1 миллионнан астам қазақстандыққа азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі

1586857014 b36929d4d82a1dc0c00825103307d7ff COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/20 шілде, 2020 жыл. 1 млн-нан астам қазақстандыққа азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін банк картасына төлем ала бастайды», делінген хабарламада.

Бұйрық күшіне енген кезде төлем 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды.

Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі. 5 әлеуметтік топ: – атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар; – медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар; – медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер; – мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар; – жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.

Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықты 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк картасына аударылған төлемге ауыстырылды. Наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелген.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.

Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Табыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жәрдемақылар, біржолғы төлемдер төленді, оның ішінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз