БАНКТЕРГЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

Жаңалықтар

Бүгінде елімізде банктердің саны көп. ҚР Ұлттық банкі басшысының пікірінше, болашақта олардың қатары бір-бірімен қосылуы негізінде ықшамдала түседі. Тағы бір жаңалық, 2018 жылы банктердің капиталдануына қойылатын талаптар да күшейтіледі.
– Соңғы қаржы дағдарысынан кейін әлемдік манетарлық билік банктік жүйенің тәуекелдері мен тұрақтылығына қатысты қадамдарды қайта қарастырды. Оның ішінде банктің қадағалау бойынша Базель комитеті орталық ұйымы «Базель-3» атауымен кешенді шаралардың топтамасын ұсынды. Бұнда капиталға, ликвидтікке, контрциклділік жағдайында банктер жұмысы мәселесі тұрғысында белгілі бір өзгертулер мен талаптар қарастырылған, – деді Қайрат Келімбетов.
Қазақстанда 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер «Базель-3» талаптарына көшіріле бастайды. Ұлттық банк басшысы соған орай алғашқы үш жылда қаржы құрылымдары үшін ештеңе өзгере қоймайтынын, алайда 2018-2019 жылдардан бастап жоғары талаптар қойылатынын айтып отыр. Ол сақтандыру ұйымдарына да қатысты болмақ. «Жалпы банктерді капиталдандыруға талаптар арта түседі. Оның ішінде жеке капиталды капиталдандыруға да талаптарды арттыруға мән беріледі» деді брифинг қонағы.
Украинадағы жағдайға байланысты алпауыт елдер Ресейді қыспаққа алуда. Мұның әсері Қазақстанға да тиюі мүмкін. Бұл – Ұлттық банк басшысының пікірі.
Қазақстан мен Ресей, Беларусьтің басын біріктіретін Еуразиялық экономикалық одақ туралы да брифингте айтылмай қалмады. Еуразиялық интеграция аясындағы келісімдердің бірі – 2025 жылға қарай қаржылық қадағалау органын құруға байланысты болып тұр. Ол Алматыда орналасуы мүмкін көрінеді.
Брифингте елімізде қаржыны заңдастыруға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленгендігі айтылды. Мұндағы басты жаңалықтың бірі – тұрғынға өзінің қаржысын екінші деңгейлі банктердің арнайы есепшотына салу арқылы заңдастыру құқығына ие болу мүмкіндігіне байланысты.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған