НҰРЖАУ АУЫЛЫНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП…

img 20220629 wa0052 Экономика

Құрманғазы ауданы Нұржау ауылдық округінде жүзеге асып жатқан жарқын жобалар мен игі бастамалар жөнінде білмек болып біз аталған округ әкімі Мұрабек Мұғаліммен әңгімелескен едік.

– Құрметті Мұрабек Рифхатұлы, округте қанша ауыл бар және қанша халық тұрады? Ауылдан қалаға көшіп жатқандар көп пе?

– Нұржау ауылдық округіне қарасты Нұржау және Жамбыл елдімекендері бар. Мұнда 2912 адам тұрады. Соның 1905-і еңбекке жарамды болса, 89-ы жұмыссыз. Ал, қалғанын зейнеткерлер мен мүгедектер құрайды.

Округте қай сала ілгері дамыған? Тұрғындар немен айналысады?

– «Ауыл – алтын бесік» демекші, халықтың басты тірегі де, тілеуі де – ауыл. Қазір ел тізгінін қолға алып, ат үстінде жүрген азаматтар да, кәсіпкер атанып көл-көсір пайдаға кенеліп жүргендер де, бәрі де ауылдан шыққанын ұмытпаған жөн. Ендеше, нұржаулықтар да атакәсіп – мал шаруашылығымен және кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойған. Осы орайда, округте барлығы 48 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Онда 88 адам тұрақты еңбек етеді. Бір қуантарлығы, биыл төрт түліктің аз да болса өсімі байқалады. Атап айтқанда, мүйізді  ірі қара 3153, қой-ешкі 3136, жылқы 1058 және түйе 450-ге жетіп отыр.

Округ бойынша 65 тонна ет өндірілді. Оның 46 тоннасы шаруа қожалықтарына, қалғаны жеке секторға тиесілі. Жоспарланған 6 мың тонна мал азығы 100 пайызға дайындалды. Бұл ретте, шаруагерлер аз қамтылған отбасыларынан да көмектерін аямайды.

Жастар жұмыспен қаншалықты қамтылған?​

– Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құрайды. Яғни, жүзге жуық тұрғын екі қолға бір күрек таба алмай отыр деген сөз. Сондықтан тұрақты түрде бос жұмыс орындары ұсынылатын жәрмеңке өткізіліп отырады. Нәтижесінде, қырық адам түрлі мекемелерге тұрақты қызметке орналасты. Тағы 25 тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, 88 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Ал, жастарға келсек, алтауы жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша еңбекке араласуда. Бір атап өтерлігі, 12 тұрғын «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне үйретіліп, қолдарына арнайы сертификат алды. Сол сияқты, мемлекеттік қолдаудың арқасында төрт адам қысқа мерзімді оқыту курсынан өтті. Бұдан бөлек, бес азамат 1 миллион 417 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды. Сөйтіп, өз кәсібін ашты. Олардың арасында жастар да бар.

Округте өндіріс орындары бар ма?

– Өкінішке қарай, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар жоқ. Мүмкін, кім білер, болашақта ашылып қалар. Бұл енді алдағы уақыттың еншісінде.

– Шағын және орта кәсіпкерліктің аяқ алысы қалай?

– Барлығы 11 кәсіпкер тіркелген. Қазір олар 15 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Соның ішінде тоғыз азық-түлік дүкені қызмет көрсетеді.

– Ауылда дәрігерлер жеткілікті ме?

– Тек бізде ғана емес, басқа ауылдарда да медицина саласы бойынша білікті мамандар жетіспейді. Жалпы, бұл барлық өңірлерде орын алып отырған жағдай десе де болады. Ал, біздің округке келсек, тұрғындар санына сәйкес, қажетті қызметкерлер баршылық. Бүгінде «Нұржау» дәрігерлік амбулаториясы тұрғындарға амбулаториялық, медициналық көмек пен күндізгі стационарлық емдеу қызметін жүргізеді. Онда жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер, зертханашы және үш медбике халыққа қызмет көрсетуде. Бір «әттеген-айы», 1974 жылы салынған ғимарат қазір әбден тозығы жеткен. Осыған дейін ол тек бір рет – 2009 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру жұмыстары кезек күттірмейді. Бұл бағытта Құрманғазы аудандық ауруханасының бас дәрігеріне өткен жылдың 22 маусымында округ әкімінің №08-16-01/374 хаты жолданды. Ендеше, жақсы жаңалықтан үміт үзбейміз.

– Қоғамдық тәртіпті сақтауда қиындықтар жоқ па?

– Сұрағыңыз орынды. Соңғы кезде кей аудандардың жекелеген ауылдарында жастардың өзара текетірестері орын алып жүр. Мамандар мұның бәріне жұмыссыздықты кінәлайды. Яғни, ауылдық жерде жастарға бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік бола бермейді.

Шүкір, біздің ауылда жағдай бірқалыпты. Округтегі жеке учаскелік инспектор өз жұмысына зор жауапкершілікпен қарайды. Осы ретте, оған ауылдық округ әкімдігінің ғимаратынан арнайы бөлме берілген. Ол жергілікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Атап айтқанда, қылмыстың алдын алу бағытында қоғам арасында түсінік жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Соңғы тіркелген үш қылмыстың екеуі ашылған. Сондай-ақ, «Төлқұжат», «Өріс», «Құқық тәртібі», «Борышкер», «Қауіпсіз түн» атты арнайы рейд жұмыстары да көптің көңілінен шығуда. 

– Мәдениет пен спорт саласына да тоқталсаңыз…

– Кезінде 1981 жылы бір қабатты саз мектебі бой көтерген болатын. Қазір де бұл түрлі салтанатты шаралар мен маңызды жиындар өтетін мәдениет үйіне айналған. Ал, спортқа келсек, әзірге мектеп ауласындағы спорт залы мен ойын алаңдарынан басқа арнайы нысандар жоқ. Былтыр округ әкімінің есебі тыңдалған кезде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар ескеріліп, биыл Нұржау ауылына жабық спорт кешенін, спорт және балалар ойын алаңын (кіші аяқдоп, волейбол, воркаут алаңдары) салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға қаржы бөлінді. Бұл ретте, бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мұнымен ғана шектеліп қалмайды деп сендіргім келеді.

Білім беру бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Округте Нұржау және Панфилов атындағы жалпы орта мектептері оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етуде. 1982 жылы салынған Нұржау мектебіне былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, Панфилов атындағы мектеп 2014 жылы салынған. Аталған білім ұяларының ұстаздары мен шәкірттерінің мақтанышпен айтар жетістіктері жетерлік. Арасында республикалық және халықаралық додаларда топ жарғандары да бар.

Сондай-ақ, тоқсан балаға арналған «Гаухар» бөбекжай балабақшасы жұмыс жасайды. Мұнда төрт топта мектеп жасына дейінгі ауыл балалары тәлім алуда.

– Жол қатынасы қалай?

– Осыдан екі жыл бұрын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Нұржау ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту» жобасы басталған болатын. Жоспар бойынша он шақырымдық автокөлік және 3,3 километр жаяу жүргіншілер жолдары қайта жаңғыртудан өтпек.

Аталған жұмыстармен айналысатын мердігер мекемені анықтау үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдарына сәйкес конкурс ұйымдастырылды. Онда «Атырау Жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып табылды. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.  Аталған мекемемен арнайы келісімшарт жасақталды. Қазір жолдың негізгі қабатына ПГС топырағы мен қиыршық тас (щебень) төселуде. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы салынып, келер жылы тасжол төсеу жұмыстары жүргізіледі.   

Сұхбаттасқан – Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз