Зейнеткерлікке ерте шыққыңыз келе ме?

Әлеумет Жаңалықтар

Қазақстандықтар 50-55 жаста-ақ зейнеткер атана алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақы-пованың айтуынша, қазіргі таңда зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс жасайтын азаматтардың зейнетке ерте шығу шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, мұндай мүмкіндік барлық қазақстандықтарға да тиесілі. Ол үшін зейнетақы жинағының мөлшері межелі сомадан асуы тиіс.

Әлеумет

Аталған мәселені түсіндірген вице-министр: «Егер жұмыскердің 1998 жылдан бастап аударып отырған міндетті зейнет-ақы жарнасының сомасы немесе жұмыс берушілерінің 2014 жылдан жасаған жарнасы, сол секілді кәсіпкер ретінде ерікті зейнетақы аударымдарының сомасы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жеткілікті болса, онда ол азамат зейнетке ерте шыға алады» деді.

Яғни, ағымдағы талаптар бойынша, ер адамның зейнетақы жинағында – 8 миллион 900 мың, ал, әйел адамның жинағында  12 миллион 477 мың теңге жиналуы міндет. Бұл талаптарға сәйкес келсе, қандай салада жұмыс жасайтынына қарамастан, әйелдер 50 жастан, ал, ерлер 55 жастан бастап мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шыға алады. Ал, аралық көрсеткіштің екі түрлі соманы құрауына қатысты түсінік берген сарапшылар демографиялық      ахуалға сүйенгендерін алға тартуда. Яғни, зейнеткерлікке шыққаннан кейін әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) деректеріне сүйенсек, зейнеткерлікке ерте шығу құқығын зиянды еңбек жағдайындағы 640 адам пайдаланыпты. Ресми мәліметтер бойынша, келесі жылға қарай тағы 1000 қазақстандық аннуитетті сатып алуға қажетті жинақтың иесі бола алады.

Айта кетелік, Қазақстан – посткеңестік аймағындағы зейнетақыны жыл сайын көтеріп отырған санаулы елдердің бірі. Министрлік таратқан мәліметтерге сүйенсек, бұл күнде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерген. Ал, келесі жылдан бастап 460 мың мүгедек үшін жәрдемақы инфляцияға қатысты жыл сайынғы индексациядан тыс 16 пайызға өседі.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері – 14 466, ең төменгі зейнетақы 31 245 теңгені құрады. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, базалық зейнетақы алушылар саны – 2 116 609, ынтымақты зейнетақыны алушылар қатары 2 099 638 адамды құрап отыр.

Ғалым АМЕРХОДЖАЕВ, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы:

– Қазақстан азаматы БЖЗҚ-да белгіленген көлемде жинақ жинаса, ол жинағын сақтандыру қорына аударып, аннуитет алып, бүгіннен бастап жұмыс жасамай-ақ табыс ала бастауына болады. Бірден айталық, қазақстандықтардың басым көпшілігі бұлай жасай алмайды, себебі, елу жасқа дейін зейнетақы жинағында сонша қаржы жинақталмайды. Қалай болғанда, аталған аударма жүйесін пайдалана алатын азаматтардың белгілі бір санаты бар. Олар заңмен белгіленген зейнеткерлік жасын күтпей-ақ, зейнетақы жинақтарының қызығын қазірден көруіне жол ашық.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз