Жапырақ жайған бәйтерек

Жаңалықтар

Астанада «Мерейлі отбасы – 2016» ұлттық байқауы  қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Биылғы конкурсқа барлық облыстардан, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларынан 16 отбасы қатысты. Олардың барлығы да – үлгі алуға тұрарлық, салт-дәстүрге берік әулеттер.

Дегенмен, байқаудың талаптары бойынша бір ғана отбасы жеңімпаз бола алады. Биыл осы мәртебеге Ақтөбе облысы бойынша жеңімпаз атанған Нұсқабаевтар әулеті ие болды.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» мерекесі болып жарияланды. Содан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жеңімпаздарды ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова құттықтап, жеңімпаз әулетке дәстүр бойынша шағын автобустың кілтін табыстады. Ал, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры» атынан әр облыстың жеңімпазына еліміздің кез келген аймағынан құны 300 мың теңгелік тұрмыстық техниканы алуға мүмкіндік беретін сертификаттарды табыстады.

amg_1675

Дүйсенбінің кешінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде облыс намысын қорғаған Қаршегеновтер отбасын Атырау халықаралық әуежайында ағайын-туыстары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері ерекше ықыласпен күтіп алды. Шаңырақтың отанасы Жұмабике әжейді бала-келіндері шашу шашып, құшақ-құшақ гүлдермен қарсы алды.

– Перзенттерімнің табысы мен қуанышына марқайып жүрген ақ самайлы аналардың бірімін. Осы өмірде көзім анық жеткен бір нәрсе бар. Мысалы, баласына жамандық ойлайтын жер бетінде бірде-бір ата-ана жоқ, бәріміз оларды тәртіпті, тәрбиелі, иманды, адамгершілігі мол, қайырымды жандар болса деп тілейміз.

Байқауды  өткізіп,  айтулы шараны ұйымдастырудың да негізгі мақсаты – осындай отбасыларды қалыптастыру, үлгілі отбасылар қатарын көбейту. Тіпті, Мемлекет басшысының өзі келіп, шараны қорытындылауы еліміздегі отбасылық құндылықтардың асқақтай түсуіне айрықша ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл үшін Елбасына зор алғыс айтуымыз керек, – дейді Жұмабике Өтеғалиева.

amg_1576

Абай Ақмұрзиев

Суреттерді түсірген: Аман МУТИГУЛЛИН, Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған