Баптай білгенге – жер жомарт

rolrolr Экономика

ЕГІН – ЕЛ ЫРЫСЫ. ОСЫ САЛАДА ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН КӨРІНІП, ЖЫЛМА-ЖЫЛ ЕГІНШІЛІКТЕН ЕСЕЛЕП ӨНІМ АЛЫП ОТЫРҒАН ІРГЕЛІ ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫҢ БІРІ – МАХАМБЕТ АУДАНЫНДАҒЫ «ДАСТАН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ. «ДАСТАНДЫҚТАР» БИЫЛ ДА ЕГІНЖАЙ ЫРЫЗДЫҒЫН ЫСЫРАПСЫЗ ЖИНАП АЛУДЫҢ ҚАМЫНДА. ОҒАН ӨЗІМІЗ ДЕ КУӘ БОЛДЫҚ.

Озық технологияның тиімділігі

Жол бастап жүрген шаруашылықтың осы салаға жауапты маманы – бригада жетекшісі Айдос Байниязовтың айтуынша, өнім жинау бұдан біраз бұрын, шілде айының бас кезінде басталыпты. Қожалықтың егістік жер көлемі 150 гектарды құрағанымен, агротехникалық талаптарға сай оның бәріне бір мезгілде егін егілмейді, кезектестіріліп тынықтырылады екен. Соның өзінде қазірде алып жатқан өнімге көңіл толады. Тиісінше баптап-күтудің, мезгілінде суарып, түптеп, арам шөбін жұлып, тазартып отырудың арқасында егін бітік өсіп, белгіленген межеден көрінуге мүмкіндік туып отыр. Сайып келгенде, бұл – тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген тамшылатып суару технологиясын ұтымды пайдалана білудің нәтижесі.

– Жұмыстың басым бөлігі қуатты техникалар және агрегаттардың күшімен атқарылатыны, соған сүйенетіні белгілі. Дегенмен, піскен егінді дер мезгілінде төкпей-шашпай, жинап алудың өзі қол күшін қажет ететіндіктен, осындай науқанды жұмыстардың барысында қосымша адам аламыз. Былайғы уақытта тұрақты жұмысшының саны 35-40-ты құраса, қазірде бұл сан екі есеге дейін көбейген. Олардың қатарында өздерінің негізгі жұмысынан қолдары босаған, еңбек демалысына шыққан, сондай-ақ жұмыссыз жастар бар.

Ширақ қимылды диқандар

Жайықтың жағасындағы Ақжайық ауылдық округіндегі аталған шаруа қожалығына белгілі кәсіпкер Қоныс Ерманов жетекшілік етеді. Мұнда биыл 115 гектар жерге егін салынған. Жылдағыша оның денін көкөніс-бақша, бір бөлігін картоп және мал азықтық дақылдар құрайды. Бірімен-бірі қанаттаса жайғасқан егістік алқаптарының қайсысында да жиын-терімнің қарқынды жүріп жатқаны байқалады. Жүздері күнге тотыққан, тынымсыз жұмыс жасап жатқан диқандардың қимылы ширақ. Біздің әуелі маңдай тірегеніміз қызанақ танабы болды. Сонадайдан көзге шалынып, сабағынан домаланып түсіп жатқан қызанақтарды біреулері жәшіктерге салып, егіндіктің шетіне шығарса, екіншілері ірісі мен ұсағын бөлек сұрыптап, әлі де қызарып үлгермегендерін күннің көзіне қоюда. Таңғы салқынмен жұмыстарына кірісіп кеткен егіншілер жиылған өнімнің алдын қожалықтың орталықтағы дүкеніне, одан қалды базар мен қаладағы сауда нүктелеріне жөнелтіп те үлгерген.

Ырыздықты ауыл болып жинаймыз

Кезекті сұхбаттасушымыз Ақжайық ауылының тұрғыны Асылай Мұстафина өз ойын былайша білдірді: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз. Диқандардың жаз бойғы еңбегі еш кетпес үшін жұмыстан қолымыз босай қалса, жылда осында келіп көмектесеміз. Еңбекақымыз да жаман емес. Әсіресе, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл жастарына мұның берер пайдасы мол. Бір жағынан еңбекке үйренеді, екіншіден табысын табады. Қожалықтың адамдарды алқап басына тасымалдап жеткізетін көліктері сайлы. Сонымен асханаға түстікке де алып барады. Одан бөлек, егістіктің басында қалатындар үшін дала қостары жасақталып қойылған. Өйткені, үздіксіз жұмыс жасап тұратын тамшылатып суару құрылғыларын қадағалап тұрмаса, техниканың аты техника емес пе, кез-келген уақытта істен шығуы ықтимал. Былайша айтқанда, оларға жүктелер міндет жүгі де жеңіл емес».

Ақаулы техниканы өзіміз жөндейміз

Қожалықта көлік жүргізуші әрі механик қызметін қоса атқаратын Ғарифолла есімді замандасымыз бүгінде пайдаланып отырғандары еңбек өнімділігі жоғары, қуатты техникалар екендігін айтады. Әр жылды табысты, пайдамен аяқтауға дағдыланған шаруашылық мүмкіндігіне қарай машина-трактор паркін жаңартып, болмаса қолдағы барын кәдеге жаратып, пайдаға асыруда. Бұзылғандарын алысқа апармай-ақ, қожалықтың өз шеберханасынан, немесе егістік басынан-ақ жөндеп береді екен. Техниканы тізгіндеген жігіттер – қай шаруаны да ұршықша иірген бесаспап мамандар. Мұның да ұжымды табысқа жетелейтін маңызды факторлардың бірінен саналатынын сұхбаттасушымыз ашып айтты.

Тәжірибе – табысқа жетелер жол

Қожалық басшысы Қоныс Ермановтың айтуынша, егіндікте көкөніс-бақша дақылдарының бірнеше түрі өсіріледі. Соның ішінде, қияр негізінен ауылдың іргесіндегі жылыжайда бапталып, биылдың өзінде бірнеше рет өнім жиналып тапсырылған. Сол сияқты, елдің алдымен тұтынушы дастарханынан орын тапқан, жоғары сұранысқа ие дақылдардың қатарында қарбыз бен картоп бар екен. Бұлардың да ерте пісетін сортының тұтынушыларына жөнелтілгеніне біраз болыпты. Енді кеш пісетін түрінің жиналатын күні алыс емес. Таяу күндері шаруашылық базасында өткізілген «Дала күнінде» шаруашылық иесі осылардың әрбіреуімен жеке-жеке таныстырып, ерекшеліктеріне тоқталған болатын. Басқосуға облыс өңірлерінен қатысып, әріптесінің әңгімесін тыңдап, озық тәжірибе мен технологияның қыр-сырына қаныққан өзге шаруагерлер «Дастаннан» үйренері көп екендерін жасырмады. Өз кезегінде шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев мұндай басқосуларды ұйымдастырудағы түпкі мақсат та осында екендігіне тоқталды. Алдағы аптада көршілес Астраханда осы мазмұндас шара өткізу жоспарланғанын айтып, тілек білдіргендерді соған қатысуға шақырды. Оған қоса, жұмысты жаңаша бағытта жүргізу, ұсақ шаруашылықтарды, кооперативтерді біріктіріп, ауылдағы өндірісті өрге бастыру мақсатында мейлінше оңтайлы да өміршең әдіс-тәсілдерін енгізу, озық тәжірибелерді кеңінен таратып, шаруагерлердің бір-бірінен үйреніп, әріптестік байланыстарын нығайтуға көбірек көңіл бөлетін мезгіл жеткенін айтты. Осындай үрдістің жарқын үлгісі ретінде «Дастан» шаруа қожалығының бүгінгі тыныс-тіршілігін мысалға келтірді. Егістік алқабын аралағанда агро техникалық өңдеу, өсімдік зиянкестеріне қарсы күрес шараларының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде егіннің өсіп-жетілуі вегетациялық режимге сәйкес. Оның үстіне, өзгелерінде көп ұшыраса бермейтін асханалық қызылша да осында. Одан бөлек, «дастандықтар» соңғы кездері құнарлы мал азығы болып саналатын көпжылдық екпелі шөп өсіруді де қолға алыпты

Дайындаған Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз