ГИДРОПОНИКА ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

Кеше Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі алғашқы гидропоника цехы ашылды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған «Сиыр сүтін өндіру кешені» жобасының екінші сатысы саналатын, «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі аталмыш нысанның тұсаукесер рәсіміне Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

 

– Облысымыз алдыңғы жылдардағы тәрізді биылғы белесті де айтарлықтай жетістіктермен, толымды табыстармен тәмамдағалы отыр. Елбасының тікелей тапсырмасымен, Үкіметтің ұдайы бақылауымен іске асырылу үстіндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде де көптеген серпінді жобалар қолға алынып, пайдалануға берілуде, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы. – Солардың қатарында биылғы жыл басынан бері жұмыс жасай бастаған, мынау өздеріңіз көріп тұрған сиыр сүтін өндіру кешені де бар. Бұған қоса, азық-түлік молшылығын жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, бірін-бірі толықтыратын тағы да сондай бірнеше жобаны жүзеге асыруды ойластырғанбыз. Бүгінгі күні игілікке берілгелі отырған, испандық технологияға негізделген көк балауса дайындап шығаратын қондырғы баршамыз үшін де елеулі оқиға болып есептеледі.

Гидропоника-өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада-қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Мұнда өсімдіктің тамыры арнайы дайындалған субстратқа орналастырылады. Нәтижесінде, табиғи ортада бапталған дақылға қарағанда жасанды жолмен өсірілгені өнімді мейлінше қысқа мерзімде және молырақ беретіндігіне көз жеткізілген. Оның үстіне, әдеттегідей таңертеңнен басталып, қара кешке дейін созылатын ұзақ уақыт пен қол күшін қажетсінбейді. Заманауи үлгідегі, арнайы электронды басқару жүйесіне қосылған шағын өндіріс орнында бар болғаны бес адам еңбек етеді.

Мамандардың пікірінше, құнарлы әрі сапалы мал азығын дайындаудың мұндай тәсілі экономикалық тұрғыдан да тиімді көрінеді. Осында дайындалып шығарылған бір келі көк балаусаның бағасы 14 теңге тұрады. Басқа мал азығы түрлерімен салыстырғанда құны анағұрлым арзан, шығыны да аз. Осылайша, келер жылы кешендегі аналық мүйізді ірі қара малының саны екі есеге арттырылып, соған сай гидропоника цехында өндірілетін өнім көлемі де көбейтілмек.

«Бірінші мамыр» ЖШС директоры Есболат Есқариевтің айтуынша, жаңа қондырғыны қолдану арқылы болашақта бір мезгілде 670 бастан астам сауын сиырға жететіндей немесе осынша қажеттілікті қанағаттандыратындай өнім шығаруға мүмкіндік болады. Бұндағы негізгі шикізат – арпа дақылы, ол бір тәулік бойына суда бұқтырылады. Үшінші күн дегенде ол егіледі, алты күннің ішінде өсіп шығады. Жасыратыны жоқ, иелігімізде осыдан жиырма жыл бұрын салынған гидропоника қондырғысы да бар. Ол да өзінің мүмкіндігінше жұмыс жасап тұр. Айырмашылығы сол, егер бұрынғысы электр қуатының күшімен жұмыс жасап келген болса, қазіргісі табиғи газ желісіне қосылған. Осыған орай шығыны төмен, тиімділігі жоғары. Тәулігіне 20 тонна су, 130 Квт. тоқ жұмсалады. 1700 келі (1,7 тонна) құрғақ арпадан 10 тонна жасыл балауса алынады. Жоғарыда айтқанымыздай, сапасы мен құнарлылығы жағынан көптеген артықшылықтары байқалады. Өндірі-летін өнім көлемін қазіргіден 30 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз