БІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

немесе тіл туралы заң қалай іске асуда?
- Мемлекеттік мекемелерде бүгінде мемлекеттік тілдің қолданылуы жайлы мәселе болмауы тиіс. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болғанын тойлағалы отырмыз. Осынша уақыт ішінде мемлекеттік органдарда тіл туралы заң талаптарының орындалмай, әлі күнге құжаттар айналымын толық қазақ тіліне көшіре алмай отырғанымыз – ұят, - деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан тілдер туралы заңнаманы және тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісінде. Бұл жолғы мәжілісте облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың екі мекемеге жүргізген тексеру қорытындылары жария етілді.

Басқарма басшысы Қилымғали Қайненов еліміздегі «Тіл туралы» Заңның, облыс әкімінің «Атырау облысында іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы» шешімінің облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде және Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінде орындалысын тексеру кезінде белгілі болған мәселелерден хабарлама жасады.
Мемлекеттік тіл саласындағы жұмыстардың тиісті түрде атқарылуы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департамент біраз олқылықтар жіберіп отыр. «Мысалы, – деді басқарма басшысы Қ.Қайненов, – департамент «Тіл туралы» Заңның 9 бабындағы «Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіледі» деген талапты орындамаған. Біраз құжаттар тек орыс тілінде рәсімделген. Сондай-ақ, жасалған жұмыстар аталған заңның 10-бабына да қарсы келеді. Мекеменің қаржылық құжаттарының жылдық есептері орыс тілінде жүргізіледі. Өткен жылы департаменттен 291 құжат тек орыс тілінде жолданған».
Мұндай кемшіліктер Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаментінде де бар. «Тіл туралы» Заңның 8-бабындағы «Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады», – деген талап бұзылған. Заңның 10, 15 баптары бойынша да біраз кемшіліктер анықталып отыр.
«Құжат айналымы бойынша департамент теріс динамика көрсетіп отыр, – деді Қилымғали Қайненұлы, – Өткен жылы шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тіл үлесі 83,2 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 43,2-ге дейін құлдырап, екі есе төмендеген. Бұл жерде «жоғары органдар құжаттарды орысша талап етеді» деген уәж қабылданбайды. Қай нәрсе де заң шеңберінде реттеледі. Орыс тілін қолдануға ешкім тыйым салып отырған жоқ. Хатты да, ақпаратты да, есептерді де орыс тілінде жіберуге болады, бірақ алдымен міндетті түрде мемлекеттік тілдегі нұсқасы дайындалуы тиіс».
Тексеру нәтижелерін осылайша баяндаған басқарма басшысы департаментке тек орысша келетін құжаттардың басым бөлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінен, оған қарасты мемлекеттік кәсіпорыннан екенін ескертіп, Комитетке хат жолдау жөнінде ұсыныс берді.
Мәжілісте Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Руслан Неталиев пен Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Лес Баймұқашевтар өз мекемелеріндегі мемлекеттік тілдің ахуалы жөнінде баяндап, көрсетілген кемшіліктерді алдағы уақытта дұрыстаймыз, деп уәде етті. Бұл департаменттердің тіл саясаты бағытындағы жұмыстары енді бес жылдан кейін тексеріледі. Тек жеке немесе заңды тұлғалардан мекемеде тіл заңының бұзылуы жөнінде арыз-шағым түскен жағдайда ғана кезектен тыс тексеру тағайындалады.

Бақытгүл БАБАШ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз