Батамен ел көгерер

батаjpg Жаңалықтар

Ата салтын ардақтап, дәстүрімізді дәріптеуге бағыттал-ған шарапатты шара осылай аталды. Алашорда қозғалысының 100 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына арналған бата беруші ақсақалдардың І қалалық ашық байқауына 18 адам қатысты. 

батаjpg

Халқымыз жауға шапса да, жолға шықса да, шаңырақ көтерcе де, егін ексе де аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдардан бата сұраған. Бата беру ықылым заманнан бері қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халық ауыз әдебиетінде айрықша орын алғаны даусыз. Қара сөзден қыл айырған бабалар әр батасын өлеңдетіп жеткізе  білген. Осынау қасиетті  дәстүрдің бүгінгі жайына алаңдаған ардагерлер кеңесі бата беру сайысын өткізуді қолға алыпты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпақты адамгершілікке, таза сөйлеу мәдениетіне, рухани тазалыққа баулу.

Байқау шарты бойынша, сайыскер ақсақалдарға ел есіндегі баталарды жаңғырту, ұлттық салт-дәстүрге арнап өз батасын  беру міндеттелді. Ал, қатысушылардың өнерлерін саралап, бағалау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау облысының, Исатай және Индер аудандарының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп, педагогика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Атырау қаласының Құрметті азаматы Нұрзила Сәрсенова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Жеңіс Аронов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау қаласының Құрметті азаматы Әліпқали Бекештің  еншісіне тиді.

Рухани тағылымы мол шара басталысымен қазақы шапандарын киген қарияларымыз сахна сәнін кіргізіп, шешендік өнерлерін паш етті. Жиналған көпшілік ауылдың  қарияларынан бұрын-соңды айтылмай жүрген сүйінші хабарға, жолға шыққанда, ас қайырғанда айтылатын тілек түріндегі баталарды естіп, қазақы дәстүрдің жанданғанына қуанды.

Сайыстың әр кезеңінде батагөйлер қабілет-қарымдарын барлық қырынан ашуға тырысты. Қай-қайсысы да шашасына шаң жұқтырмаған сайыскерлер екенін дәлелдеуге тырысты. Ұрпақ үшін  тағылымы мол тамаша мұраны насихаттаған дода мәресінде қазылар алқасының ұйғарымымен Атырау қаласының тұрғыны, 78 жастағы Ақмырза Батырқайыров бас жүлдеге лайықты деп танылды. І дәрежелі дипломды Уахит Әділов жеңіп алса,  ІІ жүлде Тілекқабыл Мұратоллаға берілді. Ал, ІІІ орынды Малдыбай Нығметов пен Саясат Рахметовтер қанжығаларына байлады. Байқаудың арнайы дипломымен Оңғар Мекебай ұлығыланды.

–Бір қуаныштысы, байқауға қатысуға тілек білдіргендер өте көп болды. Біз іріктеуден кейін 18-ін ғана таңдап алдық. Тағы бір жаңалық – осы баталардың мәтіндерін  арнайы кітапша етіп шығармақпыз, – деді қазылар алқасының төрағасы Қ.Ризуанов.

Рита Өтеуғали

Осындай байқау Құрманғазы ауданында да өтті.

Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов қатысып, ақсақалдардың ел игілігі үшін қосқан үлестері жөнінде айтып, оларға ұзақ ғұмыр тіледі. Содан соң аудан әкімінің Алғыс хатымен бір топ ардагерлерді марапаттады.

Байқаудың ережесіне сай ақсақалдар өздері білетін, халық даналарының, ақындардың бата-тілектерін көрермендерге ұсынды. Нәтижесінде Бірлік, Дыңғызыл, Ганюшкин, Қиғаш ауылдық округтерінен келген Н.Шолтыров, Г.Сабыров, З.Хидуллин, С.Нығметовтер Алғыс хаттармен мадақталса, кудряшовтік С.Рамазанов ІІІ дәрежелі, еңбекшілік Т.Өтеулиев ІІ дәрежелі дипломмен ұлығыланды. Ал, І орынды жеңіп алған нұржаулық ақсақал Мәдениет Харесов облыстық байқауға жолдама алды.

Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай баяндама жасаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев осы шара аясында ұйымдастырылған шахмат сайысының жүлдегерлері Сұлташ Мәжитов, Қыдырсиық Хұсайынов, Қадірбай Жармұхамбетов пен Қажеден Сұлтановтарды марапаттады.

Кешке жиналғандар жуырда ғана құрылған «Ақтілек» аналар ансамблі мүшелерінің және басқа ауыл өнерпаздарының концертін тамашалады.

Асқар ҒҰМАРОВ,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз