар да қалың. Оның үстіне, ұйытқып боран соғып тұр. Әрі Оңекеңнің сырт киімі де жұқа болатын. Содан екі күн бойына Оңекеңді облыс басшылығындағылар әскери көлікпен іздеді. Бірақ, еш нәтиже болмады. Үшінші күн дегенде ғана сол кезде үлкен қызметте жүрген Владимир Шаронов тікұшақпен іздетуге бұйрық берді. Соның өзінде Оңекең қас қарая табылды. Боранда бағытынан адасып, қойдың артынан еріп жүре берген екен. Абырой болғанда қар қалың болып, қасқыр жолай алмапты. Үйге келген кездегі түрінен қатты зорыққаны, ашығып, суықтағаны көрініп тұрды. Кірпігіне дейін үсіп кеткен екен. Тіпті, бетін де өзі жуа алмады. Сөйтсем, қолы үсіп кетіпті. Ғажабы сол, Оңекең сол кездің өзінде қабақ шытпады. «Әйтеуір, адам да, мал да аман ғой. Шүкір» дегеннен басқа сөз айтпады. Меніңше, осы мысалдың өзі азаматымның еліне шынайы берілген жанашыр тұлға екендігін еріксіз дәлелдеп тұр…

– Былайғы жұрт Оңайбай Көшекұлын ресми тұлға ретінде ғана біледі. Ол кісі жар, әке ретінде қандай еді? Бала тәрбиесіне қаншалықты араласып отырды?

– Оңекең еліне қалтқысыз қызмет еткен тұлға ғана болған жоқ. Ол аяулы жар, ардақты да, қамқор әке бола білді. Мен «ауырдым» десем, дәрігер шақыртып, құрақ ұшып жүретін. «Адам көркі – ұрпақ» деген ұлағатты сөзді ескеріп, мен Алладан тек бала тілеумен болдым. Құдайға шүкір, тілегім орындалды. Олардың сәбилік қылықтарына мәз болып, еркелегендеріне, ернім тұшығанша құмарланып сүйгеніме ризамын» дегенді жиі айтып отыратын Оңекең өте балажан болды. 

– Сұхбатымызды түйіндесек…

– «Кімде-кім өмірдің биік белесіне шығамын десе, білімін, тәжірибесін, адамгершілік қасиетін жетілдіре беруі, жақсылық үйренуден жалықпауы керек» деген сөздер Оңекеңнің өмірлік ұранына айналған еді. Ол адал еңбегінің жемісін көрген шынайы адамгершіліктің, үлкен парасаттылықтың адамы болды. Ешкімнің ала жібін аттаған емес. Бұл әңгімені Оңекеңнің өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі болсын деген ниетпен айтып отырмын…

Әңгімелескен Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған