«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА» ҚҰРМЕТ

Аймағымызда қазақ күресінен ҚР Кубогы үшін өткен аламан тартысқа арнайы келген «Қазақстанның барысы» Бейбіт Ыстыбаевты Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қабылдады. Қазақтың абыройын асқақтатып жүрген «Тараз арланына» шаһар басшысы жоғары дәрежеде құрмет көрсетіп, алдағы додаларда топ жарып, ел намысын қорғайтынына атыраулықтар атынан сенім білдірді.

«Қазақтың қасиетті даласы талай батыр мен балуанды дүниеге әкелді. Біз өз дәуірінде білегінің күшімен, найзасының ұшымен елін, жерін қорғаған бабаларымызды мақтан етеміз, мадақтаймыз. Сен де шашасына шаң жұқтырмаған  сол аталарымыздың ұрпағысың. Сайыстарда қазақтың намысына сын келтірмей, Азия, одан жоғары Әлем чемпионы атандың. Біз сендей қазақтың ұлымен мақтанамыз. Қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеріп, алда өтетін үлкен сайыс «Евразия барысында да» ел үмітін ақтайтыныңа сенеміз», – деген қала басшысы күллі қазақтың мақтанышына айналған Бейбітке Алғыс хат пен естелік сыйлық тарту етті.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз