Сарбаздар әскерге шақыру кезеңіне дайын ба?

img 1705 5045 Қоғам

Бізбейбіт елдің бақытты ұрпағымыз. Сұрапыл соғыстың салқынын тек аға буынардагерлердің естелікәңгімелерінен ғана естіп, білдік. Ал, тәуелсіз еліміздің берік қамалы, құрыштай мығым қорғаныайбынды әскері. Сарбазы қуатты мемлекеттің іргесі де мықты болары сөзсіз. Жауынгерлер қатарын толықтыратын жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге әзірлігі қалай?

????????????????????????????????????

Қыркүйек айынан бастап Атыраудағы әскери комиссариаттың дәлізі жігерлі жігіттерден бос емес. Жыл сайын облыс орталығының өзінен шамамен үш жүзден астам жас әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Бұл – жасы 18-ге толған Қазақстан азаматының парызы. Оның үстіне, қазір болашақ жауынгерлер алдын-ала әңгімелесуден өтеді. Яғни, бойы мен ойы, салмағына қарай әскери саланы таңдай алады. Бірақ, қатаң  тексеруден сүрінбей өту бәріне бірдей мүмкін емес. Соның өзінде, өз еркімен әскерге барғысы келетіндердің қатары жеткілікті. Ал, дәрігер алдынан өте алмағандардың денсаулығын түзеп, қайта тексеруге жүгінуіне болады. Заң бойынша әскерге барудан себепсіз бас тартқандар бас бостандығынан айырылады немесе 2 миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді.

– Шын мәнінде, әскер – мектеп. Жақында ҚР Қарулы Күштері арасында халықаралық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Соның ішінен Қазақстанның әскері екінші орынға ие болды. Мұны біздің әскердің заманауи техника мен жаңа дәуірге лайықталған қару-жарақпен қамтылып қана қоймай, кәсіби шеберлігінің жетілгенінің көрінісі деуге болады. Дәлірек айтсақ, қазіргі әскерді бұрынғымен мүлде салыстыруға келмейді, – дейді Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың бастығы Батырхан Қазақов. – Оның бірнеше себебі де бар. Мәселен, ХХІ ғасыр – озық технология заманы. Бүгінгі таңда жүйенің барлығы автоматтандырылып, жаңа техникалар енгізілген.

Айталық, көктемгі шақырылым кезінде Атырау қаласынан жоспар бойынша 300 бала әскерге аттануға тиіс болса, тек соның 260-ы ғана борышын өтеуге жол тартты. Ал, бармай қалғандардың көбінің саулығында кінәрат бар. Әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрағасы Гүлнар Құлғалиеваның сөзіне қарағанда, шақырылушылар 11 медицина маманынан тексерістен өтеді. Азаматтар арасында терапиялық, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі байқалған. Омыртқаның майысуы, көз аурулары да жиі кездеседі екен. Осы орайда айта кетер жайт, түр-тұлғаның, арқа, бел омыртқаның дұрыс қалыптасуының, бұлшық еттің шымыр болуының негізі бала кезден қалануы қажет. Бұл ретте, отбасындағы тәрбиемен қатар, балабақша мен мектептің алар орны ерекше.

Кардиолог Бақтылы Саназарова, терапевт Сара Шекенова, невропатолог Айгүл Маштахова, хирург Марат Жолмағамбетов те қазіргі жас буынның спортпен шұғылданбайтындығын, соның салдарынан неше түрлі сырқатты «жабыстырып» алатынын жасырмады.

 – Әскерге шақырылушылардың жыл сайын денсаулығы жақсарып келеді деп айта алмаймыз. Әсіресе, анемия, дене салмағының аздығы, өт жолдары ауруы, ішкі бас сүйек қан қысымы, тұтығу, энурез, майтабан дерттерін жиі кездестіреміз. Болашақ Отан қорғаушылардың саулығы мықты болуы қажет. Оның үстіне, басты байлыққа селқос қарап, емдеу картасының жоғалуына мән бермей жүре беретіндер бар. Сөйтіп, ауруын асқындырып алатындар да жеткілікті. Ал, дер кезінде ем қабылдаса, жазылмайтын ауру жоқ. Қазірде әскерге шақырылғандардың қатарында арқа омыртқасының қисаюы көбейіп кетті, – дейді мамандар бірауыздан.

Сондай-ақ, дәрігерлер өткен жылдармен салыстырғанда, көз ауруларының жиілеп кеткендігіне алаңдайды. Алыстан көрмеушілік белең алып барады екен. Тіпті, бас миының шайқалуы, жүрек жетімсіздігі, 3-деңгейлі жалпақтабандылық сырқаттарын комиссия тексерісінен бір-ақ біліп жатқандар аз емес көрінеді.

– Неврологиялық, тері аурулары да жиі кездеседі. Қуантарлығы, жарамдылық санаттары бойынша дәрігерлік куәландырудан өткен, салауатты өмір салтын ұстанып, сарбаз қатарынан көрінгісі келетін жастар аз емес, – дейді дәрігерлік комиссия төрағасы.

Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың бастығы Батырхан Қазақов әскер қатарында болған сарбаз үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық танытатын, ел қорғайтын нағыз азамат атанатынына сенімді. Олар алдағы уақытта өз отбасына да берік болмақ. Ал, жоғарғы оқу орнының күндізгі бөлімінде оқып жатқандар шақырылымнан босатылса, сырттай негізде білім алатындар Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс. Сондай-ақ, несиесі бар ер-жігіттердің банктегі қарызы тоқтатылады. Бережағын әскерден келіп, еш пайыз өсімінсіз қайта төлеуді жалғастырады.

– Кең байтақ даланы ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, кейінгі ұрпаққа қалдырды. Енді біз де сол басты құндылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз тиіс. Оның үстіне, бүгінгі әскер – элиталық әскер. Кеңес үкіметі кезінде мұндай әскерге таңдаулылар ғана жіберілетін. «Ұлттық ұлан», мемлекеттік күзетке бойы 175 сантиметрден жоғары жастар ғана алынады. Оның да өз талаптары бар. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметіне де әскерлер аттанады, – дейді басқарма бастығы.

Тобықтай  түйін:

Ел тыныш болса, береке мен бірлік орнайды. Халық алаңсыз еңбек етіп, бейбіт өмір сүреді. «Ұланы бар елдің ұраны бір» демекші, ержеткен әр азаматтың парызы – әскери борышын өтеу. Ал, бұл кезеңге үлкен жауапкершілікпен қарау – бұлжымас  міндет.

 Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз