Білікті бағбанның жемісі…

bd3f85c4 cdac 4469 bae1 4a03f292e9c3 Экология

Бір кездері «Тамаша» театрында қойылған Болғанбай апай жайлы әзіл есіңізде ме? Мұнда жергілікті кәсіподақ өкілі ардагердің үйіне барып «сценарий» бойынша туған күнімен құттықтап, гүл беретін еді ғой. Сол қойылымның авторы Маңғыстаудың қарапайым шаруагер тұрғыны болатын.

Көшедегі көшеттердің кемшілігі көп

Ендеше, сол «сценарийді» қайталаудың қажеті болмас. Әңгіме – көшелерге егілетін тал-терекке байланысты.

Егін шаруашылығын сөз еткенде, маман тапшылығын жиі сылтау етеміз. Алайда, өмірде жоқтан бар жасап, айналасын жасыл-желекке айналдырған жандар аз емес. Соның бірі – есімі шартарапты шарлаған егінші австриялық неміс Зепп Хольцер. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, ол қазір өз елінде теңіз денгейінен 1500 метр биіктікте суптропикалық дақылдарды өсіріп отыр. Өндіріп жатқан өнімдері адам сүйсінтеді.

Атырау қаласының да орны бұрын теңіздің табаны болғаны белгілі. Соның салдарынан шығар, қазір жаңбыр жауса, жерде лезде сортақ-сортақ тұзды көлшіктер пайда болады. Әлгі немістің білгірі бұл мәселені қалай шешуге болатынын «ютуб» желісінде егжей-тегжейлі баяндаған. Ол не ойлап тапты? Алдымен, ойпаттау жерлерді траншея ретінде қазған. Осылайша, сол шұңқырларға кесілген теректер мен ескі ағаш бөліктерін және картон сияқты қалдық заттарды топырақпен көмген. Үйіндінің үстіне жеміс ағаштарын отырғызып, оларды тамшылатып суарған.  

54073196 8e33 43bc a8d4 1995e4f14a55

Осының нәтижесінде көмілген заттың бәрі пайдалы қалдық есебінде топырақты құнарландыра түскен. Салқын түскен кезде органикалық заттар ыдырап, биологиялық процестер болған. Осылайша, топырақтың температурасы ретке келіп, жерге көмілген қалдықтар артық суды бойларына сіңіріп, ылғалдың мол қорын қалыптастырған көрінеді. Қуаңшылық кезінде жеміс ағаштары сол қордан қоректенген екен.

Қалдықтар әбден шіріп, дайын құнарлы органикалық тыңайтқышқа айналған. Ал, егер ағаштың астына темір бөлшектерін көмсе, не болар еді? Мамандардың айтуынша, өсіп-өнген жемістің құрамы адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай болады. Айтпақшы, аз алқаптан мол өнім жинауға мүмкіндік беретін де тәсіл бар. Ол «метлайдер» деген атаумен жұртшылыққа жақсы таныс.

Жеміс ағашы – жанға сая

Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Яғни, Атырауды тек «қара алтынның» қазаны деп қарастыру қате. Мұнда егіншілікпен айналысуға да мүмкіндік мол. Тек тұрғындар осы сөзге мән беріп, зор сенім артуы қажет… Мұны білікті мамандар айтып отыр. Демек, «жасыл экономиканы» жүзеге асыру әр тұрғынның өз қолында.

Сонымен, әлгі көшеттерімізге кері оралсақ. Оларды қайдан табуға болады және қандай түрін таңдаған дұрыс? Біз бұл сауалды қазыналы аймақтың ауыл шаруашылығы саласына көп жыл жетекшілік еткен білікті маман Серік Сәрсекеновке қойған едік.

– Егер жергілікті жеміс бағынан жас тал тапсаңыз, климаты суық солтүстік аймақтардан алған абзал. Қалай болғанда да, өсімдіктер әлемінде «географиялық белдеу ендігі» деген түсінік бар. Сол бойынша біздің өңір 47-48 белдеу ендігіне жайғасқан. Сондықтан бізге Белоруссия, Польша, Италия елдерінен көшет әкелген дұрыс. Әрі бұлар түрлі вирустық жұқпалы ауруларға да төзімді келеді. Сондықтан олардың сертификаттары мен құжаттарының болуын қатаң қадағалау қажет. Сонда алған ағашыңыз да соғұрлым өнікті өседі,- дейді ол.

Бұлардың тағы бір қасиеті, тамырының тереңге жайылмауы. Бізге керегі де сол. Себебі, жердің асты ащы суға толы. Ал, оңтүстіктен жеткізілетін арзан жабайы алма ағаштары суыққа төзімсіз келеді. Алайда, бір өсімдік жақсы өседі. Бұл – жүзім көшеті. Оны қысқы мезгілде жылы жабындымен жауып қойған жөн.  

Көкжидектен – керемет кәсіп

Белоруссия бақтарынан көшет алдыратын бағбандар Атырауда да бар. Солардың қатары көп болса екен дейміз. Дегенмен, тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн. Жер шары бойынша 47-48 белдеу ендігіндегі  климаттық жағдай бірдей емес. Айталық, таулы және шөлді аймақтағы ауа райы екі түрлі. Мысалы, таулы жерлерде жаңбыр жиі жауатындықтан ылғалдың көбеюінен ол аумақ суптропикалық ортаға айналады.

Сол Белоруссияда арнайы торфта, яғни, шымтезекте көкжидек өседі. Онда топырақ қышқылдығы қалыпты мөлшерден (РН 4-5) аспайды. Көкжидек – адам ағзасындағы оксидантқа қарсы бірден-бір ем. Әлгі шымтезекті түркиялық кәсіпкерлер мұхит жағасында өсіріп жатыр. Ал, грузиялық бағбандар бұрынғы шай өсіретін алқаптарды толығымен жыртып, орнына көкжидек егуде. Бұл жеміс Атыраудан да табылады. Дәлірек айтқанда, «Насиха» базарында 1,5 мың теңгеге 125 грамм жидек алуға болады. Ал, оның бір килосының бағасы жылқының бірнеше кило ет-қазысынан кем емес. Айтқымыз келгені, осындай бизнесті бізге де жасауға болады…      

f514e583 d0d1 4d0d b592 c861b818ce0d

Жасыл бақты Атырауда да жайқалтудың мүмкіндігі бар. Осылайша, табиғи таза өніммен әркім өз отбасын қамти алады. Ала жаздай кептірген құрғақ жемістен компот сусынын немесе басқа да өнімдер дайындауға болады. Сусын демекші, бүгінде сауда сөрелерінде сатылып жатқан шырындарға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтынын байқайсыз. Бұл олардың табиғи өнім еместігін аңғартқандай. Нағыз табиғи алманың ішінде құрт болуы тиіс деген де тәмсіл бар. Керек десеңіз, өзге аймақтарды да жергілікті өніммен қамтып, бизнес жасауға бөгет жоқ. Тек Абай атамыз айтпақшы, «ынталы жүрек пен шын көңіліңіз» болса жеткілікті.

Отандық  өнімді өгейсітпейік

Жақында супермаркеттердің бірін аралап жүріп картоптың астындағы жазуды оқып, таң-тамаша қалғанымыз. «Египеттен әкелінген сапасы жоғары картоптар» деп жазылған маңдайша қақ төрде «менмұндалап» тұр. Сонда қалай болғаны? Алыстан тасымай-ақ, өнімді өзімізде өсірудің мүмкіндігі жоқ па?  

Білікті маман Серік Сәрсекеновтің айтуынша, импортқа икемделгеннен гөрі экспортқа басымдық берген жөн. Мәселен, жуырда жергілікті кәсіпкерлік палатасының мамандары скринингтік сауалнама жасаған екен. Оның қорытындысы көп жайға көз жеткізді. Бір жылдың ішінде шетелден жеткізілетін алманы алып қарасақ, оған жұмсалған қаражат 816,5 миллион теңгені құрайды. Демек, осыншама қаржы басқаның қалтасына құйылуда. Сонда біз шетелден тартуға тиіс болған инвестицияны соларға кері салып отырмыз ба?

– Өзімізде өндірілген 107 тонна алманы айтпағанда, бізге әлі де қалыпты көлем есебінде 30,3 мың тоннасы қажет. Ал, шетелдік алмаға келсек, оның қалай өсірілгені бізге беймәлім. Шетелдіктер өздері жемейтін болған соң, өзгеден несін аясын? Бұл жерде біз алмаға құрт түспеу үшін және оны ұзақ уақыт сақтау мақсатында қолданылатын улы химиялық қоспалар мен басқа да толып жатқан зиянды заттарды айтып отырмыз. Сол «сырты бүтін, іші түтін» алмаларға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтыны да сондықтан, – дейді білікті маман бізбен әңгімесінде.

033c4e14 80fa 4c50 ac11 7d3862a29fd4

Алма демекші, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп, жергілікті жемісті пайдалану, денсаулықты жақсартуға шақырды емес пе? Ал, сапалы тағам тұтынғымыз келсе, жер бетін жасыл баққа айналдыру қажет.

Балконда бақ  өсе  ме?

Егінді айтпағанда, қарапайым көгалдандыру жайы қозғала қалса, «бұл үшін арнайы егіс алқабы керек»  деген уәждер айтыла бастайды. Осы орайда, алыстағы ауыл-аймаққа бармай-ақ, қаланың ортасында егін егіп отырған жандар аз емес. Балконда бақ өсіріп жатқандар бар. Көп қабатты үй тұрғындарының да өз ауласында бір-бір жеміс ағашын жайқалтуына болады.

Сондай жандардың бірі – Қайырғали Смағұлов атындағы көшенің  №56 үй тұрғыны – Қазимаш Сабырова. Ол аядай аулада өсіріп жатқан гүл бағын күн сайын күтіп-баптап отырады. Жасы сексеннен асқан ардагер ұстаз әлі тың. Кезінде білім беру бөлімін басқарып, мектеп директоры болған ол зейнет жасына жеткен соң гүл өсіруді қолға алыпты.

– Жасыл желекке жаны құмар адам күн сайын таза ауамен тыныстап отыруға мүмкіндік алады. Осылайша, денсаулығы жақсарады, көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Бұл, әсіресе, қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Өйткені, олар көп уақытын ғимараттар мен кеңсе ішінде өткізеді. Дегенмен, сол кеңседегі гүлдердің өзін суаруға уақыт таппай жатады. Бұрын кеңсе қызметкерлері бір сәт кабинеттерінен шығып, табиғат аясында демалушы еді. Қазір осындай көріністі көп байқамаймыз. Өйткені, уақыт тапшы. Сондықтан, демалыс күндерін үйде емес, сыртта, әсіресе, тал-теректің саясында өткізген тиімді. Мәселен, біз отбасымызбен бос уақытымызды гүлдерді күтіп-баптаумен өткіземіз, – дейді ол.

Атырау қаласының тұрғыны Гүлнұр Бақытжанқызы құлпынаймен бірге авокада мен лимон өсімдігінен де өнім алады екен. Оның айтуынша, сырттан жеткізілетін жеміс-жидекті өзімізде де өсіруге болады.

Иә, ерінбеген адамның қолынан бәрі келеді. Бұл ретте, біреулер «пәтерде піскен жеміс дәмсіз болады» деуі де мүмкін. Әйтсе де, мұны біз мысал ретінде келтіріп отырмыз. Ал, оның қасында қала тұрғындары жылыжайдың да жемісін жеп отырған жоқ па? Олай болса, егін еккісі келген жан жөнін табады.

Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз