ОБЛЫСТА ЕНДІ ҮШ АУЫСЫМДЫҚ МЕКТЕП ЖОҚ

Құлсарыда ашылған жаңа мектеп бұл мәселені толықтай шешті

Жаңа жылды тек жылыойлықтар ғана емес, бүкіл Атырау облысы жұртшылығы үлкен қуанышпен бастауды. Олай дейтініміз, кеше Құлсары қаласының 4-ауылындағы 624 орындық №8 жалпы орта білім беретін мектептің ашылуы – облыстағы үш ауысымдық кезеңмен оқыту мәселесін толықтай шешті.
Су жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, аудан әкімі Мақсым Ізбасов, облыстық білім беру басқармасының басшылары қатысты.

aoblsdsОблыстық бюджеттен қаржыландырылған аталмыш орта мектеп құрылысы 2011 жылдың сәуір айында басталған болатын. Мердігер мекеме «Мұнай Құрылыс Сервис ЛТД» ЖШС директоры Тәңірберген Сәтімбековтің айтуынша, құрылыс жұмыстары ойдағыдай жүріп, белгіленген уақытта тапсырылып отыр. Бұл мектеп бала саны көп болғандықтан, осы ауылда үш ауысыммен оқытатын №9 орта мектептің жұмысын жеңілдетті. Сонымен қатар, №20 орта мектептің оқушылары да жаңа мектепке ауыстырылуда.
– Үкімет елімізде білім беру жүйесінің жетілуіне, оның материалдық-техникалық базасының жақсаруына толық жағдай жасап отыр, – деді аудан басшысы Мақсым Ізбасов. – Сапалы білім мен тәрбие беру-Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыты. Бүгін аудан орталығында ашылып отырған №8 орта мектеп – соның тағы бір дәлелі. Қаламызда 55 мың халық тұрады. Ауданда көптеген жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер соңғы жылдары оң шешімін табуда. Тағы бір қуанышты жаңалық – №20 орта мектеп 140 орындық «Айналайын» балабақшасына ыңғайластырылып, ауыстырылмақшы. Бұл балабақша биыл көктемде іске қосылады деп жоспарлануда.
Аудан тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл шараны облыс тарихындағы айтулы оқиға, үлкен жетістік деп бағалады. Өйткені, көптеген жылдар бойы облыста өзекті мәселе ретінде қаралып келген үш ауысымдық мектептер толығымен жойылды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жыл сайынғы Жолдауларында білім саласы мен оның сапасына үлкен көңіл бөліп келеді, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. – Бүгінгі шарамыз – сол саясаттың кішкентай нәтижесі. Ауданда жаңа мектеп ашу осы жердің болашағына қаланған іргетас деп айтсақ – қателеспейміз. Білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мектеп ашумен аяқталмайды. Балалардың ыстық тамақпен қамтылуы, сапалы білім алуы, қауіпсіз мектепте оқуы, мектепке қатынау – осының барлығы маңызды мәселе. Енді облыстың білім беру саласындағы үлкен міндеттердің бірі – апаттық мектептерді жаңасымен ауыстыру, балабақшалардың санын көбейту. Жаңа мектеп «№8 орта мектеп» деген атауды алып отыр екен. Сегіз саны – мәңгіліктің, шексіздіктің, кеңдіктің белгісі. Сондықтан, мектептеріңіз мәңгі, білімдеріңіз шексіз болсын, – деді Ш.Мұқан.
Бүгінгі күні жаңа мектептің табалдырығын 466 оқушы аттады. Оларды 36 мұғалім білім нәрімен сусындатпақшы. Сынып кабинеттері ыңғайлы, кең, іші жылы. Мектеп материалдық-техникалық базамен толықтай жабдықталған. Атап айтсақ, үш сыныпта интерактивті тақта, химия кабинеті, екі лингофондық-мультимедиялық кабинет, асхана, акт және спорт залдары бар. Сонымен қатар, 48 жаңа компьютер әкелінген. Жылыой аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Светлана Аманшиеваның айтуынша, ағымдағы жылы мектепті қосымша материалдық базамен жабдықтауға қаржы қаралды. Сондай-ақ, бастауыш сыныптарда оқитын 217 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған.
– Жаңа жылдың басында кең сарайдай білім ошағын ашуға қолдау білдірген облыс басшыларына алғысымыз шексіз. Менің немерем №20 орта мектепте оқитын еді. Қазір осы мектепке ауысты. Енді немереміз сапалы білім алады дегенге сенімдімін, – дейді ата-ана Дариға Қабиденова.
Жаңа мектептің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мектеп директоры Досмұхан Ілиясовқа білім ордасының символдық кілтін салтанатты түрде табыстады, мектеп ішін аралап, сыныптармен танысты.
* * *
Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Жылыой ауданының орталығына сапары кезінде қаладағы Құлсары-ата кешенінде, орталық «Достық» саябағында, аудандық мешіт үйінде болды және мәдени нысандарды аралап, жұмыстарымен танысты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз