Атырауда бірнеше кітаптың тұсауы кесілді

IMG 20190404 WA0013 Жаңалықтар

Atr.kz/4 сәуір, 2019 жыл. Осындай тақырыппен Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада қарымды қаламгер-журналист, ақын, мемлекет қызмет және ақпарат саласының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Хамит Әубәкіровтың  соңғы жылдары жарық көрген «Сырлы әлем», «Сырлы тағылым», «Сырлы баян» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараның шымылдығын кітапхана директоры Сара Ізмұхамбетова кіріспе сөзбен ашты. Басты мақсат ­­– қаламгер шығармаларын оқырмандар арасында насихаттау, олардың өмірдің сырға толы әлемінен сыр шертетін осындай еңбектерді ынта қойып, зейінмен оқуға қызығушылығы мен белсенділігін арттыру болып табылатындығын түсіндірді.

Осы тұста аталған  еңбектердің авторы туралы айта кетсек, Хамит Әубәкірұлы 1945 жылы Қызылқоға өңірінде, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітірісімен Алматы қаласындағы шетел тілдері институтына оқуға түсіп, оны ағылшын тілі бөлімі бойынша тәмамдайды. Әскер қатарындағы азаматтық борышын өтеп оралғасын еңбек жолын аудандық газет редакциясында әдеби қызметкерліктен бастады. Біраз уақыт партия, кәсіподақ ұйымдарында жауапты қызметтер атқарды. Кейіннен аудан әкімдігінде аппарат басшысы, аудандық мәслихаттың хатшысы болды. Соңынан облыс орталығына қоныс аударғанында облыстық «Атырау» газеті редакциясында әу баста өзі таңдаған журналистік жолын жалғастырды. Хамекең қай салада, қандай жұмыста жүрсе де қолынан бір сәтке қаламын тастаған емес. Үнемі жазу, шығармашылық ізденістен танбайтын. Соның арқасында, осындай керемет туындыларды дүниеге келтірді.

Осылайша, әріптесінің өмір, еңбек жолын қысқаша баяндаған кешті жүргізуші, белгілі журналист-жазушы, өлкетанушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабаев одан әрі көпшілікті кітаптардың мазмұнымен таныстырып, шолу жасады. Атауларынан-ақ, аңғарылып тұрғанындай, автор өз еңбектерінде шығармаларына арқау болған кейіпкерлерінің (олар негізінен ауылда тұрып, ауылда еңбек еткен, қиындықтарды жеңіп, қажыр-қайратымен жетістікке жеткен еңбек адамдары, өзіне тәлім-тәрбие берген ұстаздары, өмір-өнегесімен үлгі болған аға буын өкілдері, үзеңгілес қызмет істеген тұстастары мен замандастары, т.б.) әрқайсысының сырға толы әлеміне, жан дүниесіне үңіліп, ашып көрсетуді көздеген. Сөйтіп, әдебиет әлемінің ну дүниесіне тың сүрлеумен өзінше қадам басуға ниеттенген.

Прозамен қатар поэзияға да ден қойған қаламгер очерк-эсселері мен әңгіме-повестеріндегі тәрізді өлеңдерінде де туған жердің топырағын, өсіп-өнген өлкесінің адамдарын жырлайды. Әрбір ой елегінен, көңіл сүзгісінен өткізіп, өзінше пайымдап, бағамдайды. Осылардың бәрін жинақтастыра келе жоғарыда айтылып кеткендей, «Сырлы әлем», «Сырлы тағылым» және «Сырлы баян» кітаптарына топтастырған.

Тұсаукесер рәсімінде аймақтық «Сахара»  газетінің бас редакторы Қуандық Батыров, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қосыбек Ырзағалиев, мемлекеттік қызметтің ардагері Мұратбек Асанғалиев, ардагер спортшы Ақмырза Батырхайыров,журналист-ақын Фархад Балғожиев, ауыл  шаруашылығы саласының ардагері Құлмағамбет Қоданов және басқалары пікірлерімен бөлісті. Кеш құрметіне халықаралық «Мен ­– Қазақпын!» телевизиялық мега-жобасының  жеңімпазы Жәнібек Жәмиев күмбірлеген күйден шашу шашты.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз