img 20210517 wa0023 1

Айбаровтың айбарлы ерлігі – ел есінде…

Айбын Жаңалықтар
8 / 100

Атырау елінің абыз ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының және Атырау қаласының Құрметті азаматы Айдын Аққалиұлы Айбаров 100 жасқа қараған шағында дүние салды.

Айдын Аққалиұлы 1921 жылғы 16 қазанда Атырау облысы Доссор кентінде туған. 1940 жылы Атырау қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті тәмамдаған. Ақтөбе қаласындағы ұшқыштар дайындайтын мектепті, Ресейдің Пермь қаласындағы әскери ұшқыштарды даярлайтын училищені бітіріп, І Прибалтика майданының құрамындағы 956-Қызыл тулы авиаполкте ұшқыш болған. Өзіне жүктелген әскери міндеттерді толықтай атқарып, 1947 жылы капитан шенінде елге оралады. Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң еңбек жолын облыстық «Атырау» (бұрынғы «Социалистік жол») газеті редакциясында бастаған. Кейін Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білімін жетілдіріп, партия-кеңес, кәсіподақ органдарында, кәсіпорындарда жауапты лауазымды қызметтерді абыроймен, асқан жауапкершілікпен мүлтіксіз орындады. Майданда ерлігімен көзге түсіп, бейбіт кезеңде еліне адал қызмет еткен ардагер ағаның еңбегі лайықты бағаланды. Соның куәсіндей, І дәрежелі «Отан соғысы», Суворов, Кутузов, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Атырау облысының және Атырау қаласының Құрметті азаматы атанды. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары жан төзгісіз қиындықтарды басынан өткеріп, бертінде жанқиярлық еңбектің үлгісін танытқан, саналы перзенттерді тәрбиелеп өсірген біртуар тұлғаның өмір жолы, ерлігі мен өрлігі өскелең ұрпаққа өнеге. Ол қайсарлығымен өмірдің өр дауылдарында толқымастан табандап тұрып, асау толқынды айдындарына қарсы жүзе білген жан болды. Ащының кермегі мен тұщының тәтті дәмін қатар татып, содан сабақ алып, кешегі өлім мен өмір белдескен шақтарда арыстан айбарлы айбатымен жауына қасқая қарсы тұрған, сындарлы шарболаттай шыңдалды. Қаһарлы жауына қыран бүркіттей шүйлігіп, көктен шабуылдаған кездерінде көзсіз ерлікке барып, қаруласмайдандастарына үлгі болғаны аңызға бергісіз ақиқат. Осы мінез, осы қалып түрлі лауазымды қызметтерді атқарған жылдарында сол күйінде сақталды. Қашан да шындықты айтып, турашылдығынан танбады. Айдын Аққалиұлының балалығы мен жастық шағы қиындық пен күреске толы өтті. Соғыс жылдары авиаполкте ұшқыш болып, өзіне жүктелген аса жауапты әскери міндеттерді мүлтіксіз орындады. Қан майданда өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының үлгісін танытты. От пен оқтың ортасынан елге есен оралған майдангер ағамыз бар ғұмырын елдің дамып, өңірдің өркендеп, гүлденуіне арнады. Ұзақ жылдар басшылық қызмет жасап, өмірінің соңғы күндеріне дейін тәуелсіздіктің тұғырлы болуын тіледі. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары елдің қамал-қорғаны болған Айдын Аққалиұлының ерен ерлігі, жалындаған жігері, өршіл рухы кейінгі ұрпаққа әрқашан үлгі болып рухтандырады. Ғибратты ғұмыр иесі Айдын Аққалиұлы Айбаровтың атқарған ісі мен жарқын бейнесі халқының есінде ұзақ уақыт сақталады.

Атырау облысының әкімдігі, Атырау облыстық мәслихаты, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы, Атырау облысының қоғамдық кеңесі, Атырау облысының ардагерлер кеңесі

ЖЕДЕЛ ХАТ

Атырау қаласы, Айбаровтар әулетіне

Атырау өңіріне белгілі аса қадірлі ақсақал, ел ағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Айдын Айбаров ағамыздың өмірден озуына байланысты отбасына, ағайындарына және Атырау халқына қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Қоғам қайраткері Айдын Аққалиұлы ағамыз өзінің саналы ғұмырында өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосып, мәнді де мағыналы өмір сүрді. Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, балаларының бақытына, немерелерінің қызығына кенелді. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай.

Б.ІЗМҰХАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» Орталық Кеңесінің төрағасы

Айбаров Айдын Аққалиұлы әулетіне

Өмірден есімімен, ерлігімен, ерен еңбегімен, биік тұлғасымен көпке танылған азамат өтті деген қайғылы хабар біздің қабырғамызды қайыстырған, еңсемізді түсірген ауыр оқиға болды. Айдын Аққалиұлы туған өлкесінің, Атырау қаласының экономикасына, әлеуметтік және рухани өміріне қосқан өлшеусіз үлесі, жас ұрпақты тәрбиелеудегі өнегесі мен үлгісі, байыпты да батыл үні арқылы көптің көкірегінен, аяулы жүрегінен орын алған жан еді. Ол Ұлы Отан соғысының қан майданында от кешкен, кеудесін оққа тосқан, ақыры атакүлдігіне ерен ерліктің, қайтпас қаһармандықтың туын желбірете оралған қаһармандарымыздың бірі және бірегейі болатын. Айдын Аққалиұлының жүзге толған ұзақ та ғибратты ғұмырының Ұлы Жеңістің 76 жылдығы тойланған ұлы күні атыраулықтардың қуанышты құшағында өткені баршамызды ерекше мерейлендірген еді. Амал нешік, сол аяулы ғұмыр өкінішпен үзілді. Оның жарқын жүзі, батыр бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады. Марқұмның жаны жәннатта болсын. Отбасына көңіл айтамыз.

Астаналық жерлестер атынан: Равиль ШЫРДАБАЕВ, Махамбет БАТЫРБАЕВ, Жақсылық ТҰҢҒАТАРОВ, Боран ДҮЙСЕНОВ және Марклен ҚАМНАЗАРОВ

  • Есен ТАСҚЫНБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы:

Ақылшы ағамыз болатын

Адам өмірінің мәні оның ұзақ немесе қысқалығымен емес, сол өлшеулі ғұмырында жасаған іс-әрекетімен, ізгі амалдарымен, мағыналы да саналы, ғибратты сәттерімен өлшенетіні сөзсіз. Жүз жасап, арамыздан мәңгілік сапарына, яғни тал бесіктен жер бесігіне, ақыреттік мекеніне аттанып бара жатқан біздің ардақты ағамыз, абыз ақсақал, қазыналы қария Айдын Аққалиұлы осы айтылғанға сай өмір сүрген жан. Оның жүріп өткен жолы өз әулеті, ізінен ерген біз секілді інілері мен замандастарына ғана емес, кейінгі буынға өшпес өнеге-үлгі. Айта кету керек, Айдекеңнің өзі ғана емес, құдай қосқан қосағы болған Ажар апамыз да бар еңбегін елінің өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне арнаған, осы жолда өмірге саналы ұрпақ әкеліп, оны ұлағатты да салиқалы етіп тәрбиелеген жандардың бірі де бірегейі болды. Ажекең өмірден ертелеу өткенімен Айдын ағамыз алты перзентінен өрбіген ұрпақтардың өсіп-өнгенін көріп, 22 немере, 28 шөбере сүйді. Олардың бәрін аталық мейіріміне бөлеп, қамқорлығын көрсетті. Өз орындарын табуына бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеді. Ол – өз шаңырағы, әулетінің ғана емес, дүйім елдің арқасүйер, ақыл-кеңесін айтар, бәтуәлі сөзін айтып, батасын берер қариясы, ағынды дариясы. Айдын Аққалиұлының жады мықты, есте сақтау қабілеті өте жоғары болатын. Әр сөзін дәлдеп айтып, ойдағысын тыңдаушысына жағымды етіп дәмділеп жеткізетін абыз еді. Сол қалпында пәни дүниеден озып, бақилыққа аттанып кете барды. Сіз өзіңізді сыйлап-құрметтейтін замандастарыңыздың жадында, қадірлейтін еліңіздің есіндесіз! Мұхамбетжан САПАРОВ, денсаулық сақтау саласының ардагері Қамқорлығын көп көрдім… Айдын Аққалиұлымен таныстығым өткен ғасырдың алпысыншы жылдары, Алматы қаласынан медицина институтын бітіріп келген сәттерімнен басталды. Ол кезде ағамыз қалалық партия комитетінің екінші хатшысы еді. Қай саладағы, қандай санаттағы мамандарға болмасын, әсіресе мен секілді дипломын қолына алып, енді ғана еңбекке араласқан жастарға деген қамқорлығы мен қолдауы айрықша болатын. Соның арқасында мамандығымызға машықтанып, кәсібімізге төселдік. Өзгелермен салыстырғанда медицина саласының өзіндік өзгешеліктері мен ерекшеліктері басымдау келетін. Өйткені, біздер бірінші кезекте адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты едік. Сол себепті қойылатын талап та, тәртіп те бөлек, сұраныс та жоғары болатын. Әрине, әлеуметтіктұрмыстық қиындықтар да кездесетін. Ағамыз осылардың бәріне де түсіністікпен қарап, мәселемізді шешуге жұмыстанып отыратын. Қолынан іс келетін, болашағынан үміт күттіретін жастарды қолтығынан демеп, көздеген мақсат-мұратына жетуі үшін қолынан келген көмегін аяп қалмайтын. Екі облыс біріктірілген кезде Маңғыстау өңіріне барып та қызметімді жалғастыруыма тура келді. Сол жақта жүргенімде де, елге қайтып келгенімде де ол кісінің ағалық, әкелік қамқорлығын сезініп жүрдім. Осындай елі сыйлап, халқы құрметтейтін қазыналы қарттың қазасы оның көзін көріп, жылы сөзін естіген, жақсылығының куәсі болған баршаға, абызынан айырылған атыраулықтарға оңай тиіп жатпағаны кәміл. Абзал аға жайлы әңгіме мұнымен таусылмайды, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жаңғыра береді. Арты қайырлы, соңының оңы болғай, соңында қалған ел-жұртына шарапатын тигізгей!

  • Амангелді СЕЛБАЕВ, Атырау облысының Құрметті азаматы:

Ол өмірдің санитары еді

Ғасырлық ғибратты ғұмыр кешіп, пəни дүниеден бақилыққа аттанып бара жатқан Айдын аға Аққалиұлы туралы ойымызды осылай бір ауыз сөзбен түйіндей салуға болар еді. Есімін естіп, майдандағы ерлігі мен елі үшін еткен еңбегі жайлы біліп жүргенім болмаса, ол кісімен етене танысып, жақын араласқаным ағамыздың алпыс жасқа толып, зейнеткерлікке шыққан кезі болатын. Оған да міне, тура қырық жыл толыпты. Əрине, жүзге жеткен абыз жайында білу үшін мұның өзі аз мезгіл емес. Дегенмен оның тұлғалық қасиеті мен қырын толықтай тануға мұның өзі де аздық етуі ықтимал. Кез-келген қиындыққа мойымай, шыдамдылық пен төзімділік таныту, шындықты ту етіп ұстап, әділ сөйлейтіні және әрқашан турашылдықты, әділдікті сүйетіні, толымды ой мен бойдағы рухты бір-бірімен толықтырып, тоғыстыра білетіні, қандай жағдайда да сабыр сақтап, ашуды ақылға жеңдіретіні, адами биіктігінен аласармайтыны, оны өмірлік кредосы ретінде биік ұстай білетіні. Міне, осының бәрі ағамызға тән ерекше қасиеттер еді. Сол үшін де замандастары оны материалдық та, рухани да тазалықты жақсы көретін, соны басты ұстанымына айналдырған өмірдің санитары деп айрықша бағалайтын. Алдағымызды сол кісіге қарап бағдарлап, бағыттайтынбыз. Одан үйренгенімізден үйренеріміз әлі де көп еді. Жаның жәннатта, орның жұмақтың төрінде, иманың жолдас, топырағың торқа болсын. Рухыңмен желеп-жебей бергейсің, жаны жайсаң жақсы аға! Жүз жасқа толар шағында өмірден өтіп, адами болмыс пен асқақ адамгершіліктің, парасат пен пайымның, қайсарлық пен төзімділіктің, мұқалмас қайрат пен жігердің қайталанбас үлгісін көрсеткен дана, дара тұлғаның жасаған ісі мен жарқын жүзі жүрегімізден мәңгілікке орын алады.

Ғибратты ғұмыр иесі

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы, ғасыр жасаған қадірлі ағамыз Айдын Айбаров дүниеден өтті. Айдын Айбаров сұрапыл жылдары Отан қорғау ісіне шынайы қызмет етіп, азаматтық парызын адал атқарды. Одан кейінгі жылдары облыстың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Абыз ағамыз саналы ғұмырында еселі еңбек етіп, жауапкершілік пен шынайылықтың үлгісін көрсетті. Атырауға танымал ардагер, әулеттің бәйтерегі Айдын Айбаровтың дүниеден озуына байланысты атыраулықтар отбасына, туғантуыстарына қайғырып, көңіл айтады. Келер ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған Айдын ақсақалдың жатқан жері жарық, иманы жолдас болып, жаны жәннатта болсын.

Атырау қаласының әкімі және қалалық Ардагерлер кеңесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған