ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ

ол  неге  Жылыойда

жүзеге  аспай  отыр?

Израильдық тамшылатып суару тәсілі – бүгінгі күні ғана емес, бұдан бірнеше жыл бұрын қозғалған мәселе. Кейбір шаруашылықтар оны іске асыруға ұмтылғаны да есте. Дегенмен, тиімді тәсіл әлі күнге мақсатты жүзеге аса қойған жоқ.

Неге? Мамандардың айтуынша, бұл шаруаға ол жылдары су тапшылығы өз алдына, қаржы да қолбайлау болған. Бүгінде ауыл шаруашылығын өрге бастыруға елдік тұрғыдан ерекше мән беріліп, мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетіліп отырған тұста, шаруа қожалықтары да елеңдесіп жатыр.

Жуырда аудан басшысы Мақсым Ізбасов ауданымыздағы егін салып отырған шаруа қожалықтары жетекшілерімен «дөңгелек үстел» өткізгенде осы мәселе орынды қозғалды. Өңір басшысы өзінің кезінде АҚШ-та Лас Вегас пен Лос Анджелес қалаларында болғанында байқағаны, олардың жерінің біздің өңірге ұқсайтынын, шаруалардың жерді қолдан тыңайтып, көкөніс өсіріп, қаланы көкжелекке орап отырғанын айтты. Ал, бізде ше? Мамандардың айтуынша, өңірде су тапшылығы қалпынан ауған жоқ, оның алда күрделене түсетін де жайы бар.

 Ауданға арнайы келген «Ирригатор Қазақстан» компаниясының директоры Өмірзақ Әбдішүкірұлы сөз кезегінде, Алматы мен Шымкент қалаларында компанияның мамандарымен Қазақстан бойынша 800 гектар, көршілес Өзбекстанда 700 гектарға тамшылатып суару жүйесі қойылғанын жеткізді.

Жалпы, бұл жүйенің артықшылығы қандай? Қарапайым тәсілмен егілген көкөністен тамшылатып суаруда өнім бірнеше есеге дейін артық жиналады. Айталық, арықпен суару өнімділігі 20-35 пайыз, тамшылатып суару 85-98 пайызға дейін өнім бере алады. Жұмсалатын су шығыны үш есе аз болатыны өз алдына, бұл технология тыңайтқыштарды да екі есеге дейін үнемдейді. Тағы бір айтар жайт, құрылғымен өсімдіктің түбі мен тамырына ғана су жеткізіледі, ол алқаптарда арамшөптің аз шығуына себеп.

Маман өздері өндіруші болғандықтан тікелей осы технологияны шаруаларға жеткізіп, орнатып беруге гектарына 1800-2500 доллар аралығында сұрайтындарын да бүккен жоқ. Ол жиынға қатысып отырған «Аман-Есен», «Атамұра», «Бірлік», «Қайсар», «Мереке» шаруа қожалықтары жетекшілерінің сауалдарына да нақты жауап беріп, бағыт сілтеді.

 Ашығын айтқанда, тиімділік пен сапаға бастайтын жаңашыл жүйелерден аудан шаруа қожалықтары да сырт қалмай, бұл іспен іскер айналысулары керек емес пе? Аудан басшысы М.Ізбасов оларды алдағы уақытта облыстағы шаруа қожалықтарымен тікелей араласып, тәжірибе алмасып, тиімді іс-шараны мақсатты қолға алуға және нақты нәтижесін көруге шақырды.

Қаржау  ОРАЗБАЕВ,

меншікті  тілшіміз,

Жылыой  ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз