СОҢЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫ

Ел тарихында Ұлы Отан соғысы деген атаумен қалған қанды кезеңде бір миллион екі жүз мыңнан аса қазақстандық жау оғына қарсы тұрған екен. Сол миллионның қай-қайсысы да – өз алдына бөлек шежіре, өз алдына қайталанбас ерлік тарихы. Өйткені, олардың әрқайсысы ел шетіне тұтқиылдан тиген жауды тықсырта жеңуге үлес қосты. Сондай жандардың бірі - қан майданға Атыраудан аттанған Әбдіғали Құрманғазиев.

Жылыой ауданында дүниеге келген Әбдіғали Құрманғазиев жеті кластық мектепті аяқтағаннан кейін, 1942 жылы майданға аттанып кете барады. Жас жігіт үшін ұрыс Мәскеу түбіндегі шайқастан басталады. Кейін Рязань, Тула, Брянск, Орловск, Воронеж, Курск бағытында болған кескілескен ұрыстарға қатысып, қаруластарымен бірге аталған жерлерді жаудан азат етеді. Быков қаласы үшін болған кескілескен ұрыста да біздің кейіпкеріміздің іздері жатыр. Осы ұрыста ерлікпен күресіп, ауыр жараланған Әбдіғали Құрманғазиев Сталиннің Алғыс хатын алады. Осылайша, жеңісті Берлиннің түбінде қарсы алған ол түрлі медальдармен, «Үздік артиллерист» төсбелгісімен де марапатталады.
Төсбелгі дегеннен шығады, қорғаныс саласының негізгі шабуылдаушы күші артиллерия екендігі белгілі. Мәселен, калибрі 105 мм зеңбірек химиялық, биологиялық қаруларды толық қуатымен пайдаланса, гаубица, миномёт, әскери машиналар – осының барлығы артиллерияның негізгі қару-жарақтары болып табылады. Біздің кейіпкеріміз соғыс даласында жауға қарсы қолданылатын 122 миллиметр гаубицаның атқышы болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, әсіресе, кеңестік қарулы күштер үшін шешуші рөл атқарған бұл қару түрінің қанды жылдар тарихында алатын орны бөлек. 1939 – 1955 жылдар аралығында бірнеше мәрте шығарылып отырған бұл қару көптеген әлем мемлекеттерінде XX ғасырдың аяғына дейін қолданылып келді. Міне, осы қару туралы кейіпкеріміз өзінің естелігінде былай дейді: «…Біз жауды ұмытылмастай етіп жеңдік. Бірнеше жылға созылған бұл соғыстың әлем тарихында қанды әріптермен қалары анық. Майдан даласында талай жауынгер қаза тапты. Мен де көптеген жақындарымды, жан жолдастарымды жоғалттым. Жаратушымыздың жебеуімен майдан шебінен қалмай, жеңісті Берлинде қарсы алдым. Осындай түрлі оқиғаларды бастан өткерген сәтте гаубицам жан серігіме айналды. Соғыс аяқталғанға дейін екеуміз бір-бірімізден еш ажырамадық. Асылында, гаубица – қарудың төресі…»
Ерекше айта кетер бір жайт, жау қолында қалған қалаларды азат ету жолында болған ұрыстарда Әбдіғали Құрманғазиев екі мәрте ауыр жараланады. Бірақ, ол жарақатының ауырлығына қарамастан, елге қайтудан бас тартып, майданға сұранған. Бұл туралы майдангердің өзі «…жарақатымның ауырлығына байланысты командир маған госпитальда қалуды бұйырды. Сол кезде «менің жарақатым госпитальда емес, майданда жазылады» деп, ұрысты жалғастыруыма рұқсат беруін өтіндім» деп жазып қалдырыпты.
Майдангердің естеліктерін ақтарып отырғанымызда оның Отанға деген сүйіспеншілігінің тек қана шынайылықтан тұратынын байқадық. «Отанды сүю – жүректен. Біз еліміздің болашағы үшін күрестік. Соғыстың аты соғыс қой. Оның несін айтайық? Судай аққан қанның ортасынан келгенімізден болуы керек, бүгінгі бейбіт өмірімізге сан шүкіршілік айтамын. Сәби ұйқысының тыныш болғанына не жетсін?! Береке мен мерекеге толы осы күндерімізді бағалай білейік» деп жазып қалдырыпты ардагер.
1946 жылы елге оралған майдангер соғыстан кейінгі жылдары бейбіт елдің экономикасын қалпына келтіруге атсалысты. Ферма меңгерушісі, кейін бас агроном қызметтерін абыроймен атқарған ол қалған ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнады. Кеудесіне түрлі медальдарын тағынып оралған майдангер бейбіт жылдары Ақ-тұрған атты жұбайымен табысып, сегіз бала тәрбиелеп өсірді.
Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қашанда кішіпейілдігімен, жастарға деген ағалық қамқорлығымен, қайырымдылығымен мәңгілік есте жатталып қалған адамдар болады. Міне, біздің кейіпкеріміз осындай адам. Ол туралы замандастары «Бір қарағанда сұстылау, суық мінезділеу көрінетін Әбдіғали шын мәнінде үлкен жүректі азамат еді. Қандай жағдай болса да, өзінің шаруасын ысырып қойып, алдымен өзгеге көмектесуге дайын тұратын. Оның әсіресе, жастарға деген ықыласы ерекше еді. Жұмысты да талап етеді, қажет кезде ақыл-кеңесін беріп, қиындықтардан алып шығатын. Ол бір өзі бір мектеп адам еді ғой» деп еске алады.
Иә, адам өмірге адам болып келген соң адам болып кетуі керек. Жақсылыққа бейім тұру, айналасындағыларға көркем мінезбен үлгі болу, отбасына деген мейірбан қарым-қатынас, есті ұрпақ тәрбиелеп өсіру, қашанда имандылықтан алыстамау. Ел басына күн туған шақта Отанын жаудан қорғау. Адамның басты мұраты, сірә, осы болуы керек шығар!.. Біз әңгімелеп отырған Әбдіғали Құрманғазиев осы биіктерден көріне білді. Ақжарқын мінезімен, қамқорлық қасиетімен қашанда айналасындағыларға үлгі болды. Бүгінде бақилық болған Әбдіғали Құрманғазиевтың артында жақсы аты, өнегелі жолы, мақтан тұтарлық ұрпақтары мен қан майдан даласында жасаған ерлік істері қалды.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз