Мереке күнгі береке

img 20201002 wa0193 Жаңалықтар

atr.kz/2 қазан, 2020 жыл. Мұнайлы өңірдің астанасы – Атырау қаласының 380 жылдық мерекесіндегі шаралар тізбегі баспана бақытына ие болғандардың қуанышынан бастау алды.

Нұрсая мөлтекауданында бой көтерген бұл үйге қаладағы Гагарин көшесі, 124 мекен-жайындағы жатақхана тұрғындары қоныстанады. Ұзақ жылдардан бері апатты жағдайдағы үйде тұрып, осы күнді асыға күткен жандарға пәтер кілтін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жұмабек Жұмағалиев табыстап, мерейлі мерекемен құттықтады.

«Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау секілді игі шаралар дәстүрге айналды. Мемлекет қамқорлығының арқасында бүгін де қаншама шаңырақ шаттыққа бөленіп отыр. Баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, жаңа баспана сіздерге құт-береке әкелсін деп тілеймін» деді Ж.Жұмағалиев.

img 20201002 wa0191

Алғаш болып пәтер кілтін иемденгендердің бірі – Танзиля Ғилажеваның жатақханада тұрғанына біраз жыл болған. Мереке күні пәтер алған ананың алғыстан басқа айтары болмады. «Бұған дейін басымнан өткізген қиындығым қуанышты сәтті көргенде ұмытылып кетті. Оның үстіне, бұл күн мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Баспаналы болып жатқан отбасыларына тек құт-береке тілеймін» дейді ол.

Ал, көп балалы ана Жұмагүл Айтуарова «жылдар бойы күткен пәтерге қол жетіп, төбем көкке жеткендей» дейді. Су, газ және жеке жуыну бөлмесі – жатақхана тұрғындарының арманы еді.

«Міне, сол күткен жылдар оң нəтижесін берді. Балаларымның бағына еңсесі биік, жаңадан іргетасы қаланған үй бұйырды. Мереке күні бізге осындай қуаныш сыйлаған облыс әкіміне және қала басшыларына айтар алғысым зор» деп ағынан жарылды қуаныш иесі.

Иә, бүгінгі жаңа баспанаға кірген 70 отбасының қуанатын да жөні бар. Қол созым жерде мектеп, балабақша, ойын алаңдары және супермаркеттер орналасқан. Қуанышқа кенелген көршілер бір-бірін құттықтап, «үйіме ертең-ақ көшіп кіремін» деп мәре-сәре болды.

Пайдалануға берілген үйдің құрылыс жұмысын «Асқұрылыс» ЖШС-і жүргізді. Құрылыс учаскесінің бастығы Артур Егізбаевтың айтуынша, инженерлік-коммуникациялық желілері де толықтай дайын екен. «240 пәтерлік 9 қатарлы үй барлық талапқа сәйкес салынды. Мұнда жеделсаты, өрт қауіпсіздігі жобасы қарастырылған» деді учаске бастығы.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің түсiнiк бере кеткенiндей, апатты тұрғын үйлер мен жатақханалардың тұрғындарын көшіру жалғаса береді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз