ЕЛБАСЫН ҰЛЫҚТАУ – ЕЛДІКТІ ҰЛЫҚТАУ

Тұңғыш Президент күні Атырауда үлкен салтанатпен атап өтілді

Ата-бабаларымыздан қалған кең-байтақ далаға сәулет пен дәулет толтырған, ынтымағы мен бірлігін жарастыр-ған, сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырған, Қазақ елін күллі әлемге паш етіп жүрген Тұңғыш Президент күніне орай кеше Махамбет атындағы қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті.

 

Елінің аманатын арқалаған Тұңғыш Президент күні тойлана бастағаннан бері бірер жылдың ішінде халықтық мерекеге айналып үлгерді. Еліміздің Мемлекеттік Әнұраны орындалуымен ашылған кеште облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атыраулықтарды мәртебелі мерекемен құттықтады.

– Дәл осыдан 23 жыл бұрын – 1991 жылы 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық Президент сайлауында еліміздің көпұлтты халқы өзінің тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады. Дәуірлер алмасар тұста Қазақстан халқы бүгіні мен ертеңін парасатты перзентіне сеніп тапсырды. Дана халқымыздың дара басшысын таңдаудағы талғампаздығын уақыт дәлелдеді.

Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, бұрынғы Кеңес Үкіметі елдерінің соңғы ширек ғасырлық тарихын Нұрсұлтан Әбішұлынсыз елестету мүмкін емес. Түсінген адамға, мемлекет болу – халқымыздың басындағы бағы. Мемлекетті ұстап қалу – халқымыздың қолындағы сыны. Осынау сындарлы жылдардан сүріндірмей алып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бүгінін мәңгілік ертеңіне ұластырар асқақ арманы мен нақты мақсаты жүзеге асуда, – деп облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасының Қазақстан тарихында алатын ерекше орны мен оның сарабдал саясаты арқылы мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін баса айтты.

Бұдан соң аймақ басшысы облыстық перзентхананың ота бөлімінің аға мейірбикесі Сәуле Мағауинаға, Атырау қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Жасұлан Бисембиевке, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкері, ұлттық қауіп-сіздік капитаны Тимур Ақботинге, Атырау сервис колледжінің директоры Галина Буревскаяға, «Арай» эстрадалық ән байқауының бас жүлдегері Елена Ералинаға және тағы басқаларға қызметтегі сапалы жұмыстары үшін Алғыс хаттар тапсырды.

Еліміздің Мемлекеттік рәміз-дері сахнаға кіргізілгеннен кейін мемлекеттік қызметке жаңадан тағайындалған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов пен облыс әкімі аппаратының бас маманы Мәншүк Маменова жұртшылық алдында ант қабылдады.

  Кеш концерттік бағдарламаға ұласып, белгілі өнерпаздар Ідірбай Байбақты, Исатай ауданының «Көңіл күй» фольклорлық ансамблі, Әли Төлеуов, «Қазына» би тобы, Әділбек Жұмашев, Зарина Байкенова, Ханзада Сақыпова мен Назым Шаймарданова, Нәйлә Жақсымбетова, Асылжан Хамитов, «Үркер» вокалды тобы,  Жанат Ермағамбетова, Қуандық Нұғымаров және «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін одан әрі қыздыра түсті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз