Атырау аяздан қорықпайды

атырау аяздан Жаңалықтар

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздескен «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының президенті Нұрадин Шамшатов мәлімдеді. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы билікпен келісілген 2016-2017 жылдарғы күзгі-қысқы науқанға арналған   жоспарлы жұмыс сәтті мәреге жеткізілген. Барлығы 23 шарадан тұратын ағымдағы және күрделі жөндеу жүзеге асырылды.

атырау аяздан

Атырау қалалық әкімдігімен келісілгендей, былтырғы үшінші қазанда-ақ мектепке дейінгі білім беру және денсаулық сақтау нысандарына жылу берілді. Ал, 13 қазаннан бастап барлық тұрғын үйге, бюджеттік және әлеуметтік нысандарға таратылды. Бүгінде жылу энергиясымен қамтылмаған бірде-бір ғимарат жоқ.

Әйтсе де, мекеме басшысы айтқанындай, әлі де өткен ғасырдың жетпісінші-тоқсаныншы жылдарынан бері пайдаланылып келе жатқан желілер бар. Олардың тозуы одан әрі жалғасуда. Демек, біртіндеп ауыстыруды қажет етеді. Рас, соңғы жылдары үздіксіз жүргізілген инвестициялық жобалардың нәтижесінде біраз іс тындырылды. Мәселен, бүгінде шаһардан көшеге текке кетіп жатқан жылуды да, ыстық суды да көрмейсіз. Әйтсе де, бұл бағытта алдағы уақытта күрделі шараларды жүзеге асыру керектігі байқалуда. Ал, бұған, әрине, қомақты қаражат қажет.

Рас, коммуналдық кәсіпорын қызметі тұтынушымен тығыз байланыста болғандықтан, қалалықтар тарапынан кейбір реніш те білдіріледі. Алайда, соның негізділігін қалай анықтаған абзал? Мекеме басшылығы жыл санап мұндай шағымдардың азайып келе жатқанын айтқанымен, жұртшылықтың жауапкершілігін ұмытпауды да ескертеді. Мәселен, пәтерде жылуды сақтау шаралары алынбаса, құбырлар мен батареялар бітеліп қалса, жылыту құралдары өз бетімен орнатылса, т.б. осындай себептер болса, тұрғындардың өзгеге өкпе білдіретін реті жоқ. Мысалы, жылу энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты қалалықтардан түскен шағымдарды тексерген кезде, бәрінде де тұрғын үйлердің өз кемшілігі анықталған. Біраз шаруа пәтер иелері кооперативтеріне де байланысты. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді күзгі-қысқы науқанға дайындау – солардың міндеті.

Жалпы, қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес, тұрғын үйде ауа температурасы 20-22 градус жылы болуы шарт. Демек, жиырма градустен кем еместігі анықталса, онда айтылған арыз негізсіз саналады. Яғни, әр тұрғын есік-терезелерін, өзге де жел кіретін жерлерді қымтаса, онда пәтердегі жылуды тағы да екі-үш градусқа көтеруге мүмкіндік туар еді. Әттең, сол шаруа істелмейді. Әйтпесе, сыртқы есікті сенімді бітеп, кіреберісті жылы ұстауға болады ғой. Негізі, жобалау нормаларына сәйкес, кірме дәліздерде жылыту элементтері орнатылады. Ал, бізде олар әлдеқашан жарамсыз күйге түсіп, мүлдем алынып тасталған.

Бүгінде Атырауда жылу энергиясы жеткілікті. Оны таратуда да туындап отырған күрделі проблема жоқ. Ескі құбырлар біртіндеп жаңартылып жатыр. Бұл – сайып келгенде, үздіксіз жүретін процесс. Демек, мекеме міндеті – тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету.

2017-2018 жылдарғы жылу маусымына жоспарланған жұмыстар:

– 21 км тұрба құбырларын ауыстыру;

– 30 шақырым жылу оқшауларын жаңғырту;

Төрт орталық жылу бекетін күрделі жөндеу;

– Магистральді жылу желілерінің 40 тіреуін қалпына келтіру.

Меңдібай Cүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз