Атырауда театр күні аталып өтті

өнер 1 Жаңалықтар

Жыл сайын 27 наурызда бүкіл әлемде Халықаралық театр күні аталып өтеді. Бұл мерекені Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымы да биыл ерекше жағдайда қарсылады. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, ұжымды мерекелерімен құттықтады.

өнер

Атырау театры

Нью-Йоркке

жолдама алды

Мерекелік іс-шараның ал-ғашқы бөлімі баспасөз конференциясымен ашылды. Оны «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменов  жүргізіп отырды.

Театр директоры Берік Жәменов өткен жылғы жұмыстары мен алдағы жоспарларына тоқталды. Оның айтуынша, театр іргетасы қаланған 1938 жылдан күні бүгінге дейінгі аралықта 600-дей пьеса сахналанған. Театр келер жылы 80 жылдығын кең көлемде тойлағалы отыр. Мерейтой аясында атыраулық өнер ұжымы еліміздің әр облысында өнер көрсететін болады. Сондай-ақ, Берік Қилекешұлы брифингте мерекеге орай Атырау театрына АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында қойылым көрсетуіне Мәскеуден арнайы жолдама келгенін айтты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, театрдың көркемдік жетекшісі Рахымжан Отарбаев өткен жылы жарық көрген театр тарихы туралы кітабының шығуына атсалысқан ардагер актер Қайыржан Махмұтовқа ризашылығын білдірді.

– Жалпы театр қауымында соңғы он шақты жылда баяулық бар. Орта қолды пьесалар, режиссерлер көбейіп кетті. Көңілжықпастық па, әлде басқа театрлардың бюджеті көтермей ме? Ол жағын білмедім.  Мәселен, Қарағанды, Павлодар театрларының бюджетін алсақ, бір пьесаға 200-250 мың теңге қаржы береді. Осы сомаға шығармашылық ұжым ортанқолды қойылым алып шықпағанда қайтеді? Одан үлкеніне шамасы жетпейді ғой. Біздің ұжымда, Құдайға шүкір, үш режиссеріміз бар. Қажет болса жан-жақтан шақыртамыз. Облыс басшысы өнерге, әсіресе, елді аралап сапарға шығуға кемқолдық жасап отырған жоқ. Керісінше, Нұрлан Асқарұлының әдебиетке, жалпы руханиятқа деген ықыласы бөлек. Мұндай үрдіс кезінде облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов болғанда да үзілмеген еді. Сондықтан, театр ұжымының АҚШ еліне сапары да оңынан болатынына сенеміз. Өнер адамын ел көрген, жер көрген сапарлар өсіреді, – деді Рахымжан Қасымғалиұлы.

Брифингте негізінен жас тілшілердің тарапынан сауалдар көбірек жолданды. Олардың сұрақтарына театр директоры Берік Жәменов жауап берді.

Жиында алдағы уақытта өнер ұжымымен бірге гастрольдік сапарға жергілікті журналистердің де баруына мүмкіндік жасалатыны ерекше айтылды.

өнер2

Екінші зал есігін ашты

Атырау театры атаулы мерекені жыл сайын жаңа форматта атап өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл жолғы мерекеде қара шаңырақтың кіші залы заманға сай жабдықталып, қолданысқа берілді.

Енді бір театрда екі зал бар. «Зертхана» аталған залдың тұсау кесу рәсімі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов  пен  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Чапай Зұлхашевқа жолданды. Өнер майталмандары қызыл лентаны салтанатты жағдайда қиып,  залға өздері бастап енді.

Онда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев театр ардагерлеріне Алғыс хат ұсынды. «Атырау облысы мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлері жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, республикалық «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров та бір топ қызметкерді Алғыс хатпен марапаттаса, актер Ержан Жұматовты 50 жасқа толуына орай құттықтап, оның өңіріне ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісін қадады.

өнер3

Гүлназ – «Жыл режиссері»

Театр күні –  тек кәсіби мамандардың ғана емес, күллі өнерсүйер қауымға ортақ мереке. Әртістерді, бүкіл өнер-сүйер жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан орынбасары Әлібек Нәутиев құттықтады.

«Қазақ халқы қашан да әдебиет пен өнерге жақын. Салт-дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан халықтардың бірі. Атырау өңіріндегі сол өнердің көшін алға сүйреп жүрген ұжымның бірі театр екені анық. Өнерде өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген ардагерлердің есімдері қашан да жүрегімізде. Театр барда олар да бар» деді Әлібек Ибатоллаұлы.

Облыс әкімінің Алғыс хатына ҚР Мәдениет қайраткері, актер Сәбит Қожабеков, театрдың бас суретшісі Темірбек Мұхтаров және актриса Гаухар Қабиева ие болды.

өнер5

Сонымен қатар, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, «Қазақстан театр қайраткерлері одағының» және Атырау қаласы әкімінің, облыстық мәслихаттың  Алғыс хатымен ұжымның бір топ қызметкері марапатталды.

«Жыл актері» атағы Дастан Пышановқа бұйырса, «Жыл актрисасы» номинациясы Айнагүл Мұхтароваға берілді.  Ал, «Жыл режиссері» Гүлназ Қамысбаева атанды.

Театр тарланы Қуат Төлеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері Асылбек Бәдел болса, Алма Ахметова мен Төлеген Қуанышев атындағы арнайы сыйлықтар Мағрипа Шәненова мен Әміржан Нұрланға табысталды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз