ТАБЫЛДЫМЕН ТАБЫСУ

ел-жұрты  бард-ақынын  сағынышпен  еске  алды

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қазақтың бард өнерінің негізін қалаушы, ҚР Мәдениет қайраткері, аяулы жерлесіміз Табылды Досымовтың туғанына 50 жыл толу құрметіне орай ұйымдастырылған «Сағыныш белгісі» атты шығармашылық ән кеші өтті. Кешке ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов пен ҚР Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов, сондай-ақ, Табылды Досымов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Бижан Қалмағамбетов және еліміздің әр облысынан келген өнерпаздар қатысты. 

Арқасына «Сүлікқарасын» асынған қыр баласы күрмеуге келмеген 45 жыл ғұмырында соңына өміршең әндерін рухани мұра етіп қалдырып кетті. Арамызда болса еңселі елу жасқа толар еді. Өз тойында төрде мерейі тасып отырар еді… Жүріп өткен ізінде әні қалды. Орны ойсырап, жарқын бейнесі мәңгілік сағынышқа айналды. Алайда, қайталанбас дара қолтаңбасымен өнер өлкесіне мәңгі өшпес шырағын жағып кеткен сан қырлы талант иесінің толағай тұлғасы көзден кетсе де көңілден кеткен жоқ. Күллі қазаққа Табылдыдай дарын сыйлаған қасиетті Атырау өлкесі төл перзентін бес жылдан бері сағынышпен еске алып келеді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен «Армантау» ақындар клубы ұйымдастырған бұл ән кешіне де халық көп жиналды. Шараны облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев сөз сөйлеп ашты.

«Басында Табылдыдан ақын, әнші емес, палуан шығады деп ойладық. Өйткені, оның қара күш иесі екенін білетінбіз. Студент атанып, Алматыдан қысқы демалысқа келгенінде «Өзіңе жаттықтырушы таптың ба» деп сұрасам, «Мен қазір ақын болып кеттім ғой» дейді. Он күннен соң оқуына кетті. Сол кезде «Дендер» газетіне оның өлеңдері шықты. Оқығаннан кейін ақындығын мойындадық. Ал, жазда келгенде «Мен күйші болып кеттім» деген еді. Расында да ол шертпе күйлердің шебері болатын. Алматыдан енді бір келгенінде гитарамен ән салды. Сөйтіп жүріп, қазақтың тұңғыш бард ақыны атанды» деген ол Табылды Досымовтың  Индер ауданында басталған ән кеші биыл Алматы және Астана қалаларында да жалғасатынын айтты.

Иә, оның гитарасы бұрышта елеусіз қалған жоқ. Ән кешінде бард ақынның өнерін жалғастырушылардың орындауында оның танымал әндері шырқалды. Маңғыстаулық белгілі әнші Есенбай Құлиев және ақынмен  дос, сыйлас болған, өнеріне жанашыр азаматтардың бірі, Батыс Қазақстан облысынан келген Сәрсенғали Бейсенғалиев, сондай-ақ, ақынның жерлесі, әнші Алтынбек Бақтыгереев, Айнагүл Темірболатова мен Асхат Әмірғалиев, т.б. өнерпаздар кеш иесінің бірнеше  әндерін орындады.

Осы кеште Табылды ақынның рухына арнап, жерлес, ақын қарындасы Әлия Дәулетбаева «Жалқыны жоқтау» деп аталған жырдың тұсауын кесті. 

Сан қырлы талантпен алақандай ауылда ғұмыр кешіп, күйбең тірліктің құлы болу сезімтал ақын жүрегін ауыртпай қойсын ба. Кеудесіне сыймай, көкке ұмтылған армандарымен алысып, жаны жабырқады. Алматының ақ жауынын аңсады. Алатаудың баурайында қалған жастық дәурені қол бұлғап шақырды. Бірақ, тағдыр шіркін, өзін туған жерге жіпсіз байлап қойғасын қайда ұзасын?.. Табылды шығармашылығындағы бағасы биік, тыңдарман жылы қабылдаған туындылардың бірі – «Алматыда қалған қыз» әні. Көрермендер бұл әнді әнші Нұрлыбек Рауеловтің орындауында тыңдады.

Кештің құрметті қонағы, Қарағандыдан осы шараға арнайы шақырумен келген танымал әнші Сейіл Аяған гитараның сырлы сазымен ақын Жанат Әскербекқызының өлеңіне жазылған Табылды Досымовтың «Қара гүл» әнін және көпшілік сүйіп тыңдайтын «Жас қаламды» орындап, көрермен қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, ақынның бауыры Айдар Досымов «Жалған дүние» әнін шырқаса, көрермендер бұл кеште Табылдының ұлы Абылдың орындауында «Мен қазақпын» әнін тыңдады. Ал, ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңіне жазылған Табылды Досымовтың «Қыз махаббаты» әнін орындаған Айсабек Төлеген жас та болса өзінің орындаушылық шеберлігін танытты.

Ақынның ұл-қызын өсіріп, шаңырағының шамын жағып отырған зайыбы Қарлығаш Ибатова да кешке қатысып, аяулы жарының  әндерін тыңдап, көңілі босап отырды.

Ақтөбеден келген Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы, ақын Бижан Қалмағамбетов: «Табылды «Мен қазақпын» деген әнін Желтоқсан оқиғасынан кейін, бар болғаны 21 жасында жазды. Патриоттық рухтағы оның өршіл әуендері мәңгі жасай береді деп ойлаймын. Оның әндерін Моңғолия, Қытай, Түркиядағы қазақтар да жатқа айтады. Өткен жылы Үрімші қаласында ән кешін өткізіп, үлкен әсер алып қайттым. Шетелдегі қандастарымыздың Табылдының әндеріне деген ықыласы ерекше. Таяуда Моңғолиядағы бауырларымыз хабарласып, Табылды ағамыздың ән кешін сол елде өткізуге ұсыныс жасап отыр.  Ал, қараша айында өзі армандап кеткен кеші өтпекші» деді. Табылды Досымовтың шығармашылығына әркез қолдау білдіріп жүрген ол кеш иесінің өнерін насихаттауға үлес қосқан барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етті.

Бұдан соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов пен Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов сахна төріне көтеріліп, өз тілектерін айтты.

Кешті қорытындылаған Сәрсенбай Құрманұлы: «Бүгін тамаша кеш өтіп жатыр. Табылды тек Атыраудың ғана емес, иісі қазақтың мақтанышы деп есептеймін. Оны білмейтін кісі жоқ. Көзі тірісінде кешін өткізіп, ән-жинағын шығарған,  дүниеден өткен кезінде кесенесін тұрғызып, кітабын жинақтап шығаруға мұрындық болған ақтөбелік азамат, ақын, әрі кәсіпкер, меценат, Қызылқоға ауданында туып-өскен жерлесіміз Бижан Қуанышкерейұлына алғыс айтамын. Осы азамат Табылды дүниеден өткеннен кейін де оның басты жоқтаушысы бола білді.

Табылдының қуатты, рухты, өршіл өлеңдері адамға күш-жігер беріп,  жастарды отансүйгіштікке, патриоттық тәрбиеге баулиды. Маған әсіресе, «Мен қазақпын», «Биіктік» деген әндері ұнайды»  деп жүрекжарды лебізін білдіре отырып, ақынның ата-анаға деген перзенттік борышын терең сезінуі және адамдық принциптерге адалдығы жөнінде көңілге түйген ойларымен бөлісті.     

Кеш соңында көрермендер бейнеэкраннан өрнекті өлең мен сырлы саздың шебері Табылды Досымовтың өз орындауындағы «Өмірзая» әнін тыңдады. Шараға қатысқан  өнерпаздар сахнаға шығып, кеш иесінің төрде тұрған гитарасының жанына гүл шоқтарын қойды.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Жалқыны жоқтау

Жайықтан ұшқан жалқы қаз,

Қаңқылың көкке жетті ме?

Арызың айтқан өтті ме?

Қайсы да бірін айтайын,

Дүние тар ғой тектіге.

Өкініш болып, өрт болып,

Өзекті сосын тепкіле.

 

Жайықтан ұшқан жалқы арман,

Таршылық етіп тарпаңға,

Таба алмай орын ортаңнан,

Таңдайға удай татыған,

Тірліктің балы сортаң ба?

Тұлпарыңды, аға, қайтейін,

Тым ерте… келте қаңтарған.

 

Жайықтан ұшқан жалқы мұң,

Жанымды неге шарпыдың?

Дертіңе неге балқыдым?

Серінің сынған сертіне,

Сабырымды солай сарқыдым.

Сынық сәулеге шағылған,

Жанарларыңның жарқылын,

Аңсаумен өтті әр күнім.

 

Жайықтан ұшқан жалқы саз,

Пайымдар едім, парқым аз,

Парқымды ұғар халқым аз.

Жайымды енді сен тыңда,

Төлеген-ғұмыр, Табыл-жыр,

Жетім де қалған жеті ішек…

Әуелеп ұшқан алты қаз…

Жайықта қалған жалқы қаз…

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,

ақын.

 

 

Қарлығаш  ИБАТОВА, ақынның   жары:

«БАЛА СИЯҚТЫ ШАЛЫҚТАП КҮЛЕТІНІ БАР»

Ақындардың көбі өр болып келеді ғой. Мінез болмаса өлең де тумас еді. Солай бола тұра,  оның бала сияқты шалықтап күлетіні бар. Сол кезде көздері сығырайып кетеді. Сол риясыз күлкісі есімнен кетпейді.

Әке-шешесіне, балаларына, отбасына деген сүйіспеншілігін бәрінен жоғары қоятын. Ата-енем де, мен де Табылдының баласы сияқтымыз. Бәріміздің саямыз болды. Ол барда ештеңеден тарықпайтын едік.

Әкесінен қалғанда Абыл тоғызыншы сыныпта оқитын. Осы жылы бірде ұлым: «Апа, бәрібір сен әкенің тәрбиесін бере алмайды екенсің. Әкемнің орны бөлек екен» деп мұңайып қалды. Сол кезде ұлыма «Алланың маңдайға жазғаны осы болды. Әкеңнің орнын енді сен басасың ғой» деп басу айттым. Әрине, қиын, балаларымның қасында әкесі болғанға не жетсін! Ішім қан жылап тұрса да берік болуға тырысамын. 

 

Абыл ДОСЫМОВ, ұлы:

«ӘКЕМ МЕНІ ІНІМ ДЕЙТІН»

Әкем туған өлке тарихын зерттеуге құмар болды. Сондай кездерде қасында жүретінмін. Бірге жүрген осындай шақтарда маған көп ақылын айтатын.

Әкемнің тұлға ретінде жан-жақты қасиеттерін енді түсініп жатырмын. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, ол кезде бала болдық.  Әкеміздің парқына терең үңіле бермеуші едік. Оған тек әке ретінде қарайтынбыз. 

«Әкең өлгенмен, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді қазақ. Қазір ол жайлы біреу естелік айтса, алдымнан өзі шыға келгендей қуанып қаламын. Оңай емес, сағынасың. Әкемді аңсағанда оның көзін көргендерді іздеп барған кездерім болды. Солардың әңгімесін тыңдап, «айта түссе екен» деп құлағымды түріп отырамын. Осылайша сағынышымды басып, көңілімді жұбатып қайтатынмын.

Мен үш қыздың арасында өскен ұлмын.  Ата-әжемнің баласы болдым. Сол себептен де әкем маған балам деп айтып көрген емес. Маған «братишка» дейтін. Достарына да інім деп таныстыратын. Олар «сенің інің бар ма еді» деп таңғалатын. «Шалдың баласы» деген кезде барып түсінеді. Ал, мен оны әке дейтінмін.

Қазір Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыка факультетінде үшінші курста оқимын.

Әкемнің бардтық әндерін келешекте республикалық сахналарда орындасам деп өзіме мақсат қойдым.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз