Ерінбесең, егін ек!.. (2-бөлім)

Агрокешен Жаңалықтар Журналистік зерделеу

Atr.kz / 6 шілде, 2020 жыл. Егін – ел ырысы. Бірақ, соңғы уақытта осы шаруашылықтан шаһарды былай қойғанда, ауылдың өзі алшақтап барады. Бұл да атакәсібіміз мал шаруашылығының кебін кигелі тұр…

Ендеше, біз өткен жолы бастаған тақырыбымызды одан әрі жалғастырамыз…

Көшедегі көшеттердің кемшілігі көп

Міне, ақпанның ақ боранын артқа тастап көктем келіп жетті. Енді көп кешікпей көшеге көшет отырғызу науқаны басталады.

Бір кездері «Тамаша» театрында қойылған Болғанбай апай жайлы интермедия есіңізде ме? Онда жергілікті кәсіподақ өкілі ардагердің үйіне барып «сценарий» бойынша туған күнімен құттықтап гүл беретін еді ғой. Сол қойылымның авторы Маңғыстаудың қарапайым шаруагер тұрғыны болатын. Ендеше, бүгінде, сол «сценарий бойынша» тал егуді тоқтату керек. Бұл – мұнайлы мекен тұрғындарының жанайқайы десе де болады.

С е б е б і , ж а с ы л ж е л е к т і ң жарамдылығына ешкім назар аудармайды, бұл – бір. Ал, екіншіден, отырғызылған ағашты аракідік суарып, соңына дейін күтіп-баптау керек, бұл – бөлек әңгіме. Соңғысы, жеміс теректерін еккен анағұрлым тиімді екенін ешкім елемейді…

Жалпы, егін шаруашылығын сөз еткенде, агрономдардың сөзіне сүйенген болып, маман тапшылығын «сыныққа сылтау» қыла қоямыз ғой. Алайда, істі сөзбен атқаруға болмайды. Бүгінде бәріміздің қолымызда бір-бір телефоннан бар. Соны алып, ғаламтор желісіне кіре қойсаңыз, ойлағаныңыз іздемей-ақ табылады. Оның ішінде білікті мамандардың да, қарапайым адамдардың да пікірлері толып тұр. Тек соларды жүзеге асырсаңыз жетіп жатыр.

Ал, біз бұл ретте, жоқтан бар жасап есімі шартарапты шарлаған егінші австриялық неміс Зепп Хольцердің тәжірибесіне тоқталғанды жөн көрдік. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, ол қазір өз елінде теңіз денгейінен 1500 метр биіктікте суптропикалық дақылдарды өсіріп жатыр. Ғажап д е мей немене?! Өндіріп жатқан өнімдері адам сүйсінтеді.

Осы орайда, Атырау қаласының да орны бұрын теңіздің табаны болғаны белгілі. Соның салдарынан болу керек, қазір жаңбыр жауа қалса, сортақ-сортақ тұзды көлшіктер пайда болып шыға келеді. Әлгі немістің білгірі бұл мәселені қалай шешуге болатынын «ютуб» желісінде егжей-тегжейлі баяндап берген. Сонымен, ол не ойлап тапты?

Алдымен, ойпаттау жерлерді траншея ретінде қазған. Сөйтіп, сол шұңқырларға кесілген теректер мен ескі ағаш бөліктерін және картон сияқты қолданыстан шыққан заттарды топырақпен көмген. Үйіндінің үстіне жеміс ағаштарын отырғызып, оларды тамшылатып суарған. Сонда не болды дейсіз ғой? Көмілген заттың бәрі де пайдалы қалдық есебінде топырақты құнарландыра түскен. Ал, салқын түскен кезде органикалық заттар ыдырап, биологиялық үрдіс жүрген. Осылайша, топырақтың температурасы ретке келген.

Одан әрі тіптен қызық қимылдар жүзеге асқан. Мәселен, жерге көмілген қалдықтар артық суды бойларына сіңіріп, ылғалдың мол қорын қалыптастырған. Қуаңшылық кезінде жеміс ағаштары сол қордан қоректенген екен. Сөйтіп, қалдықтар әбден шіріп, дап-дайын құнарлы органикалық тыңайтқышқа айналған. Ал, егер ағаштың астына темір бөлшектерін көмсек, не болады? Онда, оның үстінде өсіп-өнген жемістің құрамы адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай болады. Айтпақшы, аз алқаптан мол өнім жинауға мүмкіндік беретін де тәсіл бар. Ол «метлайдер» деген а т а у м е н ж ұ р т ш ы л ы қ қ а ж а қ с ы таныс.

Жеміс ағашы – жанға сая

Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Яғни, Атырау аймағын тек «қара алтын» қорығы деп қарастыру – қате! Мұнда егіншілікпен айналысуға да мүмкіндік мол. Тек тұрғындар осы сөзге мол мән беріп, зор сенім артса ғой… Бұл біз тапқан ақыл емес, мамандар жасаған мәлімдеме. Демек, «жасыл экономиканы» жүзеге асыру әр тұрғынның өз қолында деген сөз.

Сонымен, әлгі көшеттерімізге кері оралсақ. Оларды қайдан табуға болады және қандай түрін таңдаған дұрыс? Біз бұл сауалды қазыналы аймақтың ауылшаруашылық саласына көп жыл жетекшілік жасаған білікті маман Серік Сәрсекеновке қойдық.

– Егер жергілікті жеміс бағынан жас тал тапсаңыз, тіпті тамаша, – дейді ол. – Болмаса, Атыраудан жоғары орналасқан климаты суық солтүстік аймақтардан алған абзал. Қалай болғанда да, өсімдіктер әлемінде «географиялық белдеу ендігі» деген түсінік бар. Сол бойынша біздің өңір 47-48 белдеу ендігіне жайғасқан. Сондықтан бізге Белоруссия, Польша, Италия елдерінен көшет әкелген дұрыс. Әрі, бұлар түрлі вирустық жұқпалы ауруларға да төзімді келеді. Сондықтан олардың сертификаттары мен құжаттарының болуын қатаң қадағалау қажет. Сонда алған ағашыңыз да соғұрлым өнікті өседі.

Бұлардың тағы бір қасиеті, тамырының тереңге жайылмауы. Бізге керегі де сол емес пе? Себебі, біздің жердің асты ащы суға толы. Ал, «арзан ғой» деген желеумен оңтүстіктен жеткізіліп жатқан жабайы алма ағаштары суыққа төзімсіз келеді. Алайда, бір өсімдік жақсы өседі. Бұл – жүзім көшеті. Оны қысқы мезгілде жылы жабындымен жауып қойған жөн.

Көкжидектен – керемет кәсіп

Осы орайда, арнайы Белоруссия бақтарынан көшет алдыратын бағбандар Атырауда да бар. Көңіл көншітерлік жайт. Тек солардың қатары көп болса екен дейміз. Десек те, тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн. Жер шары бойынша 47-48 белдеу ендігіндегі климаттық жағдай бірдей емес. Айталық, таулы мен шөлді аймақтағы ауа-райының арасы жер мен көктей. Мысалы, таулы жерлерде жаңбыр жиі жауатындықтан ылғалдың көбеюінен ол аумақ суптропикалық ортаға айналады. Сол Белоруссияда арнайы торфта, яғни, шымтезекте көкжидек өседі. Онда топырақ қышқылдығы қалыпты мөлшерден (РН 4-5) аспайды.

Көкжидек – адам ағзасындағы оксидантқа қарсы бірден-бір ем көзі. Әлгі шымтезекті түркиялық кәсіпкерлер мұхит жағасында өсіріп жатыр. Ал, грузиялық бағбандар бұрынғы шай өсіретін алқаптарын толығымен жыртып тастап, орнына осы көкжидекті өсіріп отыр.

Бұл жемісті Атыраудан да таба аласыз. Дәлірек айтқанда, «Насиха» базарында 1,5 мың теңгеге 125 грамм жидек алуға болады. Ал, оның бір килосының бағасы жылқының бірнеше кило етқазысынан кем түспейді. Айтқымыз келгені, дәл осындай бизнесті бізге де жасауға болады…

Міне, осы айтылғандарды ескеріп, жасыл бақты жайқалтуға әбден болады. Сөйтіп, табиғи таза өніммен өз отбасыңызды асырай аласыз. Ала жаздай кептірген құрғақ жемістен компот сусынын немесе басқа да өнімдер дайындауыңызға болады.

Сусын демекші, бүгінде сауда сөрелерінде сатылып жатқан шырындарға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтынын байқауға болады. Бұл олардың табиғи өнімнен айтарлықтай алшақ жатқанын аңғартады. Нағыз табиғи алманың ішінде құрт болуы тиіс деген де тәмсіл бар.

  • Тіпті, керек деп тапсаңыз, өзге тұрғындарды да жергілікті өніммен қамтып, бизнес жасауға бөгет жоқ. Тек Абай атамыз айтпақшы, «ынталы жүрек пен шың көңіліңіз» болса жеткілікті.

Нұрғиса АХМЕТҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған