Құлсары батыр ма, әулие ме?

190113 8 Жаңалықтар

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған сарапшылар кеңесінің отырысында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева өңірімізде көне тарихи атаулар ұрпақ жадынан өшіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді.

190113-8

– Атаулардың кейбірі тіптен аталмайды, – деді ол. – Сондықтан Елбасы бағдарламасы аясында оларды қайта жаңғырту қажет. Міне, осы бағытта арнайы «тарихи атаулар» экспедициясын ұсынамыз. Ол 2017-2020 жылдар аралығын қамтитын болады. Бұған 24 млн теңге қаралып отыр. Оның құрамына енген сала мамандары мен бұқаралық ақпарат өкілдері жергілікті жерлердегі, әсіресе, алыс ауылдардағы ескі атауларды хатқа түсіріп, кейін кітапқа басып шығарады. Биыл 2 млн. теңге бөлініп, экспедиция төрт ауданға сапарлайды. Соның бірі Құрманғазы ауданында болып та үлгерді.

Осы ретте, аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы «Кең Жылой» аудандық газетінде жер-су аттары, олардың қалай және не үшін аталғаны жөнінде тұрақты айдар ашылғанын мысалға келтірді.

– Атаулар тектен-тек берілмейді ғой. Пәленшенің есімі берілген екен, демек, оның еліне сіңірген еңбегі бар деген сөз. Осыны егжей-тегжейлі зерттеп, архивте сақталған қорларды ақтару керек. Тағы бір мәселе «Құлсары» атауына қатысты. Рас, Құлсары деген кісі болғаны белгілі. Бірақ, оны біреулер батыр деп білсе, екіншісі әулие деседі. Алуан түрлі пікір мен пайым бар. Тек аудандармен ғана шектелмей, өзіміздің Атырау қаласындағы көше аттары мен ондағы үйлерге қағылған ескерткіш тақталарға қатысты мәліметтерді де білу маңызды. Бұл бағытта көнекөз қариялардың айтары көп. Кезінде Махамбет бабамыздың жерленген жері сол халық арасында жиналған деректердің арқасында анықталды емес пе? – деді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз