ТӨРТ АУДАНҒА ТАНЫЛҒАН

айтулы азамат Уәли Жайықов туралы толғаныс

Араға қаншама уақыт түсіп, жылдар артынан жыл өтсе де, кісілігі мен парасаты, биік адамгершілік қасиеттері естен кетпейтін тұлғалар болады. Сондай жандардың бірі – бүгінде ортамызда жоқ Уәли Жайықов ағамыз еді. Оның есімі Атырау  облысындағы төрт ауданға жақсы таныс. Ол соғыстан кейінгі қиыншылыққа толы жылдарда Есбол, Новобогат (қазіргі Исатай), Қызылқоға және Махамбет аудандарында басшылық қызмет атқарып, аталмыш өңірлердің дамуына зор үлес қосқан.

Уәли аға 1915 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы №2 ауылда дүние есігін ашады. Әкесінен ерте айырылған ол анасы Сұлукеннің тәрбиесімен өсіп, ер жетеді. 1923–30 жылдар аралығында шаруа-жастар мектебінде оқып, білім алған Уәли аға әрі  қарай мұғалімдер даярлайтын 3 айлық курсты тәмамдайды. Сөйтіп, ол өзі туып-өскен өңірде 1930-34 жылдар аралығында бастауыш мектеп мұғалімі болып жұмыс істеп, елде  сауатсыздықты жою ісіне белсене араласады. Әрі қарай білімін жетілдіруді де естен шығармай, 1934-37 жылдарда Гурьевтегі жұмысшы факультетін оқып бітіреді. Оның білімі  мен қабілеті ескеріліп, 1937 жылы облыстық атқару комитеті оған өнер бөлімінің меңгерушісі қызметін сеніп тапсырыпты. Сондай-ақ, ол жаңадан ұйымдастырылған облыстық драма театрының басшысы қызметін де қоса атқарады. Шын мәнісінде қазіргі Махамбет атындағы облыстық драма театрының алғашқы директоры У.Жайықов болғанын біреу білсе, біреу білмейді.

1939 жылы әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеуге аттанады. Ол жөнінде Уәли ағаның қызы, көп жыл ұстаздық қызмет атқарған Раушан Жайықова былайша еске алады:

– Әкеміздің әскери қызметі Петрозаводск қаласы маңындағы сегізінші армияның артиллериялық полкында зеңбірекшілер командирі ретінде басталып, кейін Одесса әскери округі екінші артиллериялық полкінде атқыштар взводының командирі қызметінде жалғасады, – дейді  ол. – Осылайша азаматтық борышын өтеп жүрген кезінде Фин соғысына қатысады, ал екінші дүниежүзілік соғыс басталған шақта әкеміз сол жақтан майданға аттанады. Ілкіде ол қысқа мерзімді курстан өтіп, кіші лейтенант шенінде Волхов, Сталинград майдандарында взвод командирінің көмекшісі, взвод командирі ретінде ұрысқа қатысады. Бірнеше рет әскери операцияларға белсене қатысқан әкеміз өзінің жауынгерлік борышын адал орындап шығады. Венгрия жеріндегі кескілескен шайқаста ол ауыр жараланып, 6 айдай әскери госпитальда емделеді. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз» ордені және «Ерлігі үшін», «Одессаны және Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», т.б. медальдармен марапатталады…

Алпысыншы жылдардың бас кезінде У.Жайықовпен Қызылқоға ауданында қызметтес болған П.Мардановтың майдангердің өз аузынан естіген соғыс жылдарындағы мына бір оқиғаны былайша еске алады:

– Фин соғысы жүріп жатқан кез. Кезекті бір ұрыс кезінде Уәли аға әскери борышын өтеп жүрген бөлімнің командиріне оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Не істеу керек, өздігінен жүруге жарамайды, қайткенде де санитарлық бөлімге жеткізбесе болмайды. Қақаған қыс кезі, жерде қалың қар. Уәли аға көп ойланып жатпастан, командирін шанаға салып, сүйреп әкетпекке бекінеді. Уақыт өткізбей, майдан шебінен жаралы командирді алып шығу қажет. Командирдің: «Өзің аман құтыл» деген бұйрығына және басына төнген қатерге қарамастан, жаралы командирді екі күн бойы шанамен сүйреп, қалың орман ішімен санитарлық бөлімге аман-есен жеткізеді.

Арада 4-5 жыл өткеннен кейін Отан соғысы кезінде Уәли аға жауынгерлік борышын өтеп жүрген бөлімнің штабына генерал шеніндегі майданның әскери кеңесінің мүшесі келе қалмасы бар ма? Уәли аға оның аты-жөнін сұрастырып қараса, баяғы өзі санитарлық бөлімге жеткізген адамның есімімен бірдей болып шығады. Бәлки ұқсас фамилиялы адам шығар деп те есептейді. Екіншіден, анадай ауыр жарақаттан кейін жазылып, генерал шеніне жетуіне де күмәнді болады. Бірақ, бұл жағдай Уәли ағаға маза  бермей, ақыры әскери тәртіп бойынша рұқсат алып, генералға бармаққа бекінеді. Сөйтіп, генерал тоқтаған блиндажға кіріп келіп, әскери тәртіп бойынша ізет білдіреді. Бастапқыда өз көзіне өзі сенбейді, баяғы өз бөлімінің басшысы аздап толысқан, әскери шені өскен. Ал  генерал болса, алғашқыда оны танымай қалса керек, аты-жөнін, қандай жұмыспен келгенін сұрайды. Сол жерде Уәли аға әскери тәртіп бойынша баяндаған кезде, генерал  орнынан ұшып тұрып, оны құшақтай алады. Аң-таң болған айналасындағыларға мән-жайды толық түсіндіріп, генерал оған соғыс кезі бола тұрса да бір айға ауылына барып келуге бұйрық шығартыпты.

 

Майданнан оралғаннан кейін 30 жылға жуық басшы қызметтер атқарған абзал ағамыз биік адамгершілігі және парасаттылығымен облыс жұртшылығының есінде қалды. Бейбіт еңбектегі қызметі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Жұбайы Сәбира анамыз екеуі ұзақ жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, бірнеше ұл-қызды өмірге әкелді. Қазір олардың әрқайсысы бір-бір шаңырақ иелері. Абзал аға тірі болса биыл 100 жасқа толар еді. Амал не ол соғыс салған жарақат салдарынан өмірден ерте кетті.

                                                                                  Сейілхан  ҚАЙЫРЖАНОВ, Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз