ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ

жаңаша жұмыс істей бастады 

Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің бұл жолғы қонағы – облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Мұрат Демегенов болды.

Жаңа құрылым жұмысын жаңаша ұйымдастыру үстінде. Жергілікті полиция қызметінің басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінде қоғамдық тәртіпті күшейтуге, қылмыстың алдын алуға баса назар аударылуда. Оның қазірдің өзінде нәтижесі де байқала бастапты. Ал, жаңа құрылымның ізіндегі облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы өткен жылы барлығы 126 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Соның 87 мыңға жуығы – жол жүру ережесінің бұзылғандығы жөнінде. Қынжылтатыны, жол қауіпсіздігіне байланысты заңдылықтар қатайтылғанымен, автокөлікке мас күйінде отыратындардың саны азаймай келеді. Екі мыңдай жүргізушінің дөрекі қылығы – бұған мысал.

Брифинг қонағы Жергілікті полицияның қызметіне көбірек тоқталды. Бүгінде ол Атырау облысының көлемінде бір мыңнан астам бірлікті біріктіріп отыр. Жаңа құрылымға учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері, жол-патрульдік, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері, қабылдаушы-бөлушілер және арнайы қабылдаушылар кіреді. Жергілікті полиция қызметі басшысының екі орынбасары болады екен. Бірі қоғамдық тәртіп мәселесімен айналысса, жол бойындағы қауіпсіздікке жауапты келесі орынбасар әлі тағайындала қоймапты.

Жаңа жүйенің жұмысты ширата түсетініне тағы бір мысал, бұрын жұртшылық учаскелік полиция инспекторларын тани бермейтін. Оның қызметіне қатысты сын айтылса да, нақты шешім алына қоймаушы еді. Ендігі жағдай басқаша болмақ. Тәртіп сақшысы тоқсан сайын аумағындағы тұрғындармен кездеседі. Егер ол қылмыстың алдын алуда әрекетсіздік танытса, халықпен байланысы қанағаттандырмаса, орнына басқа адамды қою мәселесі көтерілетін болады.

Айтпақшы, Жергілікті полиция қызметі орналасатын мекен-жай әлі анықталмаған. «Бұл мәселе болашақта шешіледі деп ойлаймыз» дейді жаңа құрылым басшысының орынбасары.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз