«БУДАПЕШТТЕ ЖАЙЫҚТАЙ БУЫРҚАНЫП ЖЫР ОҚЫДЫМ…»

Маржан ЕРШУ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері.

- Маржан, әңгімемізді Мажарстан туралы аздаған мағлұматтардан бастасақ?

– Тарихи деректерде, екі мың, тіпті үш мың жылдан бері, сақтардан бастап, сарматтар, ғұндар, яғни көшпенділер батысқа қарай жорық жасаған. Аттила (Еділ) деген құдіретті бабамыз ол жақта үлкен мемлекет құрғаны да тарихтан белгілі жәй. Ғұндардан кейін аварлар, оғыздар, одан кейін қыпшақтар да мекендеген мекен бұл. ХІІ ғасырларда Балқаш, Арал, Каспий, Қара теңіз жағалауын жайлаған түркі тайпаларының мекені Дешті Қыпшақ немесе Қыпшақ Даласы деп аталғаны тарихтан белгілі. Тарих бедерінде түрлі қырқысулар мен алапат соғыстар болып отырған.

Тарихқа көз жүгіртсек, ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығынан күйрей жеңілген қыпшақ ханы Көтен қырық мыңдай қолымен Карпат тауының қойнауында орналасқан Дунай жағалауындағы Мадиар корольдігінің сол кездегі 4-інші королі Бэладан қоныстанатын жер сұраған. Сол кездегі мажар тарихшыларының жазуы бойынша, Түркі Арпад әулетінен шыққан 4-інші король Бэла қыпшақтарды бауырым деп қарсы алады. Бұл оқиғаға байланысты Мажарстанның Қарсақ қаласында ескерткіш орнатылған. Король Бэла ұлына Көтен ханның қызын алып береді. Бэланың немересі, Көтен ханның жиені король Ласло билігі тұсында Мадияр патшалығында қыпшақтардың даңқы аспандайды. Қыпшақ тілі сарай тіліне айнала бастайды.

Христиан мемлекетіне түркілердің билік жүргізуінен қорыққан мадиярлар король Ласлоға у беріп өлтіріп, Папа 9-ыншы Иннокентий мажар қыпшақтарына манифес арнап , «Киіз үйде тұрып, көшіп-қонуды қойыңдар, Тәңірге сиынуды доғарыңдар, христиан дінін қабылдаңдар» деп әмір шығарып, қыпшақтарға қысастық көрсетеді. Ата дінін қимаған қыпшақтар атқа қонып Алтын Орда құзырына өтеді. Днепр казактарымен бірігіп, Мадияр еліне соғыс ашады. Пештке дейінгі жерді талқандағанын көрген соң католиктердің қарқыны бәсеңдей түседі. Арада екі жүз жыл өткен соң ғана қыпшақтар христиан дінін қабылдаған. Тарих осындай сыр шертеді.

Осы орайда есімізге Бейбарыс бабамыз түседі. Тарихта Бейбарысты қол астындағы бірде бір халықтың дініне қол сұқпаған әділ билеуші ретінде де таниды. Әлемге әйгілі түркітанушы ғалым, тегі қыпшақ Қоңыр Иштван Мандоки: «Шамандыққа байланысты әдет-ғұрыптарымыз жақсы сақталған. Бізге Ислам діні әсерін тигізген, алыстан ғана байқалады, Құраннан қалған дұғаларымыз бар, олар арабша айтылмайды, төл тілде айтылады. Балаларымызды сүндетке отырғызамыз» деп жазған.

– Қоңыр Иштван Мандокиды екі ел арасындағы алтын көпір деп білеміз. Сондықтан да, Қоңыр еңбектеріне көп жүгінеміз…

– Әрине, атақты түркітанушы-ғалым, этнограф , отыз екі тіл білген полиглот, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Қоңыр Иштван Мандоки – екі ел арасын біріктірер үлкен тұлға, үлкен қайраткер. Қоңыр Иштван Мандокидің ерлікке парапар еңбегі мен биік қайраткерлік тұлғасына Елбасымыз Н.Назарбаев та үлкен бағасын берген: «Қоңырдың екі ел арасындағы ұлы тарихи қандастықты жан-жақты дәлелдеп қана қоймай, ел мен елдің бірлігі, ортақ мәдениеттің гүлденуі, өзара қарым-қатынастардың кемелденуі жолында аянбай еңбек еткенін қазақ халқы мақтанышпен жадында сақтайды, үлгі-өнеге тұтады». Қоңыр Иштван Мандоки мажар тілдеріндегі тұрмыстық қолданыстағы бес жүзден аса сөз бен жер-су аттарының көне қыпшақ, қазіргі қазақ тілімен ұқсастығын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Мысалы: арқан, арпа, балта, алма, ұршық, қобыз, тезек, шанақ, т.б. сөздер, Өтеміс, Тазлар, Шеңгелі, Жыланшық деген жер-су аттары. Мақал-мәтелдерінің де бізбен ұқсастығын көрсеткен. Мысалы, «Аттың төрт аяғы болса да сүрінеді», «Аузы күйген сүтті де үрлеп ішеді», т.б.

– Мажарстанға келу сапарың туралы айта отырсаң…

– Әр халықтың да қасиет тұтар рухани қазынасы – кітап десек, кітапхана – рухани қазынаның алтын ордасы. Бүгінгі таңда кітапхананың беделін көтеру, кітап қорын толықтыру және сақтау, дамыған 50 мемлекеттің кітапханалары қатарына ену, бәсекелестілікке қабілеттілігін жетілдіру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кітапхана ісіне жіті мән беріп, қадағалап отыр. Қазіргі уақыт – ақпараттық технологияның қатты дамып, әлем мәдениеттерінің бір-біріне әсерінің күшейген заманы. Әлемдегі белді, белгілі кітапханаларымен өзара ынтымақтастық байланыс орнату, іс-тәжірибе алмасу кітапхана үшін аса маңызды.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева арнайы тапсырмамен мені Будапешт академиялық кітапханасы және Сегед кітапханаларымен өзара ынтымақтастық байланыс орнату мақсатында іссапарға жіберген еді. Осы екі атақты кітапханада іс-тәжірибеден өттім. Өзара ынтымақтастық байланыс та орнатылды. Будапешт академиялық кітапханасы, Сегед кітапханасы және Қоңыр Иштван Мандокидің жеке кітапханасынан ҚР академиялық ұлттық кітапханасына тарту-таралғы ретінде кітаптар сыйлады.

Будапешт академиялық кітапханасы туралы айтар болсам, кітапхана 1825 жылдың граф әулетінен тарайтын меценат Иштван Сеченидің бастауымен пайда болған екен. Ол өзінің бір жылдық табысын осы академияға арнапты. Кейін Абрахам Вай, Дьёрдь Андраши и Дьёрдь Каройи секілді сол заманның қалталы азаматтары академиялық кітапханаға өз қаражаттарын жұмсап, білім мен мәдениеттің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірген. Ғимарат сәулетші Фридрих Август Шютлердің жобасы бойынша тұрғызылған. 1826 жылдың Граф Каунт Телеки жеке кітапханасынан 30000 дана кітаптар мен қолжазбаларды кітапхана қорына тапсырады. Мажарстанның ғылымы мен мәдениетін дамыту, ілгерілету үшін жасалынған игі қадамдардың барлығында да мажарлық меценаттардың қолтаңбасы жатыр екен.

Будапешт – Еуропадағы түркология ғылымдарының ту тіккен орталығы болып саналады. Сегед университетінің Алтаистика кафедрасының профессоры, түркология ғылымында аты айшықты болып аталар, атақты түркітанушы, профессор Мария Иваныч маған өзінің жеке кітапханасын көрсетті. ХVІ-ХVІІ ғасырдағы ескі кітаптарды парақтап көрсеткенде, саусақтарымен кітап парақтарын аялап сипап, асықпай парақтап отырғаны маған қатты әсер етті. Айта кетерлігі, Будапешт академиялық кітапханасы мен Сегед кітапханасына өзімнің «Аламан», «Ерік Құрманғалиев» атты екі кітабымды сыйға тарттым.

– Осы сапар барысында мажарлар сенің шығармашылығыңмен де танысты.

– Бұл сапар мен үшін өте сәтті сапар болды. Будапешттегі Обуда аудандық әкімдігінің мәдени орталығында «Ерік Құрманғалиев», «Аламан» атты кітаптарымның таныстырылымы болды. Бұл кешке шығыстанушы ғалымдар, қаламгерлер қатысты. Кешті ұйымдастырған және жүргізген әрі маған аудармашы болған Мажар Ғылым Академиясының аға ғылыми қызметкері, түркітанушы-этнограф Давид Кара. Өзіміздің Айша Мандоки апамыз – «Қазақ-Мажар» қоғамының бір бөлімінде бастық. Екі ел арасындағы мәдени елшідей. Ол кісі маған ақыл-кеңесін айтып, көп көмек берді.

Давид студент кезінен шәкірт болам деп, Қоңыр Иштван Мандокиге барған екен. Айша апамыз Давидке Дәуіт деп қазақша ат қойыпты. Дәуіт десең, кәдімгідей қуанып қалады. Қоңырдың қамқорлығында есейген бұл мажар жігіті аса зерделі . Бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Қазақ тілінде жатық, акцентсіз сөйлейді. «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтады.

Кешіме қатысқан Мажарстандағы Әдет-ғұрыптар Үйінің хатшысы, музыкатанушы Агош Жевгелу де өнерпаз жан екен. Қобызшы, сыбызғышы бұл кісі домбыраны да жанына серік еткен. Қазақ халқының ескі әуендері мен мажар халқының әуендерінің мелодиялық ұқсастығын танытып, әндер шырқап берді. «Сонда бұл қай жақтың әуені болды екен» деп ойладым іштей. Тым әріден басталатын тамырластық бұл жерде де көрінді. Кеште өлеңдерімді оқып, шығармашылығым туралы айттым. Будапештте Жайықтай буырқанып жыр оқыдым.

Қуанарлығы, шығармаларым мажар тіліне аударылатын болды. Бұдан соң Сегед қаласына жол тарттым. Сегед 1246 жылы қала мәртебесін алған қала. Сегед кітапханасының да тамыры тереңде. Сегед университетінің Алтаистика кафедрасының түркология факультетінің студенттеріне қазақ тілі курсына Раушангүл, сенің қолқалауыңмен , кафедраның «Елтану курсы» бағдарламасы бойынша, «Батыс Қазақстан, Атырау аймағы. Тарихи орындары мен тарихи тұлғалары » тақырыбында дәріс оқыдым. Ақмешіт-Бекет Ата, Сарайшық, Қарой, Қарашүңгіл, т.б. тарихи орындар мен Бейбарыс, Махамбет, Құрманғазы, Дина, Хиуаз Доспанова, Асалы-Көкетай, Ерік Құрманғалиев, т.б. тарихи тұлғалар туралы және олардың өз шығармашылығымда көрініс тапқаны туралы айттым. Бекет Ата туралы деректер студенттерге қатты ұнады.

Бұл дәрісімнен соң жақсы хабар жетті. Келер жылы түркология факультетінің студенттеріне «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары және мәдени-әдеби мұрасы» тақырыбында бірнеше сағаттық дәрістер оқуға шақырту алдым. Бұдан соң Будапештте өткен Қазақстан Республикасының Мажарстандағы елшілігі, Мажарстанның Ғылым Академиясы мен Халықаралық Түрік Академиясымен бірлесіп Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған «Ұлы даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми конференциясына қатысып, сөз сөйлеп, өлең оқыдым.

– Анкарадағы Юнус Емре институтының Будапешттегі филиалында да «Аламан», «Ерік Құрманғалиев» атты кітаптарыңның таныстырылымы өткенін естідік…

– Бұл шара Будапешттегі Юнус Емре түрік мәдени орталығының директоры Якуп Гүл мырзаның қолдауымен өтті . Кітабымның таныстырылымына Мажарстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және тағы басқа танымал түркітанушы-ғалымдар қатысты. Кеш барысында түрік ақындарынан аударма оқыдым, қазақ-түрік әдебиетінің достығы туралы айтып, екі кітабымды Юнус Емре түрік мәдени орталығының кітапханасына сыйға тарттым.

– Мажарстан сапары өте жақсы өтті деген пікірдесің ғой?

– Әрине. Ел көрдім, ел таныдым. Мажарстаннан көптеген таныстар, достар таптым. Мажарлар қарапайымдылықты ерекше бағалайды екен. Сенің киіміңе емес, сөзіңе, сөзіңнің мәні мен дәміне назар аударады. Елден ерекшеленіп киім кигенді аса ұната бермейді. Бізде бір жерге барсақ, киімнен қысылып тұрасың ғой. Осы костюмінен басқа киімі жоқ па екен деп айтады-ау деп. Мажарлар кітапқұмар халық па деп қалдым. Паркте, метрода, трамвайда кітап оқып отырған адам көрсең, таңғалуға болмайды екен. Олар үшін бұл қалыпты жағдай сияқты.

Будапешт – өте әдемі қала. Буда қамалы, Геллерт тауы, Дунайдың аспалы көпірлері, Парламент үйі, Батырлар алаңы туристердің жанын баурайтын әдемі орындар. Мажарстан жер астынан шығатын минералды ыстық суларымен, хауыздарымен де даңқты. Бұл елде орта ғасырлық тарихи орындар мен ескерткіштер сол қалпында жақсы сақталған. Мажарлар ескілікті қатты құрметтейтін ел екен.

– Ел аралағанда адамның есінде қалатын ерекше бір сәттер болады ғой. Будапешттен не көрдің?

– Будапештте өзіме косметика сатып алмақ болып, косметика орталығына бардым. Ішін аралап жүрсем, ондағы мамандар бір жерге жиналып, мені саусақтарымен нұсқап әңгімелеп жатыр екен. Сөйтсем, олар менің бетімді әңгіме қылып жатыр екен. Косметолог мамандардың айтуы бойынша, менің бетімнің пішіні мен бетімнің терісі сирек кездесетін құндылық екен. Фотопробаға түсірейік десті. Рахмет дедім. Өйткені, мен өзімнің модельге емес, ақынға ұқсайтынымды жақсы білем ғой. Сосын Қадыр Мырза Әли ағамыздың мына бір өлеңін есіме алып:

«Жағдай жоқ деп шағынба,

Жыр-шарабын ішіп ал!

Жүнжіп кеткен шағыңда

Самолетпен ұшып ал!

Көсем-ойдың көзімен,

Бәрін көріп, біліп ал!

Жерде жүрген кезіңе

Көкте жүріп күліп ал!» – деп ішімнен бір күліп алдым да, Будапешттегі Астана көшесін аралап, осы көшеде бой көтерген Абай ата ескерткішіне арқамды сүйеп, суретке түстім. «Әсемпаз болма әрнеге…» деп айтқан ұлы Абай!..

– Әңгімеңе рахмет! Көріскенше күн жақсы болсын, Маржан! Елге сәлем айт!

 

Раушангүл ЗАХАНҚЫЗЫ,

Сегед университетінің Алтаистика кафедрасының қазақ тілі лекторы, филология ғылымдарының кандидаты.

 БУДАПЕШТ-СЕГЕД. 

(Арнайы «Атырау»

газеті үшін.)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз