Сенат төрағасы Дариға Назарбаева ерлікпен қаза тапқан атыраулық полицейдің отбасына көңіл айтты

IMG 20190322 WA0080 Жаңалықтар

Atr.kz/22 наурыз, 2019 жыл. Өзгенің өмірі үшін өзінің өмірін құрбан еткен бүгінгінің батыры – атыраулық полицей Шалқар Ақымғалиевтың қайғылы қазасына байланысты, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева марқұмның отбасына көңіл айтты.

1553256904 whatsapp image 2019 03 22 at 18 11 42

«Балаларыңыз, жол-патрульдік қызметінің қызметкері Шалқар Көшкінбайұлы Ақымғалиев басқа адамның өмірін құтқарамын деп өз өмірін қиды, нағыз ерлік көрсетті. Бұл Қазақстан үшін де орны толмас ауыр қайғы. Мұндай ерлік және азаматтық – басқаларға да, өсіп келе жатқан жастарға да ерекше үлгі. Нағыз Батырды тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге бас иеміз. Осындай ауыр күнде сіздермен бірге қайғырып, бірге жанымыз егіледі. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын» делінген көңіл айту жедел хатында.

Еске сала кетелік, кеше кешкілік 22.00 шамасында Атырауда суға секіріп өмірімен қош айтыспақ болған әйел адамды полицейлер құтқарып қалған болатын. Орталық көпір бойында болған қайғылы оқиға кім-кімді де бей-жай қалдырған жоқ. Патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев суға батып бара жатқан әйелді құтқармақ болып, өзенге түсті. Алайда, қатты ағын салдарынан полиция қызметкерінің өзі суға кетіп қалды. Шалқар Ақымғалиевтің денесі оқиға орнындағы ағыстың төменгі бөлігінен табылып, жағалауға шығарылды.

Ақымғалиев Шалқар Көшкінбайұлы көп балалы отбасында тәрбиеленген. Үйленбеген, 1 сәуірде 25 жасқа толатын еді.

Бүгін таңмен атыраулықтар оқиға орнына гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына дұға жасады. Көңіл білдірушілердің қатарында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та болды. Полиция департаментінің жеке құрамы мен аймақ басшылығы қайтыс болған азаматтың жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қажет көмек көрсететін болады.   «Атырау» газетінің редакциясы марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз