АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАНДАР БІЗДЕ ДЕ БАР

Спорт қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев спортшы, жаттықтырушылармен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Шаһар басшысы облысымыздың, қаланың атын әлемге жайып, Қазақстанның көк байрағын желбiреткен, Әнұранды бүкiл әлем көгiнде асқақтатқан Атырау өңірінің спортшыларына толағай табыс тiледi.

– Мықты спортшыларды тәрбиелеп шығаруда маңдай терін төгіп, мықты тәжірибесімен көзге түскен жаттықтырушы, бапкерлердің де ерен еңбегі зор. Бүгінде спорт – әлемде теңдесі жоқ халық бірлігінің нышанына айналса, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы спорттың қоғам өмірінде алып отырған үлес салмағын аңғарамыз. Тарихқа көз жүгіртсек, Атырау өңірі де мықты спортшылардан кенде емес. Аты аңызға айналған ардагер спортшылармен қатар, дзюдо спортынан көш бастап келе жатқан Назгүл Құбашева, Асхат Телманов, кикбоксингтен Абзал Дүсіповтердің есімін атауға болады, – деген Нұрлыбек Жұмахметұлы кездесуге қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. 

Марапатқа ие болғандардың арасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің спорт пәндері кафедрасының меңгерушісі, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұролла Мәмбетов, облыстық «Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаев, Атырау мұнай және газ институтының спорт пәндері кафедрасының меңгерушісі Еркін Төлегенов, «Мұнайшы» спорт кешені директорының орынбасары Рашид Агуанов, «Жайық» спорт кешенінің директоры Амантай Мұхамбетәлиев, Суда жүзу спортынан спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы Бауыржан Ақынбек, джиу-джитсудан спорт шебері, 2013 жылы Сочи қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы Мирас Шантасов және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, қаладағы түрлі спорттық шараларды ұйымдастыруға демеушілік көрсетіп, өз үлестерін қосып жүрген бір топ спорт жанашырлары да қала әкімінің Алғыс хатына ие болды. 

«Азиякредит банкі» басқармасының төрағасы Бауыржан Нұғымановтың айтуынша, қала әкімдігі мен аталған банк арасында меморандумға қол қойылған. Басты бағыттарының бірі – балалар спортын қолдау, дамыту болып табылады. Ұзақ мерзімді меморандум аясында банк тарапынан спорт залдар, балалар жаттықтыру мекемелеріндегі жаттықтырушылардың еңбекақысы төленіп келеді. 

Кездесу соңында годзю-рю каратэ-додан үшінші дан қара белбеу иегері, каратэдан аға жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші Сансызбай Торғаев үнемі спортшыларға қолдау білдіріп келе жатқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаевқа шын жүректен алғыс айтты.

 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз