«ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН НАННЫҢ ДӘМІ ТӘТТІ БОЛАДЫ»

Басты жаңалық

 

«БИЗНЕСКЕ КЕЛІҢІЗ!»

Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер Одағының төрайымы Әлия Бекқожиева сөз басынан-ақ жастарды бизнеспен айналысуға шақырды. Ол өзінің кәсіпкерлікке бет бұрғандағы кезі мен қазіргі тәуелсіз еліміздегі мүм-кіндікті салыстыра әңгімелеп, бүгінде бизнеске нық қадаммен баруға болатынын жеткізді. Себебі, мемлекеттік бағдарламалардың өзі түрлі жеңілдіктер ұсынады:
– Рас, Кеңес Үкіметі тұсында кәсіпті басқару жеңілдеу болды. Тек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ғана еңбек ететінбіз. Қазір мүлде басқаша. Бизнесмендер жұмыс ауқымын іздейді, өз кәсіптерін жарнамалайды. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін заңдылықтарға да түрлі өзгерістер енді. 1997 жылы Мемлекет басшысы орта және шағын кәсіпкерлікке қатысты Жарлыққа қол қойды. Сол уақыттан бастап әр кәсіпкер өз бетінше қызмет көрсетіп, өнім өндіруге мүмкіндік алды. Әрине, бастапқыда алып-сатарлық көбейді. Біртіндеп өндіріс те дами бастады, – деді Әлия Байжанқызы.
Өнім шығарумен айналысатын оның пайдасы шаш-етектен болмағанмен, қарамағында 160 қызметкер еңбек етеді. Жұмысшылар жалақысын уақтылы алып тұрады, салық та мезгілінде төленіп отыратынын айтқан Ә.Бекқожиева еселі еңбегінің арқасында 2007 жылы «Алтын сапа» сыйлығына ие болғанын қуанышпен жеткізді. Бірнеше жыл бойы бизнесін дамытуда аянбай жұмыс жасағандарға мұндай марапат қанат бітірсе керек. Оның үстіне, бүгінгі таңда кәсіпкерлердің несиелерін мемлекет «Даму» қоры арқылы 70 пайызына кепілдік береді. Ал, бұрын жас кәсіпкерлер үшін банктен несие алудың өзі мұң болатын. Бұдан басқа екінші деңгейлі банктердің пайызының жартысын өтеуге мемлекет жәрдемдеседі. Бір сөзбен айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті өркендетуге жол ашық.
Басқосуда қаржы полициясы өкілі шағын және орта бизнес өкілдеріне алдын алу, түсіндіру жұмыстары атқарылып жатқанын атап көрсетті. Соның аясында кәсіпкерлер мазалаған сұрақтармен арнайы мамандарға хабарласуға болады. Сондай-ақ, ол қолма-қол ақшасыз есептесу барлық қаржылық түсімдерді бақылап отыруға жол ашылатынын жеткізді.

БАҒЫ ЖАНҒАН АЙБАР

Бизнеске бет бұрғанына жиырма жыл толған Айбар Джаниязовтың бүгінде «ДИАР» атты жиһаз өндіру цехы, қонақүй, мейрамхана желілері бар. Түрлі саланың «дәмін татып» көрген бизнесмен шынымен де қазір дамуға мүмкіндіктің зор екендігін айтады. Осынау уақыт ішінде Айбар бизнестің ащысы мен тұщысын татып үлгерген. Дегенмен, ол да өзіңе ұнайтын іспен айналысқанда ғана табысқа кенелетіндігін жасырмайды. Мысалы, тамақ пісіргенді ұнататындар кафе, мейрамхана ашуына, сурет салуды жаны қалайтындар жарнама агенттігін құруына болады. Өз кәсібін бастағандар бастапқыда пайда тапқаннан кейін еңбек етуін тоқтатып жатады. Ал, Айбардың пікірінше, үнемі ізденіс қана жетістікке жетелейтінін ұмытпаған жөн.
– Бизнесте, ең бастысы – еркіндік. Соған қарамастан, кәсіпкерлік жолын таңдағандар мынадай қағидаларды естен шығармағаны абзал. Біріншіден, қай істі бастайтынын анықтау қажет; екіншіден, нақты қызмет түрін білген жөн; үшіншіден, үлкен шыдамдылық керек. Кейбіреулер жұмысын бастағанмен, біреулердің әңгімесін ести жүріп, пайдасыз екен деп шаруасын тастап кетеді. Сол себепті пессимистердің пікіріне құлақ аспаңыз.
Жасыратыны жоқ, бізде көпшілігі кафе, мейрамхана ашады да, үш-төрт ай пайда көргеннен кейін басқа біреудің басқаруына беріп, қараусыз қалдырады. Бұл да дұрыс емес. Сосын жабылып қалады. Оны болдырмас үшін үнемі бақылап отыру қажет. Тіпті тұтынушының қай бағытта қозғалу керектігін анықтап береді. Мәселен, даяшылардың қызмет көрсету деңгейі төмен болуы немесе тағамдардың сапасы төмендеу болуы мүмкін. Мұның бәрін тұтынушы өзі айтады. Сіз кемшіліктерді түзесеңіз, келушілер де көп болары сөзсіз, – деп бөлісті А.Джаниязов.
Бизнесмен Атырауда әлі де дамыта түсер салалар жетіп артылатынын жеткізді. Ұдайы шетелге шығып қыдырғанды ұнататын ол өзге елден де көрген-білгенін осында әкелуге болатынын жасырмады. Шынымен де, тәжірибелі кәсіпкермен келіспеуге болмайды. Саудада айы оңынан туған «шаурма», «самса», «гамбургерлердің» бәрі сырттан әкелінген. «Бизнес ашу үшін ұлы болудың қажеті жоқ» деп санайтын Айбар басынан өткен қызықты бір оқиғаны еске алды:
– Осыдан он бес жыл бұрын Алматының саябағында серуендеп жүріп поп-корн сатып жатқанды көрдім. Барлығын ой елегінен өткізіп, біздің қалада да осындай поп-корн сатуды ұйғардым. Тіпті пісіретін құралын да әкелдім. Бірақ, ол кезде Атырауда демалатын арнайы саябақтар жоқ болатын. Қызығы сол, әлгі поп-корнымды сататын орын таба алмадым. Сол тұста базар ғана бар еді. Амалсыздан құралымды базарға қойдым. Атырауда жел, шаң жиі болып тұрады ғой. Сөйтіп, бұл ойым жүзеге аспай қалды. Сондықтан, бәрін зерттеп, талдағаннан кейін өз жерімізге бейімдеп қана әкелу керектігін ұмытпағанымыз абзал деп түйдім. Біле білсеңіз, бізде сервисті әлі де жақсарта түсу қажет, – деп пікірін білдірген мұның барлығын ақиқатқа айналдыру үшін ең алдымен мықты денсаулық керектігін атап айтты. Сосын «нарық заңы солай екен» деп, біреуді алдап-арбаудың да кері айналып өзіңізге соғатындығын ескертіп өтті.

АЙЖАННЫҢ СӘН ӘЛЕМІ

Әйгілі кәсіпкер болмағанмен, сән саласында үш ай бұрын өз ісін ашқан Айжан Бокаеваның есімі жұртшылыққа 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы олимпиадаға киетін спорттық киімдердің дизайны байқауында жеңімпаз атануымен танылды. Он екі жыл Алматыдағы сән үйінде тынымсыз еңбек еткен Айжан «Айоко Бо» брендімен туған жері – Атырауда сән үйін ашқанына небәрі үш ай болыпты. Ол жетістігін тәжірибелі мамандардан алған білімімен байланыстырады. Түн ұйқысын төрт бөліп, дамылсыз жұмыс істеген күндерін еске алған қаршадай қыз алғашқы бизнесі сәтсіз болғанын да жасырмайды.
– Меніңше, өзіңе ұнайтын істі ғана қолға алу керек. Бірінші бизнесте жолымның болмағаны маған сабақ болды. Ес білгелі сән саласын жетік меңгердім. Анамның сән үйі болды. Соған қарамастан кәсібімді бастарда бизнес-жоспарымды тоғыз рет өзгерттім. Өкінішке қарай, банктегі «бюрократия» әлі де тыйылар емес. Мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігі әлі де төмен деп санаймын. Меніңше, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін аянбау қажет. Сеніміңізден таймаңыз. Сіздің құлағаныңыз біреулерге ұнауы мүмкін. Сондықтан берілмеңіз. Адал әрі сауатты болыңыз! Мен өз бизнесімді мақсатым деп қойдым. Кейінгі ұрпағыңа артыңнан із қалдыру үшін тынымсыз еңбек етіңіз, – деген Айжан өзінің үнемі эмоцияға берілетінін де айтып қалды. Бірақ, жас кәсіпкер келешегінен үлкен үміт күтеді.

ЖАЛҚАУ АДАМ КӘСІПКЕР БОЛА АЛМАЙДЫ

Басқосуға «Атырау» қонақүйінің бас атқарушы директоры Бюлент Хаджиоглу қатысып, орынды пікірін ортаға салды. Отыз сегіз жасар Түркия елінің азаматы бүгінде Мәскеуге тұрақтапты. Атырау жұртшылығының ерекше дарынын жоғары бағалаған ол кәсіпкерлікте білімнің керектігін атап көрсетті. Жылына 5 млрд. доллар табыс тапқан ірі компанияларда басқару ісінде қызмет атқарған Бюленттің айтары да аз емес екен. Оның пайымынша, бизнес сөзінің өзі «тынымсыз жұмыс» дегенді білдіреді. Яғни, жаныңызға жақын кәсіпті бизнеске айналдыруға болады. Мәселен, аты әлемге танымал Roberto Cabballi-дің джинсы матадан тігілген киімдерінің сапасы да, сәні де басқаларға қарағанда айтарлықтай жақсы. Брендті киімдер үлгісінің иесі джинсы шалбарларды түрмеден көріпті. Кейін оны түрлендіріп, кәсіпкер сәнді киімге айналдырған.
– Сырт көз ретінде байқағаным, Атырау жастарында жалқаулық бар. Ағылшын тілінің аудармашысы мамандығын алып келген бір жас жұмысқа тұрғысы келді. Сынап қарайын деп оған аударма бердім. Алайда, шетел тілін білмейтін болып шықты. Көпшілігі менеджер мамандығын қалайды. Білгір кадр болу үшін лайықты білім керек. Бірде Атырауда жұмыс істейтін 22 жасар жігіттен Қазақстанда қанша халық тұратынын сұрадым. Өкінішке қарай, қате жауап берді. Меніңше, күні бойы әлеуметтік желілерде отырып, ананы-мынаны әңгіме қылғанша, өз елі туралы жетік білгені жөн емес пе? – деп орынды сауал тастаған Б.Хаджиоглу ата-ананың көмегімен емес, өз еңбегіңмен жеткен жетістіктің жемісі тәтті болатынын жеткізді.
Түйін
Бас-аяғы бір жарым сағатқа созылған еркін басқосуда кәсіпкерлер тәжірибелерімен бөлісіп, мағыналы әңгімелерін ортаға салды. Жаңадан кәсіп ашуға жұмыстанып жүрген жастар мұны қызығушылықпен тыңдап, қоштап отырды. Ал, Әлия Байжанқызының «баяғыда Айбар да бизнеске келерде сіздер секілді жап-жас жігіт болды. Қазір ол – үлкен бизнесмен. Ондай жетістікке жету жас кәсіпкерлердің қолынан келетініне сенімдімін» деген сөзі жас бизнес иелеріне қанат бітіріп, бір қадам алға басқандай әсер қалдырды.

Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған