МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

Шоңқалға шығып, сүзісе кететін текешік секілді, ауыл баласының бір-бірімен жұлқыласып, алыса кететін әдеті қалсын ба? Құмдауыт жұмсақ шағыл үстіне жиылған қара сирақ балалардың күнделікті әдеті бұл. Жазғытұрым мал өрістен қайтар тұста кешкілік төбешік басындағы күрестің қызығына беріліп, белдескен өңшең қарасирақтардың бұл қылықтары оларға дәріс беретін Орынбасар ағайларын да қызықтырған. Әсіресе, соғыс жылдары бұғанасы бекімей жатып, ата-анасына мал суаруға, қозы-лақ күтісуге ертерек араласқан шымыр денелі қара баланың қимылы шалт. Күркіреп өткен кешегі соғыс жылдары бағымындағы бір отар қойды аман сақтап, әр жүзінен 120-дан төл өргізген, осы еңбегіне сонау Мәскеуден, Сталиннен «Алғыс хат» алған Сапар көкесінің ұлы Асан (Асанғали – Б.Ж.) екенін бірден таныды. Өзі сабаққа алғыр, зерек оқушы. Мектептегі спорттық жарыстарға қатысып, белдескендеріне есесін жібермейді, алып та, шалып та жығады.

 

– Кәне, палуан болғыларың келе ме?

Әлгілер бірі қалмай қолдарын көтеріп, «иә» деп жамырасып жатты.

– Ендеше, жұптасып күресіңдер, мен қарайын…

Сол-ақ екен, балалар күресті бастап кетті. Ойлағанындай-ақ, Асан өзінен үлкендерді де қапы қалдырып, жауырынын жер иіскетті. Бұған риза болған Орынбасар да «жарайсың, күреске икемің бар екенін көрсеттің» деп арқасынан қақты.

…1960 жылдың маусымы. Ақтөбедегі спорт залы жанкүйерге толы. Қазақстанның батыс өңірі мен Ресей Федерациясының Куйбышев, Орск, Орынбор қалаларынан келген мықты палуандарының сайысына қазылық етуші төреші: «Кілемге жеңіл салмақты палуандар – Гурьев қаласынан келген бірінші разрядты Сапаров пен Орынбор қаласының өкілі Пономарев шақырылады» деп хабарлады. Қол алысып, белдесуді бастап кеткен екеуі бірін-бірі айла-амалмен жеңуге көшкендей. Бұлшық еттері білеудей Асан өзімен бой-сойы бірдей орыс жігітін әбден састырды. Белдесудің үшінші минутында қарсыласының жауырынын кілемге шаншыды. Бұл – гурьевтік палуанның осы сайыстағы үшінші таза жеңісі.

Ақтық сында Асанға қарағанда күрес техникасы жоғары, тәжірибесі мол ақтөбелік палуан Миллер деген жігіт қарсылас болды. Асанның бұған дейін қарсыласын шақ келтірмей таза жеңгенін көрген Миллер де қорқасоқтайтындай. Алма-кезек жасалған тәсілдер екеуіне де нәтиже берер емес. Тек Асанның белсенді қимылы мен қарсыласына жасаған оңтайлы тәсілдерін ескерген төрешілер жеңісті бұған берді. Сөйтіп, палуан А.Сапаров байрақты бәсекенің жеңімпазы атанды…

…Орта мектепті үздік тәмәмдаған Асан Оралдың А.Пушкин атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі де, отбасы жағдайына байланысты екінші курстан бастап Гурьевтің педагогикалық институтына ауысады. Еркін күресті жанына серік еткен Асекең институт қабырғасында жүріп, боз кілемдегі жеңісті жолын одан әрі жалғастырды. Өз салмақ дәрежесі бойынша облыстың жеті дүркін чемпионы, Батыс Қазақстан аймағының абсолюттік чемпионы атанып, алтыннан алқа тақты. 1959 жылы студенттік ойындардың жүлдегері атанды.

Алматыдан атақты палуан жерлесіміз, Қазақстанның екі дүркін чемпионы Жорес Ысқақов ағамыздың туған жерге келуі Асанның шеберлігін шыңдауға, еркін күрестің небір қыр-сырын меңгеруге кеңінен жол ашты.

– Менің алғашқы жаттықтырушы ұстазым Жорес аға еді. Спорттағы жеткен табыстарымда оның еңбегі ерекше. Мен Жорес ағаны әрқашан да мақтан етемін. Кейін ауыл шаруашылығы техникумына қызметке шақыртылып, өзім де спорттың күрес түріне шәкірттер тәрбиелеуге ден қойдым. Тілекқабыл Құсайынов, Сегізбай Қартабаев, Сәуірбай Бөлекбаев, Александр Лұқпанов, Сүйінішбай Рысмағамбетов сынды палуан шәкірттерім республикалық жарыстарда топ жарды. Тілекқабыл 57 келі салмақ дәрежесінде ел чемпионы болып, мерейімді өсірді, – дейді Асекең бізбен әңгімесінде өткен өмір жолынан сыр шертіп.

Кейіпкеріміз кейін өзі бітірген пединституттың жалпы техникалық кафедрасында оқытушы, аға оқытушы қызметтерін де абыроймен атқарды. Бапкерлік кәсібін де тастамады.

Бірде кафедра меңгерушісі Кәкім Ахметжанов Асекеңді шақырып алып:

– Асан, сенің спорттағы бапкерлік қасиетіңді, шәкірттеріңмен жеткен жетістігіңді жақсы білеміз. Ол – бәріміз үшін мақтаныш, әрине. Бірақ, ғылыммен түбегейлі айналысқаның дұрыс. Күрес залында тер төккен жаннан жақсы физик шықпайды, – деп кесіп айтты. Амал жоқ, ғалым ағасымен келісуге тура келді. Сөйтіп, 1963 жылдан бастап, бапкерлікпен қош айтысты. Бірақ, спортшы студенттерге қамқорлығын жалғастыра берді.

Арада төрт жыл өткен соң, ол қаладағы №13 кәсіптік-техникалық училищеге директордың орынбасары болып қызметке ауысты. Кейін №12 және №7 кәсіптік-техникалық училищелерге директорлыққа жіберілген Асекең болашақ маман-жұмысшылардың дене шынықтырумен, спортпен айналысуына мықтап баса назар аударды. Оннан астам жаңа үйірме ашты, балалар арасында спортпен шұғылданушылар қатарын көбейтті. Училищеде «Жас өркен» әуесқой жүгірушілер клубы құрылып, Қазақстан бойынша өткізілген байқауда 2-ші, Бүкілодақтық конкурста 3-ші орынды иеленді.              

Асан Сапарұлы әр жылдары Гурьев қалалық кеңесі атқару комитетінде жауапты хатшы, атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін де абыроймен атқарды. Тіпті, жора-жолдастарының «Асеке, саған бұл жұмыс қол емес қой» деп күмәнданған лауазымдық қызметтерді – сыра зауытының директоры, облыстық көгалдандыру басқармасындағы басшылықты да аса жауапкершілікпен, білек сыбана атқарғандығына да, халық сенімін арқалап, қалалық кеңестің, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде маңызды мәселелердің оңды шешімін табуына сүбелі үлес қосқанына да жұртшылық талай куә болған-ды.

Ол зейнет демалысына шыққанша қаладағы №7 кәсіптік-техникалық училищесін он үш жыл басқарды. Оқу орнының аты республиканы қойып, Одаққа танылды. Халыққа білім беру қызметкерлерінің Мәскеуде өткен Бүкілодақтық съезіне делегат ретінде қатысқан Асекеңнің іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті осы кезде барынша жарқырай көрінді.

1987 жылы Шымкентте өткен кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі бойынша халық аспаптар оркестрлерінің республикалық байқауында училищедегі тума талант иесі Сиғуат Уәйісов жетекшілік ететін оркестр бас жүлдені жеңіп алды. Ел тәуелсіздігін жария қылып, экономикамыз нарыққа бет алған 90-шы жылдардың басында аталған оқу орны бірден заман талабына сай бейімделіп, жас маман кадрлар дайындауда көшбастаушылар қатарынан көрінді. Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы санатындағы Асекең училищедегі оқуды күндізгі және кешкі курстарда жұмыспен қамту орталығы арқылы, сондай-ақ, коммерциялық негізде жүргізіп, 1994-1995-1996 жылдары жыл сайын мыңнан астам маман даярлап, өндіріске жіберді. Ақылы қызмет көрсету нәтижесінде №4 кәсіптік-техникалық оқу орнының «миллионер мектеп» атанып, оның ауласынан тіс емдеу кабинетін, көлік жөндеу, шаштараз, тұтыну тауарларын шығару цехтарын, монша мен автотұрақ ашу, Махамбет ауданы аумағынан егін егіп, қосалқы шаруашылық ұйымдастыруда да Асекеңнің сіңірген еңбегі зор.

– Өткен өмірімізге ризамыз. Қазір шүкірміз. Ел аман, жұрт тыныш. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күні кешегі халыққа Жолдауын Алма апаң екеуіміз теледидар арқылы екі қайтара тыңдап, болашаққа деген сеніміміз беки түсті. Әлемдік дағдарыстың салқынын халқымыз көп сезінбей, бірлікте, ынтымақта өмір кешіп, берекеміз арта бергей деп тілеп отырмыз, шырағым, – деп Асекең «Есею жылдары» атты кітабына қолтаңбасын қалдырып, маған ұсынды.

 Сексен жас – жұмыр басты әр пенденің өмірі үшін шұғылалы да, шуақты сәт. Кейіпкеріміз – облысқа танымал, парасат-пайымы жоғары педагог, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Асан аға бүгінде осы мерейлі шаққа жетіп отыр. Қазір құдай қосқан жары, белгілі педагог Алма Есқазықызымен бақытты әулеттің алтын діңгегіндей бақытты ғұмыр кешуде. Қыздары Айгүл мен Нұргүл – екі әулеттің келіндері, бірі инженер-құрылысшы, екіншісі – геолог-мұнайшы, ұлдары Арман – қос дипломды мұнайшы. Ұрпағы мен немере-жиендерінің бақыты мен қуанышына кенелген қос ардагер – тұстастарына әдемі қартаюдың үлгі-өнегесіндей. Бұл – олардың маңдай терлерінің жемісі ғой.

 

Бақытжан ЖҰМАТ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз