МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туған күніне байланысты  тойланатын  мейрам  Мәуліт  мерекесі  деп  аталады. Бұл  дінде  әу баста болмағанымен, кейінгі жылдары мұсылман жұртшылығының басын қосып, пайғамбарымыздың тағылымға толы өмірбаяны мен хадистерін жан-жақты насихаттау  мақсатында дәстүрлі түрде тойланып келеді.  Қасиетті Мәуліт мерекесі өткен жұма күні облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында салтанатты түрде аталып өтті.

 Мәулітке арналған салтанатты жиын медресе ұстазы Абзал Түктібайдың Құран аятын оқуымен басталды. Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз алды. 

Ол ата-бабамыз қабылдаған Ислам дінінің құндылықтары және Мәуліт мерекесінің мәні мен маңызы жөнінде баса  айтты. «Қазіргі уақытта Ислам дініне қарсы шығып, соғыс зардаптарын көріп отырғандар аз емес. Мұндай жағдайды  біздің халықтың басына бермесін. Сондықтан, дәстүрлі дінімізге бет бұрайық! Жүздеріне қуаныш, жүректеріне иман ұялаған қадірменді ағайын, Мәуліт мүбәрәк болсын», – деп облыс әкімінің орынбасары құттықтау лебізін білдірді. 

Облыстың бас имамы Батыржан Мансұров жиналған жұртшылыққа  қасиетті Мәуліт айы туралы түсінік берді. «Мәуліт – пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүние есігін ашып, қараңғы әлемге қуаныш нұрын ала келген күн. Пайғамбарымыз Мекке мен Мәдинаға келгенде қалалықтар Оны (с.ғ.с.) «Толықсыған ай туды» деп қуанысып, жолын сарыла күтіп қарсы алған болса, Пайғамбарымыздың туылған күнін біз де Оның (с.ғ.с.) тамаша қасиеттерін, көркем мінезін еске ала отырып, атап өтуіміз жөн. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған салауат айтса, періштелерім оған он салауат айтады», – депті. Сондай-ақ, Мәуліт оқылып, салауат айтылған жерге Алланың нұры мен шапағаты төгілетіндігі де айтылған», – деген ол мәңгілік елдігімізді сақтау үшін қашанда Ислам дінінің құндылықтарына бет бұру керектігін жеткізді. 

«Әт-Тақуа»  мешітінің наиб имамы, теолог Қанат Жұмағұл «Адамзатқа ортақ тұлға – Мұхаммед (с.ғ.с.)» тақырыбында баяндама жасады. Шара барысында  театр  әртістері  халқымыз ұстанған шариғаттағы іс-амал мәзhабы – ұлы имам Әбу Ханифаның өмірі туралы сахналық көрініс қойды. Сондай-ақ, Алладан басқа Тәңір жоқтығын, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) оның елшісі, үлкен құрмет иесі екенін көрсететін бейнероликтер тамашаланды. Онда барша адамзаттың дәстүрлі Ислам дініне қайшы келетін әрекетке бармауы, тура жолдан таймауы керектігін бейнелейтін көріністер көрермен жүрегінен орын алды. 

Алматы қаласынан арнайы келген қазақ эстрадасының әншісі Сержанәли Әлібек діни әндерді орындады. Жиын соңында өңірімізде дәстүрлі Ислам дінін насихаттап жүрген бір топ азаматқа, сахналық көрініс көрсеткен театр әртістеріне Алғыс хаттар табыс етілді.  

Осылайша, пайғамбарымыздың өнегелі де, ғибратты ғұмыры, Ислам дінін дамытып, насихаттауға сіңірген еңбегі, көрген қиыншылықтары барынша шынайы сипатталды. 

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз