Жастарға жол көрсетті

1453697634 nur otan Жаңалықтар

Жақында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен «Ардагерлер одағы (тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік іс-қимылдарына және әскери   қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық қоғамдық бірлестігінің Құлсары қаласы бойынша филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен «Жастар – Отанға» тақырыбындағы қорытынды брифингі өтті.

1453697634_nur-otan

Отырыста филиал төрағасы Нұрберді Төлеуғожин сөз алып, бірлестік филиалының 2014-2016 жылдар аралығында атқарған жұмыстарын слайд арқылы таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бірлестік аудан жастарының бойына қазақстандық патриотизмді ұялату бағытында мектеп оқушылары арасында «Қайсар» патриоттық клубын ашуды, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, қазақтың ұлттық ойындары – жамбы ату, аударыспақ, теңге алуды жандандырғысы келетіндерін жеткізді.

Тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысушы ардагерлер Сырым Әбдірахманов, Сәндібек Тілеубаев, Қайрат Дүйсенбетовтер бүгінгі күні кейбір жастардың жат дінге кетіп жатқанын, Отан алдындағы борышын өтеуден қашып жүргендері туралы мәселе көтерді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Қадыров, Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Досан Әділовтер өз ой-пікірін ортаға салып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін қоғамдық бірлестіктің жұмысын жандандыру, осы бағыттағы жұмыстарға көбірек қолдау қажеттігін атап өтті.

«Мейір Нұр» ат спорты және сауықтыру орталығының басшысы Нұрлан Шегіров биылдан бастап атпен серуендету бағытында әлеуметтік кәсіпкерлік ашып, алдағы уақытта жастарды ат спортына баулуға дайын екенін жеткізді.

Ж.ШАҢҚАНОВА,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз