АБАЙ БОЛ, АЙНАЛАЙЫН!..

190827111728728e Жаңалықтар

Atr.kz/25 тамыз, 2020 жыл. Санаулы күндерден соң, жаз мезгілі аяқталады. Бұрынғы ұғымға сай, жаз балалардың алаңсыз асыр салып ойнайтын, демалысын ұйымдастыратын кез болатын. Ал, қазіргі уақыттағы әлемдік панде-мия жағдайына сай енгізілген өзгерістерге орай, балалар уақытының басым бөлігін үйде өткізуге мәжбүр болды.Қауіпсіздік – қай кезде де маңызды. Әсіресе, балалар қауіпсіздігі – өмірлік мәні бар мәселе. Соңғы жылдары жас өскіндерге қатысты келеңсіздіктер туралы жиі еститін болдық. Терезеден құлау, септикке түсу, жоғалып кету сынды өзекті өртер жаңалықтар төбе құйқаны шымырлатады. «Баламен сынай көрмесін» деген тәубелі сөзді тастамайтын ұлтымыз үшін ұрпақтың алаңсыз өмірі – аса маңызды. Десек те, қапыдағы қалт кеткен қателіктер үшін өмірлік өкінішке жеткізетін жайттар да жоқ емес…

Терезеден төнген қауіп

Соңғы жылдары балалардың те-резеден құлау фактілерін жиі еститін болдық. Əлеуметтік желілер мұндай оқиғаларды жарыса жазғанымен, одан сабақ алып жатқандар байқалмайды. «Кеше екінші қабаттан құлаған сəби ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», «Өткен аптада төртінші қабаттағы терезеден құлап кеткен бүлдіршін жансақтау бөлімінде ажал құшты» деген хабарлар əсіресе жаз айларында желдей еседі.

Қорқыныштысы сол, мұндай оқиғаларға көпшіліктің құлағы үйреніп барады. Балаларды терезеден құлау жағдайынан қалай қорғаймыз? Темір тор орнатудан басқа тағы қандай амалдар бар? Бұл орайда құқық қорғау органдары не айтады? Баласын қараусыз қалдырған ата-ананы қандай жаза күтіп тұр? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Бір күнде – бірнеше сəби. Бұл жағдайға көп қабатты үй тұрғындары əсіресе, жаз айларында жиі ұшырап жатады. Тіпті оқиға көз алдында болғандар да бар. Соның бірі – Алмагүл ықшамауданының Азамат есімді тұрғыны.

«Əдеттегіше кешкі аусымдағы жұмысыма шығып бара жатқанмын. Үйдің бұрышына жақындағанымда соңғы подъездің тұсынан сылқ етіп ауыр зат құлағандай болды. Артыма бұрылғанымда ес-түссіз, терезенің москит торын құшақтап жатқан кішкене қызды көрдім. Жедел жəрдем нөмірін тере бергенімде артынан анасы шығып ешкімге, ештеңеге қарамастан баланы көтеріп үйіне кетті. Сонда ата-аналардың осындай жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету əрекетін білмейтінін көрдім. Артынша жедел жəрдем келіп, баланы ауруханаға əкетті» деген ол осы жағдай əлі де көз алдынан кетпейтінін айтты.

Абырой болғанда, бұл бүлдіршін аман қалды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында терезеге ілініп, одан құлап бара жатқан баланы астыңғы қабаттағы көршісінің лезде қағып алғаны да бір ғажайып жағдай ретінде есте қалған еді. Алайда, көп баланың бұлай жолы бола бермейді. Өкініштісі сол, осындай жазатайым жағдайлардың басым бөлігі кішкене балаларды мүгедектікке ұрындырады немесе өліммен аяқталуда. Бізді ойлантатыны да осы.

Терезеден балалар көбіне абайсызда құлайды. Москит торлар салдарынан қаншама жас өскіннің тағдыры қиылуда. Атырауда жыл басынан бері осындай бес жағдай орын алған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзіне сүйенсек, аталған жағдайлардың алдын алу жəне болдырмау мақсатында департамент қызметкерлері қала жəне аудан аумағында орналасқан тұрғын үйлерде профилактикалық шаралар өткізуде. Таратылған жадынама немесе жоспарлы іс-шаралардың нақты нəтижесін тап басып айту қиын. Десек те, осы істердің көздеген мақсаты біреу – балалар қауіпсіздігі.

Рас, сақтық шаралары жүргізілуде. Алайда, мамандар сəбилердің терезеден құлауының ең басты себебі ата-ананың салғырттығынан болатынын айтады. Енді аяққа тұрып, жүре бастаған, «көрсем, білсем» деген ниетпен əр нəрсені ұстап көретін баланы терезесі ашық тұрған бөлмеде жалғыз қалдырып кететін де ата-анасы. Жыл басынан бері Қазақстанда 1-8 жас аралығындағы 35 бала те-резеден құлаған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Құтқарушылардың айтуынша, Қазақстан бойынша балалар терезеден құлауының ең көп оқиғасы Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.

Басты жауапкершілік – ата-анада

Бұл орайда тəжірибелі заңгер Рысты Қалиева баланы қауіпті жағдайда қалдыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 119-бабы бой-ынша қаралатынын айтады. «Бұл қылмыс жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады» дейді ол. Ал, зейнеткер-ұстаз Сəуле Хамзаева мұндай оқиғаның көбеюі ата-ананың жұмысбастылығынан екенін айтады.

«Көпке топырақ шашпаймын. Десек те, ата-аналардың басым көпшілігінің балаға қарайтын уақыты жоқ. Өйткені, замана көшіне ілесіп, қатардан қалмаудың қамын ойлайды. Ақша табу, жұмыс жасау, карьера қуу секілді шаруалар бірінші орында. Оған қоса, бос уақытының көбін телефонға үңілумен өткізетіндер де көп. Мүмкіндігінше, əр əке мен ана бала қауіпсіздігіне жіті мəн берсе, қоғамда балаға қатысты жазатайым оқиғалар орын алмас еді» дейді ол.

Бала – кішкентай зерттеуші, сондықтан ол айналасын тану мақсатында түрлі əрекеттерге, соның ішінде қауіпті əрекеттерге де барады. Əрине, терезе жəне оның артындағы əлем, бұған дейін бөбек үшін беймəлім болып келген зат, құбылыстар кез келген бала үшін өте қызық. Оған қоса, балалар-да, əсіресе, қасында ата-анасы бар кезде қорқыныш сезімі болмайды. Сондықтан 1-2 минутқа алаңдап кетсеңіз де қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайға 5-жасқа дейінгі балалар, соның ішінде ұл балалар жиі тап болады. Бала ата-анасының жəне отбасындағы басқа да ересек адамдардың əрекетін қайталайтынын жəне олардан үлгі алаты-нын ұмытпасақ екен.

Сондықтан өзіңіз де балаларыңыздың көзінше терезенің алдына отырудан, терезеден басыңызды шығарып, төмен қараудан, шырпы тұтатып, итке жақындап, ауладағы сеп-тик қақпағын ашудан аулақ болсаңыз екен. Бөбегіңізді ес біліп, ақыл кіре бастаған кезінен бастап, үлкен адам-дарша сөйлесіп, «жаман, жақсы» деген ұғымдарды сіңіре білген де абзал. Жастай солған жауқазынЖол бойындағы жүгенсіз жүргізуші, сапасыз жол салдарынан орын алатын оқыс оқиғалардың ешкім де алдын ала алмайды. Десек те, осынау оқиғалардан жастардың жапа шегетіні оның салдарын одан сайын ауырлата түсетіні ақиқат.

Ресми органдар таратқан мəліметке сүйенсек, өткен жылы ел көлемінде балалардың қатысуымен шамамен 3 500 жол апаты дерегі тіркелген. Салдарынан 250 бала қаза тауып, 4 000 бала түрлі жарақаттар алған. Биыл балалардың қатысуымен 600 жол апаты дерегі тіркеліп отыр. «Балаң бұзық» десе, өкпелейтін халықпыз. Ата-аналар əркез баласының болашағы жарқын, білімді болғанын армандайды. Алайда, адамның дегені бола бермейтіні тағы бар. Өскен ортасы немесе кез келген жас жүйкеге салмақ салатын оқиғалардың себеп болуымен жас өскін қылмысқа баруы əбден мүмкін.

Ресми деректер Қазақстанда жасөспірімдер арасында жасалатын қылмыс саны азайып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы 8 жылдың статистикалық деректеріне сүйенсек, аталған қылмыс түрінің азайғанын аңғарамыз. Мəселен, 2013 жылы жасөспірімдер арасында 4 мыңнан аса қылмыс жасалса, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 665 қылмыс тіркелген. Бұл тиісті министрлік таратқан мəлімет.

Карантин, шектеу шаралары дегенімізбен, аяғы шыққан баланы үйде қамап ұстау да қиындық туғызары сөзсіз. Сондықтан, қараусыз қалған бала, ата-анасын алаң көңіл еткен жасөспірімдер жайы ұдайы назарда. Ішкі істер министрлігінің басқарма басшысы Əсет Оспановтың сөзіне сүйенсек, балалардың жазғы каникулы басталған, яғни, жиі далада жүруге мүмкіндік туған кезде полиция арнайы тексеріс жүргізеді.

«Осы уақытта полиция кəмелет жасына толмағандарға алкоголь, темекі өнімдерін заңсыз сату, олардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында, адам тұруға жарамайтын үйлерде жүру фактісін анықтауға кіреседі. Биыл осы фактілер бойынша 1500-ден астам кəсіпкер, 500-ге жуық көңіл көтеру мекемесінің иесі, 20 мың ата-ана əкімшілік жауапкершілікке тартылды. 7 мың жасөспірім мен полиция есебінде тұрған 8 мың берекесіз отбасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – дейді министрлік өкілі.

Баланың ісі шала делік. Алайда, тағдырдың жазуымен баласына қарамайтын, безбүйрек ата-аналар да – осы қоғам мүшелері. Мəселен, министрлік өкілі берген мəліметке сүйенсек, биыл 2 мыңға жуық ата-ана баласына қарамағаны үшін əкімшілік жауапкершілікке тартылып, 300 адам ата-ана құқығынан айырылған. Қазақстанда 12 мың бала берекесіз отбасында тəрбиеленіп жатыр. Əсет Оспановтың айтуынша, елімізде 8 мың берекесіз отбасы полиция есебінде тұр.

«Жыл сайын мұндай отбасылар саны азайып келеді. Мысалы, осыдан 2-4 жыл бұрын 9-10 мыңдай отбасы есепте тұрған» дейді ол.

Заңсыз еңбек күші

Болашақ ұрпақ үшін қауіпті саналатын факторлар сапында – олардың ерте еңбекке араласуы да бар. Бұны əлемдік зерттеушілер айтып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, əлемде 5-17 жас аралығындағы 152 миллионнан астам бала жұмыс істеуге мəжбүр. Осы балалардың жартысына жуығы денсаулығына қауіпті жерде еңбек етеді.

Халықаралық іргелі ұйым COVID-19 пандемиясынан ту-ындайтын экономикалық дағдарыс миллиондаған баланы жұмыс істеуге итермелеуі мүмкін деп болжайды. Өйткені күнкөріс үшін балалар ата-ана-сымен бірге нəпақа табуға көшуі ғажап емес. Себебі, бұл қауіп экономикалық жағдайы төмен елдерде күшеюі мүмкін екен. Сондықтан БҰҰ 2025 жылға дейін бала еңбегінің барлық түрін жою жоспарын жүзеге асыруға шақырып отыр. Соған сай, 2021 жылды бала еңбегін жоюдың халықаралық жылы деп жариялады.Əлемдік масштабтағы бұл мəселелер бізді де айналып өтпесі анық.

Жалпы, біздің елде 14 жастан бастап шарт жасау арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Оның барлығы заңнамада қарастырылған. Десек те тиісті талап-тарды сақтамай, заңды белінен баса-тындар да баршылық. Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уəкіл Эльвира Азимованың айтуынша, балалар құқының бұзылуын анықтау мақсатында Білім жəне ғылым министрлігі республика аймақтарындағы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» рейдін жүргізеді. Бала еңбегін пайдалану проблемасына қоғам назарын аудару үшін жыл сайын «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күндік күрес» ақпараттық науқанын өткізеді.

Жалпы, құзырлы орындар берген деректерге сүйенсек, соңғы уақытта бұл көрсеткіштер азайған. Бұл ретте пандемия жағдайында көп жұмыс орындарына тыйым салынғаны да мəселенің шектен шықпауына септескені сөзсіз. Бұл жерде айта кету керек, баланы еңбекке баулу бір басқа да, қиын жұмыстарға құжатсыз қабылдау бір басқа. Заңгер Жұмажан Бияшевтің айтуынша, Еңбек кодексінде балаларға жұмыс істеуге рұқсат берілген, бірақ еңбек саласы мен бала жасына байланысты шектеу бар.

«Мысалы, 14 жастан бастап мектеп оқушысы сабақтан бос уақытында, денсаулығына зақым келмейтін жағдайда жұмыс істей алады. Ол үшін еңбек келісім-шартына баланың ата-анасы немесе қамқоршысы, асырап алушысы қол қоюы тиіс. Бірақ, бұл жаста ауыр жұмыс істеуіне, денсаулығына қауіпті жəне зиянды ортада еңбек етуіне тыйым салынады» дейді ол.

Бұған қоса, Қазақстан заңнамасында, кəмелет жасына толмағандарды құмар ойын бизнесіне, түнгі көңіл көтеру орындарына, өндіріс пен алкоголь, темекі, есірткі өнімдерін саудалайтын жерге жұмысқа алуға тыйым салынады. Кəмелеттік жасқа толмағандарға 4,1 келіден ауыр зат көтеру жəне тасу жағдайында жұмыс істеуге болмайды. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға аптасына 24 сағаттан, 18 жасқа толмаған балаларға 36 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды.Айтып өткеніміздей, бұл баланы жұмсамау қажет деген сөз емес. Тек бұғанасы бекімеген бозбала, бойжеткенге ауыр салмақ болар жұмысқа араласуына ата-анасы араша болуы тиіс деген сөз.

«Зерттеушілердің айтуынша, үй тірлігіне араласатын баланың мектепте үлгерімі жақсы болады. Мұндай балалар өз-өзіне сенімді, ерік-жігері мықты болып өседі екен. Ал бұл оқып-тоқуға өте қажет қасиет. Үй жинап, бауырларына қол ұшын созатын бала есейгенде қоғамға пайда тигізер азамат болып өседі екен. Осы орайда мен де қызым Айжанды жас күнінен еңбекке баулып, заңдылық аясындағы жұмыстарды жасауына рұқсат беріп келемін. Елордадағы университетте оқитын ол карантиндік шаралар енгізілген сəттен бастап, сол жақта қалды. Қатаң режим жеңілдетіліп, жұмысқа кері араласармыз деген ойы болатын. Алайда, нысандардың ашылмауы себепті биыл жұмысынан қол үзіп қалды» дейді бізбен əңгімесінде Атырау қалас ының тұрғыны, көп балалы ана Майра Ерғали.

Түйін:

Биылғы мамырдың соңғы күндерінде Атырау халқын дүрліктірген кішкентай Әлидің қайғылы оқиғасы әлі есімізде. ­Өрт, ниеті теріс бөгде адамның алдауы, көше иттері, көпқабатты үйлердегі терезелер, ауладағы ашық шұңқырлар, бекітілмеген септиктер… Балалар үшін қауіпті саналатын осынау тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Кез келген қауіп-қатерді болдырмау – адам құзырындағы нәрсе емес. Десек те, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы шараларды жүргізу – ұрпағымыз үшін маңызды қадам. Бұл ретте мектептерде бейнекамералар орнату мәселесінің де облыс көлемінде кеңінен жүргізіліп отырғаны – көңілге медеу. Кішкентай ғана кемшіліктің соңы өзекті өртер өкінішке ұластыруы әбден мүмкін. Сондықтан, абай болайықшы!..

Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз